Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сексеуіл – құмды шөлдің қорғаны

15.10.2023, 14:40 393

Сексеуіл – құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, морт сынатын, өз ұрығы есебінен табиғи түрде өсуге бейім және құрылыс материалы ретінде қолдануға келмейтін ерекше өсімдік.

Сексеуіл қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтап тұруда ерекше маңызға ие. Дүлей соққан желден құм көштерін тоқтатады. Сексеуілдерді қорғаныш ететін жан-жануарлар мен жәндіктер қаншама. Әсіресе киіктердің өсіп өнулеріне сексеуіл арасы өте қолайлы.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман қорының 6,2 млн. га жерін сексеуіл алқаптары алып жатыр, оның ішінде 3,7 млн га Қызылорда облысының мемлекеттік орман қоры жерлеріне тиесілі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының «Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесуге тыйым салу туралы» 2015 жылғы 13 тамыздағы №211 бұйрығы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынғанымен қазіргі таңда да сексеуіл ағаштарын заңсыз кесудің деректері кездеседі.

Биылғы жылы сексеуіл ағаштарын заңсыз кескен 1 азамат анықталып, орман қорына келтірілген 27,6 мың теңге залал өндіріліп алынды. Сот шешімімен кінәлі азаматқа ҚР ӘҚБтК-інің 381-1- бабы 2-бөлігімен 241,0 мың теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар сексеуіл ағашы бөліктерін заңсыз тасымалдау, иемдену деректері де азаймай отыр.

Үстіміздегі жылдың 8 айында заңсыз сексеуіл ағашы бөліктерін тасымалдаудың 20 дерегі анықталды. Заңдылық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-інің 389-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік шара көру үшін сотқа жолданды. Сот шешімімен заңдылық бұзушылар кінәлі ден танылып, ҚР ӘҚБтК-інің 389-бабымен әкімшілік айыппұлдар салынды.

Мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі сексеуіл екпелерін қорғау мемлекеттік орман иеленушілердің міндеттері болып табылады.

Сондай-ақ сексеуіл екпелерін сақтап қалу мақсатында, Мемлекет Басшысының «Арал теңізінің құрғаған табанында орманды алқаптарды 1,1 млн.га жеткізу» тапсырмасына орай, 2023 жылдың көктем айында жалпы көлемі 64858 га жерге орман мелиорациялық шаралар жүргізілді.

Алдағы күз айларында осы жұмыстар жалғасын тауып, АТҚТ-ында галафиттік өсімдіктер тұқымы себіліп, орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу шаралары жүргізілетін болады.

Облыстың қорғаныштық ормандары болып есептелетін сексеуіл екпелерін бірлесіп, ел болып қорғауға және сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне жол бермеуге шақырамыз.

Т.Таймбетов,

Қызылорда облыстық орман шаруашылығы

және жануарлар дүниесі аумақтық

инспекциясының бас маманы   

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: