Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СЕБЕП пен САЛДАР немесе Қазақстан ажырасудан әлем бойынша екінші орында

28.03.2024, 11:40 953

Қазақстанда ажырасу көп деген онша көзге көрінбеуші еді. Тіпті, әлем бойынша екінші орында тұр деген статистика сандырақ секілді естілуі мүмкін. Бірақ Petrelli Previtera отбасылық мәселелерді құқықтық зерттеу порталы ажырасу бойынша әлемдік статистиканы жариялағанда таңданыс тудырдық. «Айта-айта Алтайды…» болған  ажырасу тақырыбы күрделі мәселеге айналғалы қашан. Жыл сайын жаңа статистика жаға ұстатады. Тағдырдың түрлі жолағы жұптарды екі жолға қайта бөліп жатады, ол – тағдыр. Ал себепсіз ажырасып жатқандардың жайы – шынында мәселе. Демек, біздің елде әлі де тұрмыстық зорлық-зомбылық, сенім мен түсінісу тақырыбы жас отбасылардың жанаспаған дүниесі болып тұр. Осы орайда отбасыларға психологиялық, моральдық көмек көрсететін орындардың жүмысы жұқалтаңдау дегенге саяды. Һәм мамандарға барып, көмек сұрау сауатының жоқтығы жасырын емес. Әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орынға көтерілген ажырасу әлеуеті бойынша ranking.kz облыстардағы жаңарған цифрларға жеке-жеке тоқталыпты. Сонымен, Қазақстанның қай қаласында ажырасу дерегі көп тіркелген?

2023 жылдың қаңтар-желтоқ­сан айларында елде 120,9 мың жұп неке қиды, бұл бір жыл бұрынғыдан 6%-ға аз. Негізінен, осы көрсеткіш Қазақстан Республикасы бойынша рекорд­тық төмен көрсеткішке айнал­ғанын атап өткен жөн. 2016 жыл­ғы есепті қоспағанда динамика бойынша некелердің ең нашар жылы болған 2008 жылдың өзінде Қазақстан  Республикасы  хал­қының саны сол жылдары 16 миллион адамға жетпегеніне қара­мастан, 1 жылда 135 мыңнан астам жұп некесін қиған. Бірақ бұл жыл – осы ғасырдағы бірінші ауыр жаһандық дағдарыстың шыңы  болды.

Қалаларда 2023 жылғы қаң­тар-желтоқсан айларының со­ңында тіркелген некелердің саны 6,4%-ға (80 мыңға) дейін, ауылдарда 5,1%-ға (40,9 мыңға) дейін азайды. Өңірлер бойынша ең көп неке Алматыда болды. Яғни бір жылда 13,1 мың жұп некелескен. Мұның өзі алдыңғы жылмен салыс­тырғанда бір жыл бұрынғыдан  4%-ға  аз.

Одан кейінгі орында – Түркістан облысы. Онда бір жылда 11,8 мың мың жұп отау құрса, Астанада 10,4 мың жас шағын мемлекет болуға қадам басыпты. Ең аз неке Ұлытау облысында тіркелген – 1,5 мың.

Ажырасудың ең көп саны да Алматыда тіркелді – 2,3 мың, бір жыл бұрынғыдан 2,1%-ға аз. Одан кейін Қарағанды облысы (1,5 мың ажырасу) мен елорда (1,5 мың) келеді. Ең аз ажырасу Ұлытау облысында (198)  болған. (1-кесте)

Қазақстанда 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының соңында неке қию көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,46-дан 6,07-ге дейін төмендеді. Некенің ең жоғары көрсеткіші елордада тіркелді – 1000 адамға шаққанда 7,46. Үздік үштікке Ұлытау мен Алматы облыстары да кірді. Ең төменгі көрсеткіш – Түркістан облысында.

Мамандар еліміздегі ажырасудың негізгі себебі туыстарының араласуы (61%), моральдық шектеулердің жоқтығы (41%), ажырасу процесінің жеңіл болуы (25%) екенін атап өтті.  (2-кесте)

Бір қызығы, ажырасу көрсеткіші жоғары болғанымен, қазақстандықтар неке институтын әлі де жоғары бағалайды. Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстан жастарының 82,5%-ы (18-29 жас) өз болашағын некеде және балалы болуда деп көреді. Бұл да – әлеуметтанушылардың зерттеуі нәтижесінде пайда болған ста­тистика.

Ажырасу дерегі көп тіркелген елдердің алғашқы ондығына Гуам, Ресей, Молдова, Беларусь, Қытай, Аруба, Литва және Доминикан Республикасы кірді.

Дәл осындай ажырасу көрсеткіші Қазақстан  Республикасында және Дүниежүзілік халық шолуы бойынша 2024 жылдың басында 1000 адамға шаққанда 4,6 коэффициент болды. Бұл рейтингте Қазақстан әлем бойын­ша ажырасу көрсеткіші бойынша 105-тен  2-орынға  ие  болды.

Мальдив аралдары бұрын­ғысынша «көшбасшы» болып тұр. Қазақстаннан кейін Ресей (1000 адамға 3,9 коэффициентпен), Беларусь (1000 адамға – 3,5) және Қытай (1000 адамға – 3,2)  келеді.

ТМД елдерінің ішінде ажырасудың жоғары көрсеткіші Молдовада (6-орын, 1000 адамға – 3) және Украинада (7-орын, 1000 адамға – 2,9)  тіркелген.  Рейтинг­тің ортасында Қырғызстан   (55-орын), Әзербайжан (67-орын), Тәжікстан (68-орын) орналасқан. Бірақ  Өзбекстанда  ажырасу  көр­сет­кіші 1000 адамға 1,1-ді ғана құраған, бұл – 80-орын. Армения­да осындай деректер бар – 1000 адамға 1,1 және әлемде 84-орын.

Ажырасулардың ең төменгі көрсеткіші Үндістан, Мозамбик және Кения сияқты елдерде тіркелген. Әрине, бұл елдерде бақытты неке бар дегенді білдірмейді,  тек  құқықтар  жағдайы нашар, бюрократиялық кедергі­лер және қатал әлеуметтік нор­ма­лар  бар. (3-кесте)

Сізге ұсынған ажырасу статис­тикасы ресми некелескендердің нәтижесі ғана. Азаматтық некеде тұрып, кейін екі жаққа кеткендер бұл тізімге енбеген. Өйткені, олар туралы нақты қорытынды цифр шығару қиын. Демек, бұл – еліміз бойынша өсім артпаса, кемімейді деген сөз. Сонымен бірге үй алу үшін өтірік ажырасқан жұптар да жоқ емес. Олардың саны статистиктердің «құрығына» ілінбей отыр. Әйтпесе, «мәренің» басында тұрар ма едік?! Мәселені көрмей қалу – қателік, ал көре тұра елемеу – күнә. Күнәға бой алдыр­ғымыз келмеген соң, қоғамда болып жатқан дүниені тілге тиек еттік. Айтылған дүниелер жария­ға жар салып, мақтанатын цифр емес, десе де елдегі ахуалды әр тұрғын білгені маңызды. Ажырасудың себептерінен бұрын, одан кейінгі салдардан туындайтын қиындық көп.

Е.ҚАЛИЕВ.

Кестелерді  жасаған  автор.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: