HALYQLINE.KZ –| Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов неліктен кей қазақстандықтың 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді екінші рет ала алмай отырғанын түсіндірді.
Министрдің айтуынша, бүгінде төлемді 4 миллион 539 мың адам алған. Бұл бағытқа бюджеттен 193 миллиард теңге бөлінген.
– Төтенше жағдай режимінің алғашқы айында, яғни 16 сәуірге дейін 3 миллион 735 мың адам төлем алды. Бұл адамдар төлемді екінші рет алуға құқылы. Біз мамыр айының басынан бастап төлемді жүргізе бастадық. Демалыс күндерінің алдында 5-6 мамырда екі миллионнан астам тұлғаға төлеу үшін шешім шығарылды. Біз банктерге 99 миллиард теңге бөлдік. Кей азамат әлеуметтік төлемді алып үлгерді. Алайда демалыс күндері банктер жұмыс істемеді, бірақ бүгіннен бастап азаматтар 42500 теңгені алып жатыр. Бұл төлемдер алуы тиіс басқа адамдарға да тағайындалады, – деді министр Үкімет үйінде өткен онлайн-брифингте.
Бұған дейін министр Қазақстанда 11 мамырдан бастап 42500 теңге төлемақысын беруге өтініш қабылдау тоқтатылғанын атап өткен болатын. 11 мамырға дейін түскен өтініштерді Еңбек министрлігі қарастырады және оң шешім шығарылса, төлем жүргізіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!