Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егін жинау науқаны қорытындыланды

07.11.2023, 14:55 246

HALYQLINE.KZ

Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының қорытындысы талқыланды. Онда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдері баяндама жасап, атқарған жұмыстары мен шешімін күткен мәселелер туралы айтты.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың ұйымдастырылуы мен түпкілікті нәтижелеріне тоқталды.

«Биылғы вегетация кезінде су тапшылығы қатты сезіліп, диқандарымызға оңай соққан жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысының қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын-алу шаралары қабылданды. Дер кезінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде егілген 89 мың гектар күріштен 503 мың тонна өнім жиналып, орта өнім гектарына 56,5 центнерді құрады.

Қазір егін жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Ендігі кезекте сүдігер айдау және күздік бидай егуді мерзімінде бітіру қажет. Бүгінгі күні межеленген 4 мың гектар күздік бидайдың 2 мың 200 гектары егілген. Сүдігер айдауға келер болсақ, жоспардағы 50 мың гектар жердің 64,9 пайызы орындалған. Аудан әкімдері, күздік бидай егу және сүдігер айдау жұмыстарын 20 қарашаға дейін аяқтаңыздар», – деді аймақ басшысы.

Дегенмен, саладағы кейбір мәселелер әлі де өзекті күйінде. Мәселен, аймақтағы шаруа қожалықтарының «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалы алдындағы қарызы 800 млн теңгеге жеткен, яғни төленуге тиісті қаржының 37 пайызы өтелмеген.

Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне алдағы жылы егілетін күріш егісі көлемін 80 мың гектар деңгейінде тұрақтандыруды тапсырды. Оған қоса, су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егіс көлемін ұлғайту үшін тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Жауапты басшыларға әртараптандыру бағытында, су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы егілетін егістің алдағы 3 жылдық орналастыру сызбасын бекітіп, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына жолдау міндеті жүктелді. Аталған басқармаға Қызылорда қаласы, аудан әкімдерімен бірлесіп әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету, шаруашылықтардың «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалы алдындағы қарызын осы жылдың 1 желтоқсанына дейін толық есептесуін ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: