Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет: «Арселор Миттал Теміртау» шахтасына өрт қасақана қойылмаған

18.09.2023, 19:24 242

HALYQLINE.KZ

18 қыркүйекте Қарағанды облысы, Шахтинск қаласындағы «Казахстанская» шахтасындағы өртті зерттеуге байланысты құрылған үкімет комиссиясы Қарағандыда брифинг өткізді. Шахтадағы өрттен алты адам өліп, 16 адам жараланған.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың сөзінше, өрт сарапшылары шахтада қысқа тұйықталу мен қасақана өрт қойылғанын жоққа шығарған. Бұған дейін осындай қауесет те тараған.

– Кінәлі жұмысшылар емес, жұмыс беруші екені 100 пайыз анық,- деген министрдің сөзінше, 28 жауапты тұлға анықталған. Апат кезінде қолданылған техника мен құрал-жабдықтарға сараптама жасалған. Үкімет комиссиясының ойынша, көмір конвейеріндегі өрт тоқтап қалған ролик лентасының қызуынан шыққан. Лента бір жарым ай ғана жұмыс істеген.

Сырым Шәріпхановтың айтуынша, қауіптілігіне байланысты комиссия мүшелерінің бәрі бірдей шахтаға түсе алмаған. Екі мүшесі түсіп, апат орнына мейлінше жақындаған, бірақ соңына дейін жете алмаған.

Министрдің сөзінше, шахтаның инженерлік-техникалық құрамы тарапынан жеткілікті өндірістік бақылау болмаған, қауіпсіздік техникасы сақталмаған, тағы да бірнеше осыған ұқсас себептер өрт шығуына түрткі болған.

– Конвейер роликтері кей тұста майысқан, ондағы көмір лентадан асып түскен. Лента айналмаған соң, қызып өрт шыққан. Техникалық бақылау тиісті деңгейде жүргізілмегенін кейінгі екі аптадағы тіркеу журналы да растап тұр, – дейді Сырым Шәріпханов.

Брифингтеі ақпаратқа қарағанда, шахтадағы өрт әлі өшпеген. Өрт шыққан учаскені оқшаулау жұмыстары жалғасып жатыр.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиуловтың сөзінше, тау-кен жұмыстарын жалғастырудың түрлі нұсқалары ойластырылған, әзірге шығын туралы айтуға ерте. Шахта жұмысшылары компанияның өзге шахталарына ауыстырылған.

Брифингте сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басиннің айтуынша, «жұмыстағы кемшіліктер бір, бір жарым жылда түзеле салмайды». Басин бұл қызметіне дейін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясындағы басшылық қызметте болған.

17 тамызда «Казахстанская» шахтасынан өрт шыққан болатын. Апаттан бес адам өліп, 16 адам жараланған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: