Кеше Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандағы білім саласының өзекті мәселелері талқыланған кеңейтілген мәжілісі өтті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Оған аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудандық мәслихаттың депутаттары, дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық, ардагерлер және әйелдер кеңестерінің, ата-аналар және көше комитеттерінің төрағалары, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар қатысты.
Аудан басшысы ұрпақ тәрбиесі әрдайым өзектілігін жоймайтынын атап өтіп, жиынға қатысушыларды білім сапасын арттыруға, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырды.
«Әр баладан тұлға тәрбиелеу, азамат өсіру, маман дайындауда да басты тірек – ұстаздар қауымы Сіздерсіздер, ал жақсы істі жүзеге асыратын негізгі алаң – өңіріміздегі білім ордалары. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. Бабалар көшінің сүрлеуінде даналыққа толы тағылымды тәрбие дәстүрі жатыр. Есті қазақ: «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген. Тәрбие – тектен. Бұқара болып бірігіп, бұзақылықты тия алмасақ, арты небір өкінішті жағдайларға әкеп соғуы ықтимал. Өкініштісі сол, қазірдің өзінде болып жатқан ауыр жағдайлар осыған дәлел. Бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе де – балалар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың, балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар. Жыл басында өзге өңірлерде болған жағдайлар облыс төңірегін дүр сілкіндірді. Абайсыздық пен қатыгездік арасы бір-ақ қадам екені аңғарылады. Біз болған істі болмаған қылып, жымын білдірмей жасырудың шеберіміз. Алайда ауруын жасырған адамның алысқа бармайтынын ұмытпауымыз керек. Полиция бөлімінің ақпаратына сәйкес, ауданда осы жылдың 4 айында әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген балаларды анықтау бойынша 215 дерек тіркелсе, жасөспірімдердің ортақ пайдалану орындарын ластаған 6 дерегі болған. Өздеріңіз аңғарып отырғандай, дерек өсімі бар. Бұл дегеніміз – баласын қадағалайтын ата-ана жауапкершілігінің азайғаны, ата-анаға ықпал ететін полиция қызметкерлері мен мектеп те мәселені бақылаусыз қалдырғанының жемісі», – деді Аманжол Сақыпұлы.
Аудан әкімі бұл деректердің көңіл көншітпейтінін жеткізіп, аталған бағытта жұмыстарды жандандыруды жүктеді.
Кеңейтілген мәжілісте аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрбек Шегебаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова атқарылған жұмыстарды баяндады.
Мұнан бөлек, мәжілісте балалар қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Биылғы жазғы маусымда 803 бала «Қамбаш» жазғы тынығу лагеріне, 8 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерге баруы жоспарлануда Аудан басшысы барлық оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті шараларды қазірден бастап қабылдауды талап етті.
Жиында тұрақты рейдтерді күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде құқықбұзушылық, буллинг, лудоманияның зияны, тағы да басқа тақырыптарды ақпараттандыру, кәмелет жасына толмағандар арасындағы профилактикалық жұмыстар бойынша тапсырмалар берілді.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болу білім деңгейімен өлшенеді. Ауданның білім беру саласының алдында Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын ауқымды міндеттер тұр. Білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Атап өту керек, аралдық талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді аудан орталағында тапсыратын болады. Яғни, ҰБТ пункті болып Ұ.Қараманов атындағы № 262 мектеп-гимназиясы таңдалды. Оқу жылын 942 түлек бітірсе, 682-сі тестке қатысуға ниетті.
Аудан басшысы бұл тұрғыда өткен жылғы межеден төмен деңгейде болмау үшін дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп, мектептердің көрсеткіштеріне қатысты жан-жақты талдау жасауды тапсырды.
Аудан әкімі алқа мәжілісінде биылғы жылдан бастап барлық мәдениет мекемелерінің жанынан жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелерді қамтитын «Адал адам» орталықтары құрылып, жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Осыған сәйкес, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттаудың рөлін ерекше атап өтіп, аудандағы мәдениет және спорт мекемелері білім бөлімімен бірлескен түрде балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын кешенді түрде үйлестіруді тапсырды. Ал, отбасын қолдау орталығы, қала, кент және ауылдық оркуг әкімдерімен бірлесіп, түрлі санаттағы отбасыларға талдау жасап, арнайы сенім телефондарының тәулік бойы анонимді жұмыс істейтіндігі туралы түсіндірме жұмыстарын көбейту керек.
Мәжілісте аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төреахметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов, білім беру саласының ардагері Сағатай Құдайбергенова, көше комитеттері кеңесінің төрағасы Аманжол Жолмағанбетов сөз алып, тәртіп мәселесіне жайбарақаттық танытпай, балаларымыздың заман ағымына сай саналы тәрбиемен, сапалы біліммен қамтуда бүкіл қоғам болып қызмет етуге шақырды.
Жиын соңында аудан басшысы барлық жауапты мекемелерге балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауды, ортақ іске барынша атсалысуды тағы да ескертті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!