Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Биден алыстағым келмейді»

02.11.2023, 10:00 234

HALYQLINE.KZ

Алиназ  Карибаева:

Би – адам тәнінің шығармашылығы. Әуенге еліту арқылы буын-буынның қозғалысынан туындайтын ырғақ көрген көзге ерекше әсер сыйлап, биге деген шабытты оятатыны рас. Қазірде көптің қошеметіне бөленіп жүрген өнерпаздар аз емес. Мың бұрала билеу, көрерменді тәнті ету, кәсіби бимен айналысатын қазылар алқасының көңілінен шығу – қиынның қиыны. Осыған орай, газетіміздің арнайы «Тұсаукесер» бетіне буыны қатпастан бимен айналысып келе жатқан Алиназ Карибаеваны сөзге тартып, сұхбаттасып көрдік. Қазірде 8 жастағы балғын биші көптеген би байқауында жүлделі орынмен марапатталып, жеңімпаз атанған.

Алиназ, жас болсаң да жүзден жүйрік шығып, би байқауларында жеңімпаз атанып келесің. Қанша жастан бастап бимен айналысасың?

Мен 4 жастан бастап биге барамын. Бүгінде хип-хоп биімен кәсіби түрде айналысып келе жатырмын. Алғашында аздап шаршайтынмын. Би – көп қозғалысты, ойлау мен есте сақтауды қажет ететін шығармашылық түрі. Ал мен осының барлығын бойыма сіңіріп, кәсіби биші боламын деген мақсатыма жету үшін талмай еңбектеніп келе жатырмын. Биге бірінші барғаннан-ақ түрлі қимылға икемім келген соң, өзімнің де қызығушылығым артып кетті. Енді биден алыстағым келмейді.

Бимен айналысу саған қандай әсер сыйлайды?

Негізі биді шығармашылық емес, спорт деп қарастыруға да болады. Мұнда саламатты өмір салтын сақтап, қозғалыс жасап, денсаулығыңа көңіл бөлесің. Содан болса керек, денсаулығым сыр бермейді. Мұның өзі тамаша әсермен билеуіме көмектеседі. Бұған дейін бидің керемет әсер сыйлайтынын білмегенмін, бірақ жаттығуларда әуендерге ырғақ келтіру арқылы музыкамен бірге үндесе отырып қимыл жасауды, сол әлемге енуді үйрендім. Нағыз әсер сыйлайтын детокс. Әзірге осы биден алатын әсерді еш жерден алмадым. Билегенде құлағың тыныш болмаса да, жан дүниең тып-тыныш күйге енеді. Көрермендердің алдында өнер көрсеткенде ішкі қуанышымда шек болмайды. Биімді әлемге паш еткендей әсер береді.

Жеңімпаз атанған байқауларың жайлы айтып берші.

Жалпы, байқауларға көп барамын. Барлығынан дерлік жүлдеге ие боламын. Соның ең ерекшесін айта кетейін, осы жылы Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінде би-баттл болды. Сонда 1-орынды жеңіп алдым. Солай 25 000 теңге сыйақыға ие болдым. Бұл марапатқа мен ғана емес, биден сабақ беретін жаттықтырушым мен отбасым, жақындарым да қуанды. Мұнан бөлек, Алматы, Шымкент қалаларына жарыстарға барып жүрмін. Осының арқасында қала көріп, жан-жақты даму үстіндемін. Өмір алда, әлі де талай жетістікке жетемін деген зор сенім бар.

Өзің үлгі тұтатын бишілер бар ма? Олардың қандай қасиетін ұнатасың?

Әрине, хип-хоп биінен беретін Камилла Гатаулина апайым бар. Оның үйреткен билері менің жұлдызымды жағып келеді. Камилла апайымды сондай қатты жақсы көремін әрі құрметтеймін. Әлі де талай жарысқа қатысып, өнер көрсетеміз. Негізі, өзім үлгі тұтатын бишім де – сол кісі. Ол биді тек қозғалыс деп ғана қоймай, спорт, шығармашылық ретінде қарайды. Осыған бізді де баулиды. Жарыстардан орын алсақ, мақтап, мерейімізді асырады. Осы арқылы шабыттандырып, өз қолдауын білдіріп жүреді. Камилла апайымыз сондай қарапайым жан, шәкірт тәрбиелеуде өз көмегін аямайды. Мен ғана емес, барлық балалар жақсы көреміз.

Керемет! Болашақта кім болғың келеді? Арманың жайында айтып берсең.

Арманым – әлемге танымал биші болу. Апайымның ізін жалғап, керемет мың бұралған биші болып, шәкірт тәрбиелегім келеді. Әлемнің барлық елін аралап, өз өнерімді көрсетсем деймін. Оның орындалатынына сенімдімін. Табысты би жұлдызы атанып, бай бишілер қатарынан болсам, халық биді де, бишіні де құрметтейді. Сол күнге жету үшін қазірден тер төгіп, шығармашылығымды шыңдап жатырмын. Қандай да бір қиындық болса, оны мойымай жеңіп, алға қадам басуды ойлаймын. Айтпақшы, тағы бір арманым – көп қызыға қарайтын блогер болу. Бишінің өмірі бәріне қызық болары сөзсіз. Өміріммен таныс адамдар үшін бидің алар орны биік болады деп ойлаймын.

Сен секілді биге қызығушылар мен қатарластарыңа не айтқың келеді?

Кейде бимен айналысуды ермек санайтындар болады. Оның дұрыс емес екенін, бидің ең керек нәрсе екенін дәлелдеп келемін. Бұл – менің өмірім, хоббиім. Өзіме ұнайтын іспен айналысатыным үшін ризамын. Басқаларға да соны насихаттаймын. Кім болса да, өзіне ұнайтын іспен айналысуы керек. Айналысып ғана қоймай, соның шыңына жетсе, еңбектеніп, алға қарай ұмтылса, нағыз маманына айналады. Бұл біздің құрметімізді арттырады. Алға қойған мақсаттан танбауға шақырамын.

Рақмет, Алиназ! Шығармашылығың шарықтап, жетістіктерің арта берсін!

Әңгімелескен  Ердәулет ҚАЛИЕВ

P.S. Айды алыста дейтіндер қатты қателеседі. Оны алақанымызға да қоя аламыз, оның жарығын пайдаланамыз әрі сұлулығына тамсанып уақыт өткіземіз. Бастысы, кім қалай қабылдай алғанында. Міне, кез келген дүние алыста болып көрінуі мүмкін. Бірақ оны қолымызда ұстау, жақсы көру, жаныңда екенін сезіну – шығармашылық әлемімізге рең беріп, өмірге деген құштарлығымызды оятады. Кейіпкеріміз Алиназдың айтқандары мен таным-түсінігінен осыны ұқтық. Жанымызға тек жақсы жандарды жинап, солардың қошеметіне бөлену бізге рух беретінін түсіндік. Небәрі 8 жастағы қыздың алға ұмтылысы мен айналасындағыларға деген махаббаты кіршіксіз өмірді суреттегендей болды. Бала – өмір гүлі, ал оның жетістігі нағыз бақытты сыйлайды. Тек соны бағалай білсек болғаны!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: