Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаламмен өрілген өмір

11.04.2024, 10:20 358

Қолымдағы КСРО және Қазақстан Жазу­шылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Құрмет белгісі орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Әлмәмбет Әлішевтің 85 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференцияға шақыру қағазы мені тылсым ойға жетеледі. Тебірене толқып, абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың жазу өнері туралы «Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыпты ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы – мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу Адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен  ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді» деген ұлағатты сөзін қайтара  жадыма  түсірдім.

1989 жылы ауылдан аудан орталығына көшіп келдік. Жаңа көршілеріміз өте кіші­пейіл, меймандос керемет жандар екен. «Ұлық болсаң, кішік бол». Сол тұста Револю­ционный (қазір Бекарыстан би) аталатын көшенің тұрғындары бізді жатырқаған жоқ. Бәріміз туыс-жекжаттай жақын араласып кеттік. Көпшілікке есімдері жақсы мәлім көршілеріміз өте қарапайым, кішіпейіл жандар екен. Әсіресе атағы алатаудай айбарлы жазушы-публицист Әлмәмбет Әлішев ағамыз­дың отбасымен біздің үй жылы сыйлас­тықта болдық. Бәлкім оған Әлекеңнің жұбайы Нағима апай мен менің анамның рулас­тығы (екеуі де Қаракесектің қызы) септік еткен шығар. Соған орай, екі отбасының отанасы апалы-сіңлі есебінде бірін-бірі жақын тартты. Сол үрдіс қазір де жалғасуда. Қос әулеттің перзенттері, біздер, бір-бірімізді «бөле» деп есептейміз.

Әлмәмбет ағаның «Батыр болып тумайды» атты туындысын мектеп қабырғасында жүргенде сан мәрте қайталап оқығаным бар. Араға уақыт салып Әлекең ағамыз басшылық жасайтын «Тұран-Қазалы» газетінде жұмыс істегенімді өзіме мәртебе санаймын. Менің журналистика саласына келуіме бірден-бір ықпал еткен, «арқалағаны – алтын, жеге­ні – жантақ» жауапкершілігі мол саладағы алғашқы ұстазым Әлекең ағамыз тұғын. Әрі бұл жайт тіпті тосыннан өрбіді. Бірде кездейсоқтық па, әлде сол тағдырымның жазуы болды ма, дәл редакцияның алдында көршіміз, қарымды қаламгер, Қазалы журналистикасының ақсақалы іспетті Әлмәмбет Әлішев көкеммен бетпе-бет кездесіп қалдым. Әлекең ағамыз менің әкемді жақсы бағалайтын. Қос қолымды ұсынып сәлемдесіп, отбасы амандығын сұрадым. Ағамыз еңсегей бойлы адам еді. Ол кісінің жүзіне тура қарауға анау-мынау адам  жасқанатын.

Анасы – Собық, жұбайы – Нағима және балалары

– Жұмабек, сен қайда жүріп жатырсың? – деді.

Мен өзімнің шаруашылық қоймасын жеке­ге алып,  кәсіппен айналысып жатқанымды  айттым.  Ағам  үнсіз  басын  шайқады.

– Жұмабек, сен сауданың емес, жазудың адамысың, қаламыңды тастамауың қажет. Сенің бір-екі жазған өлеңіңді көзім шалып қалды. Үйде жинақталған өлеңдерің бар ма? Болса ішке әкел. Редакциядағы жігіттерге беріп  кетерсің, – деді.

Мен абдырап қалдым. Олай дейтінім, Әлмәм­бет Әлішевтей танымал тұлғаны мен сияқты қарапайым тірлік кешіп жүрген адамға ондай ықылас-пейіл білдіреді деп ойламаған едім. Үйде туған жер, әке-ана, жазуды жаңадан бастап, өзін жазу жолына енді ғана бейімдеп жүрген адамдар сияқты түрлі тақырыпта жазған оншақты өлеңім болатын. Солардың ішінен  іріктеп-іріктеп, редакцияға алып бардым. Редакцияда Әлекеңмен тағы да ұшырасып қалдым. Мен жазғандарымды жігіттерге беріп кеткім келген. Әлекең кабинетіне шақырды. Аз-кем әңгімелестік. Сөйтіп ағама өзімнің жазған өлеңдерімді әкелгенімді айттым.  Ол  кісі  асықпай  мұқият  өлеңдерімді  шолып шықты да, үнсіз басын изеді. Әлекең­нің қасында ұзақ отыруға шама қайда, қош­тасып шығып кеттім. Көп ұзамай «Өлең өлке­сінде» деген айдармен менің бір топ өлеңім суретіммен  қоса  жарық  көрді.

Сол күннен бастап менің жазуға деген құлшын­ысым арта түсті. Тағы бірде өлеңдерімді Әлекеңе және апардым. Сол кездесу­де Әлмәмбет ағамыздың айтулы күйші болғанын, тіпті қазақ елінің даңқты перзенті Дінмұхам­мед Қонаевтың алдында күй тартып, өнер көрсеткенін естігенде айран-асыр қалдым. Әлекең сол кездесуді асқан шабытпен әңгімелеп бергені соншалықты, көз алдымнан құйқылжыта тартылған домбыра, аспанда қалықтап жүрген аққулар елестеді. Әңгіме аяқталған соң, көрші бөлмеге барып, Раушан­бек Сейтенов ағамнан қағаз-қалам сұрап  алып, сол  жерде  «Күй құдіреті» деген өлең жазып тастадым. Сөйтіп Әлекеңе қайта кірдім. Ағам бірден баспаға берді. Осылайша мен «Қазыналы Қазалы» газетінде тілшілік қызметке кірістім. Үш ай сынақпен жұмыс істейтін болдым. Алғашқы мақаламда кезінде өзім білім алған №204 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің «Жыл мұғалімі» атанған ұстазымды жаздым. Мектеп шабыт берген болу керек, үлкен әсермен жазып шықтым. Әлекеңнен жылы сөз естігенде төбем көкке жеткендей қуандым. Редакцияның тапсырмасын уақытылы, дер кезінде жазып тастағаным соншалықты, Әлекең «тәжірибемен өту» деген үш ай сынақ мерзімді қысқартып, тұрақты жұмыс­қа қабылдады. Осылайша әдеби қыз­меткер, яғни журналист ретінде алғашқы қадамым басталды. Редакцияда танымал қаламгер Раушанбек Сейтенов және Сахи Қапа­ровпен қатар жұмыс істедім. Раушанбек аға  ақыл-кеңесін аямай, жазу жолына қалыптасып  кетуіме  үлкен  әсерін  тигізді.

«Отбасының сәні – сыйластық, достың сәні – қимастық» деген бар. Әлішевтердің әулетін­де бұл қағида берік сақталған. Әлекең­нің жұбайы Нағима апай өте сырбаз, нағыз педа­гог болатын. «Тектінің тұяғы», ғұлама Шоймағанбет ишанның немересі, мешіт ұстаған Омар мақсымның қызы, өскен-өнген әулеттің отанасы болатын. Әлмәмбет Әлішев сынды ел ағасының жары Нағима Омар­қызының бойынан нағыз қазақ анасына, қазақ әйеліне тән игі қасиеттің баршасы табылатын. Қасиетті Құран Кәрімде «Алланың берген жасын ешкім ұзарта да, қысқарта да алмайды» деп жазылған. Бұл күнде Әлекең аға да, Нағима апай да өздері ғұмыр бойы адал еңбек еткен Қазалысының қасиетті топыра­ғында мәңгі тыныстап жатыр. «Адам ұрпа­ғымен мың жасайды» деседі. Әлекең ағамыз бен Нағима апайдың салған ізін ұрпақтары даңғыл жолға айналдырған. Әлмәмбет аға дүние­ден озған соң Нағима апай да көп ұзамады. Ағамыздан кейін жылға толмай апай да бақиға аттанды. Құдды, ғұмыр бойы көңіл күйін қас-қабағы­нан таныған азаматын мәңгілік өмірде де жалғызсыратқысы келмегендей… Алла алдарыңыздан  жарылқасын!

Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген лебізінен көпшілік жақсы хабардар. Марқұм Әлекең ағамыздың бойында осынау игі қасиет­тердің баршасы болғаны көз көргендерге жақсы мәлім. Олай демегенде ше? Бір сәт ағамыздың өмір дерегіне көз жүгір­тейікші. Онда:

«Әлмәмбет Әлішев 1939 жылы 14 сәуірде Қазалы ауданы, Аранды ауылдық советінде, «Сағындық» деген жерде туған.

Әкесі – Үмбетәлиев Әліш 1906 жылы дүние­ге  келген. Совет  органдарында  жауап­ты қызмет атқарып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Анасы – Үмбетәлиева Собық 1916 жылы дүниеге келіп, 1988 жылы өмірден озған.

Әлмәмбет Әлішев – жоғары білімді.  1966 жылы С.М.Киров атындағы Мемле­кеттік университетінің журналистика факуль­тетін бітірген. 2003 жылдан аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің бас редакторы, «Тұран-Қазалы» ЖШС-нің директоры болып істеді. 2019 жылдың  17  шілдесінде  өмірден  озды.

Әлмәмбет Әлішев 1957 жылы №24 Октябрь қазақ орта мектебін (қазіргі Ү.Түкті­баев атындағы №24 мектеп) бітірген соң, еңбек жолын «Октябрь» колхозында шопан болып бастаған. Алғашқы өлеңдері Қазалы аудандық «Социа­листік жол» газетінде 1957 жылы басыл­ған.  Жас шопан аудандық газетке әртүрлі тақырыпта  мақалалар  жариялаған.

Әлмәмбет Әлішев журналистика саласында 1959 жылдың қаңтарынан бері қызмет атқарды. 1959  жылдың  қыркүйек  айында  отба­сы жағдайына байланысты Алматы облысы, Іле ауданының орталығы Талғар қыс­тағына көшіп барып, аудандық газетте орын болмауына байланысты, Іле аудандық мәдениет үйінің қазақ үйірмелерінің көркемдік жетекшісі болып істеген. 1960-1961 жылдары Алматы қаласында шығатын, Қазақстан мен Қырғызстанға тарайтын республикааралық «Теміржолшы» газетінде әдеби қызметкер, кейін аппараттағы арнаулы тілші қызметін атқарған. 1961 жылдың қазан айында зайыбы Нағима Омароваға Алматының ауа райы жақпауына байланысты дәрігерлердің кеңесімен  туған  жері  Қазалы  ауданына  қоныс  аударған.

Әлекең Қазалы аудандық комсомол коми­тетінің бірінші секретары, Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орын­басары, Қазақстан Компартиясы Қазалы аудан­дық комитеті саяси-ағарту кабинетінің меңгеру­шісі, Қазалы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгеру­шісі, Қазалы аудандық «Ленин туы», кейін «Қазына­лы Қазалы» газетінің редакторы болып  жұмыс  істеді.

1990 жылдың 5 мамырында Әлмәмбет Әлішев­ке Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығы­ның лауреаты, 2009 жылы Қазақ­станның  Құрметті  журналисі атағы берілген.

Әлмәмбет Әлішевтің газет беттерінде жария­ланған туындыларына кезінде қазақ­тың көрнекті  ақыны  Асқар Тоқмағамбетов, Сейіт­жан  Омаров, Өтебай Тұрманжанов жылы  лебіз  білдірген  еді.

Ә.Әлішев Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық апаттың зардаптары жөнінде арнайы зерттеу жүргізіп, баспасөзде проблемалық мақалалар жазды. Соның бірі 1988 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Арал тағдыры» кітабында басылды. Қазалы ауданын Арал ауданымен бірге экологиялық апат аймағы деп жариялатуда Ә.Әлішевтің тындырған  еңбегі  орасан  зор.

Ә.Әлішев республика халқына әскери-патриот­тық тәрбие беруге де қомақты үлесін қосты. Қазалы жерінде туып, Латвия Респуб­ликасында теңдесі жоқ ерлік жасап, қаза тап­қан Совет Одағының Батыры Үрмәш Түкті­баевтың өмірі мен жауынгерлік жолын ұзақ жыл зерттеп, кейбір құжатта «Ормаш Түйте­баев», «Орман Тоқтыбаев» болып қате жазыл­ған аты-жөнін қалпына келтіріп, Латвияға өзінің жеке қаржысы есебінен алты рет барып, батырдың бұрын қолда болмаған суретін және қабірін тапқан. Сүйегі жат жерде қалған Үрмәш Түктібаевты тірілтіп, туған халқына қайта қауыштырып, батырдың есімінің елге танылуына ерекше еңбек сіңірген.

Әлмәмбет Әлішевтің «Үрмәш Түктібаев» (кейін орыс және латыш тілдеріне аударылды), «Батыр болып тумайды», «Ат тұяғын тай басар», «Бәйтеректің бұтағы» атты төрт кітабы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған. Бұл шығармалар кезінде Қазақстанның 19 облысына  кеңінен  таралған»  деп  жазылыпты.

«Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Пуб­лицист-жазушы Әлмәмбет Әлішев ағамыздың есімі жылдар өткен сайын жарық жұлдыздай жарқырай  бермекші.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданының  құрметті  азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: