Профессор, тарих ғылымдарының докторы және Геральдика кеңесінің мүшесі Қаржаубай Сартқожаұлы Қазақстанның елтаңбасын өзгерту бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысына қарсы екенін білдірді, деп жазады Азаттық радиосы.
Ол Қазақстанда елтаңбадан бөлек шешілмей жатқан мәселелер көп деп есептейді.
«Біз енді ғана колонизациядан шығып жатырмыз. Бұл елтаңбада шаңырақтан бастап кереге, желбау және елдің аталуына дейін біздің барлық ұлттық белгілеріміз бар. Скиф дәуірінен бергі барлық байлықтарымыз бен салт-санамыз бар», – деді Сартқожаұлы.
Ақпан айында билікшіл «Жаңа адамдар» қозғалысы Астана мен Алматыда 500-ден астам әртүрлі жастағы адамдар арасында елтаңбаға қатысты сауалнама жүргізгенін мәлімдеген.
Ұйымның айтуынша, респонденттердің 70%-ы елтаңбаны танымаған, яғни «жекелеген элементтердің мән-мағынасын түсінбейтінін айтқан».
500 адам арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы көп ұзамай Атырауда президенттің аузынан шықты.
Атыраудағы сөзінде Тоқаев елтаңбада совет кезеңін еске салатын белгілер барын меңзеді. Көбі «президент елтаңбадағы жұлдызды айтып тұр» деп топшылады.
Қазіргі елтаңба 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ақпаратқа қарағанда, олар байқауға дейін бір-бірін өмірде көрмеген, араласпаған. Бірақ олар ұсынған жоба бір-біріне ұқсас болған деп айтылады.
Әлем елдерінде елтаңба әртүрлі пішінде болуы мүмкін. Қазақстан елтаңбасы дөңгелек пішінді. «Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы» деп түсіндіріледі.
Елтаңбадағы шаңырақ, уық, кереге, пырақ, қошқармүйіз және өзге де элементтердің мәні Ақорда сайтында толық түсіндірілген.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!