Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутаттың мәлімдемесі несімен қауіпті?

15.09.2023, 12:32 482

HALYQLINE.KZ

ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Айгүл Құспан ханымның соңғы мәлімдемесі несімен қауіпті? Бұл сұраққа журналист Арман Әубәкір жауап іздеп көрді.

Біз бүкіл қоғам болып мектептегі хиджаб мәселесімен бас қатырып жатқанда, жеке меншік діни мектептер ашылуы керек, оны жартылай мемлекет қаржыландыру керек деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Бұл – Зайырлы Қазақстандағы парламент депутаты айтатын сөз бе? Көшедегі біреу айтса, қолды бір сілтей салар едік.

Айтса айтқандай, лицензиядан өткен жекеменшік мектептер биліктен 30 пайыздық қолдау алады. Айгүл Құспанға салса, діни мектептер елде 40-50 пайыздық (жартылай) қолдау тапса деген емеуріні байқалады.

Тек қана муфтиятқа қарасты 1 университет, 1 имамдардың білімін жетілдіру институты, 9 медресе, 2 қарилар орталығы бар екен. Ал басқа да діни ағымдар “қайырымдылық мекемесі” деген атпен ашып алған діни ордалар саны жеткілікті. Заңдысы бар, заңсызы да қаншама? Дәл қазір Алматы қаласында 10-нан астам тек қана сүлейменшілердің қайырымдылық мекемесі анықталып, тексеріс жүріп жатыр. Қазір елімізге Түркияның 7-8 діни ағымы кіріп, емін-еркін үгіт-насихат жасап жатқан көрінеді. Бұл күнде діни бағыттағы балабақшалар да, діни бағыттағы жетімдер үйі де жеткілікті. Ал енді оған қоса діни мектептер ашылса, не боламыз? Көз алдыларыңызға елестетіңіздерші. Ауғанстан болмай, қайда барамыз? Сақал қойып, автомат ұстап көшеде жүретін қарақшылар елі боламыз ба?

Айгүл Құспан осыны неге ойламайды?

Діни ағымдар не себепті балаларға ауыз салады? 18 жасқа дейін әрбір балаға (тіпті ата-анасы болса да) ешкімнің күштеп қандай да діншілдікті насихаттауға құқы жоқ емес пе? Соны білдей депутат, заң шығарушы органның мүшесі Айгүл Құспан неге білмейді?

Көптеген діни мемлекеттерде әйелдерді, тіпті кішкентай балаларды қатал шариғатпен шектеп, азғындыққа, оның ішінде ашық адам саудасына дейін барып отыр. Алысқа бармай-ақ Ауғанстан соның жарқын мысалы. Ал кішкентай балалар кез келген ережені тез қабылдап алады, сосын оны өмірлік ұстанымға айналдырады. Сол себепті де діни радикалды ағымдар жас сәбилердің санасын улауға үлкен күш жұмсайды.

Айгүл Құспан егер жас балаларға шын жаны ашыса, медреселердің бағдарламасын жетілдіруге, онда жаратылыстану пәндері мен гуманитарлық (әлемдік және ұлттық құндылықтар) пәндерді дұрыстап оқыту мәселесін көтерсін. Әйтпесе, ширк, харам деп бәрін жоққа шығаратын медресе түлектері білімсіздіктерімен досқа күлкі, дұшпанға таба болып жүр.

Және де Айгүл Құспанның Мысыр сапарындағы елден ерек тұмшаланған қара-көк киімі, кешегі мәлімдемесі бізді түрлі ойға жетелейді. Ол парламент қабырғасында отырып әлдекімдердің сойылын соғып жүрген жоқ па деген күдік барын да жасырмаймыз. Ендеше, бұл депутат діни лоббимен айналысып отырған жоқ па? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Арман Әубәкір

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: