Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Таза Қазақстан» акциясының маңызы мол

16.04.2024, 11:55 1054

Облыс аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Киелі мекен» апталығы бастау алды. Сыр өңірі – ежелден тарихи-мәдени ескерткіштер мен кесенелерге бай өлке. Мұнда мемлекет қорғауына алынған 567 тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Осы ретте, 14-20 сәуір аралығына жоспарланған «Киелі мекен» апталығында барлық тарихи-мәдени ескерткіштер, тарихи-өлкетану музейлерінің аумақтары абаттандырылады.

Акцияның алғашқы күні Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш», Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға қойылған белгі, Амангелді Иманов, Жанқожа Нұрмұхамедұлы ескерткіштерінің маңайы тазартылды.

Игі бастамаға аралдықтар да атсалысып, аудан тұрғындары «Балықшылар музейінің» ауласын көркейтті, Әбдіжәміл Нұрпейісов музейі аумағында әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Аталған шараға мәдениет және өнер саласының қызметкерлері белсенді қатысты.

Қазалы ауданының тұрғындары да акцияға ерекше қолдау білдіруде. Олар «Жанқожа батыр» кесенесі мен Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейіне келіп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, қазақ хандығының астаналарының бірі болған «Жанкент» қалашығы мен «Бегім ана» мұнарасы, «Кердері» кесенелерінің аумақтары да абаттандырылды.

«Киелі мекен» апталығында қармақшылықтар түркі жұртына ортақ қасиетті орын «Қорқыт ата ескерткіш-кешені» мен «Марал ишан», «Қалқай ишан» кесенелеріне тазалық жұмыстарын жүргізді.

Ал, жалағаштықтар Бұқарбай батыр және Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіштердің, «Түмен әулие» кесенесінің аумағына жиналды. Ағаш көшеттерін отырғызып, күл-қоқыстан тазартты.

Сырдария ауданындағы «Асанас», «Қышқала» қалашықтары мен «Қалжан ахун» мешіт-медресесі аумағы тазартылып, игі бастамаға тұрғындар белсене атсалысты.

Шиелі ауданындағы «Оқшы ата» қорымының айналасына да тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.

Жаңақорғандағы «Қорасан ата» кесенесі мен «Сығанақ» қалашығы, басқа да тарихи-мәдени ескерткіштер маңы қоқыстан тазартылды.

Аталған акцияға аудан тұрғындары, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, сала ардагерлері ерекше қолдау білдірді. Жалпы «Киелі мекен» апталығындағы сенбілікке 3000 адам қатысты, 100-ге жуық іс-шара өтті. Тарихи-мәдени нысандардың маңайына 5000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.

Апта соңына дейін «Жалаңтөс баһадүр» ескерткіші, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіш», С.Қожанов, Ы.Жақаев бюсттері мен Мұстафа Шоқай, Бұқарбай Естекбайұлы, Ғани Мұратбаев ескерткіштері, Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сенбілікке қатысып, Тұңғыш Президент атындағы саябақ пен Рәміздер алаңы аумағына ағаш екті. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің бірқатар аймағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Науқан 5 аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты белгіленген.

Мәселен, науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталып, тұрғындар, қоғам белсенділері мен мекемелер өз аула-жайын тазартты. Одан соң «Киелі мекен» апталығы кезінде қала аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы абаттандырылады. Ал «Жасыл аймақ» апталығында ағаш егу жұмыстары жүргізіледі. Жас буын «Өнегелі ұрпақ» апталығы кезінде ардагерлер мен Қарттар үйінің ауласын жинап, қолғабыс жасайды. Ал акцияның соңғы аптасы «Мөлдір бұлақ» тақырыбымен өтіп, өзен-көл жағасы тазартылады.

Осы ретте, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны басталғаны туралы үндеу жариялап, тұрғындарды тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырды.

Бүгінгі сенбілікте Қызылорда қаласы аумағына 2000-ға жуық түп көшет отырғызылды. Студенттер, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, еріктілер Тұңғыш Президент, Денсаулық және демалыс, Б.Шөкенов атындағы саябақтар мен С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының, бірқатар мектеп пен балабақша аумағын тазартты. Іс-шараға барлық елді мекен тұрғындары, еңбек ұжымдары мен белсенді жастар қатысуда. Акцияға облыс бойынша 1119 мекемеден 14611 адам үлес қосты, қоқыс жинауға 219 арнайы техника тартылды. Жұмыс аяғында полигондарға 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Айта кетейік, өткен жылы абаттандыруға республикалық және облыстық бюджеттерден 6,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұған 51 жоба жүзеге асырылды, 77 шақырым болатын 58 көше жарықтандырылды, 39 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, 6 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылды. Тағы 17 көпқабатты тұрғын үйдің 5 аулаішілік аумағы абаттандырылды. Демеушілер есебінен қаладағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері қапталып, 1 млрд теңгеге Қызылорда қаласының орталық алаңы көркейтілуде.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: