Бұл мәселені кімге айтып шағымданамыз?
Қазір Астанадағы көпқабатты үйлердің арасынан үлкенді-кішілі гүл бақтары ашылды. Жылдың қай мезгілінде болсын, тұрғындар таза ауа жұтып, серуен құрып, балалар да онда ойынның қызығына бататынын көріп жүрміз. Алайда қыстыгүні осы гүл бақтары ит сарып, тіпті нәжісін қалдыратын жерге айналғаны өкінішті-ақ. Сорақылықтың көкесі сол, көктемде қар ерігенде қаладағы парктердің, көпқабатты үйлердің жанындағы гүл алаңдарының, аулалардың көпшілігі үлкен иттің дәретханасына ұқсап кетеді.
«Қыста ұлымды далаға таза ауаға жиі-жиі шығарамын. Сарырқа көшесіндегі «Астана» спорт кешенінің жанындағы гүл алаңына барамыз. Балам қолына күрек алып, қарды қазып ойнайды. Ұлым қарды қазам деп отыра қалған жердің бәрінен сап-сары болып жатқан иттің нәжісін көреміз. Гүл бағы деген таза ауа жұтатын, демалатын жер ғой. Қазір тіпті біз үйден шыққанда көпқабатты үйлердің жанынан өтіп бара жатып, иттің, адамның нәжісін көреміз. Бұған неге құзырлы мекемелер назар аудармайды?» дейді Астананың тұрғыны Күлзипа Бейсенқызы.
«Выгул собак запрещен» деп орысша жазылған мәтін ілулі тұрған күннің өзінде, көбінесе орыс ұлтының өкілдері ит қыдыртып жүреді. Олар иттің нәжісін арнайы пакетке салып алуға міндетті. Эколог-мамандардыңдың айтуынша, қардың суымен еріген нәжіс су қоймасына барып, тірі ағзаны зақымдайтын патоген түзеді. Сол суды ұстаған адамда тері аурулары пайда болады. Иттің нәжісінен бөлінген жұғымды заттар адам шомылатын суды жарамсыз қылатын өсімдіктердің қаулап өсуіне алып келетін көрінеді.
Иттің өзінде ешқандай ауру болмаса да, оның нәжісінде адамдар мен үй жануарларына зиянды бактериялар мен паразиттер болуы мүмкін. Оны жұқтыру үшін нәжісті ұстаудың қажеті жоқ, себебі ол бактериялар шыбын-шіркей, үй жануарлары арқылы адамға жұғады. Тіпті, дәрігерлер иттің нәжісінде домалақ құрттар, сальмонелла, ішек таяқшасы, лямблия, лептоспир, парвовирус, колиформдық бактериялар сияқты жұқпалы ағзалар болуы мүмкін екенін айтып, сақтандырады. Сонда қала ішіндегі шағын гүлбақтарды, кең аулаларды иттің дәретханасына айналдырған ит асырайтын адамдардың арсыздығын, немқұрайдылығын, жауапсыздығын кімге айтып, кімге шағымданамыз?!.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
журналист.
Астана қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!