Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аятжан Ахметжанұлы: Біз 390 млн теңгеге 450 орындық, мемлекет 2,5 млрд теңгеге 300 орындық мектеп салады

11.09.2023, 9:45 529

HALYQLINE.KZ

Жекеменшік мектептер мен мемлекеттік мектептердің арасындағы бәсекенің арасалмағы қандай? Жалпы, осы тенденция бізді қайда апарады?

– Жекеменшік мектепті бизнес деп қарауға келмейді. Жекеменшік мектептердің көбеюі бәсекелестік тудыруға, мемлекеттік мектептерге ойлануға септігін тигізеді. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Шоу жасап отырған жекеменшік мектептер де бар. Мемлекеттік бақылау-қадағалау болмаса, жекеменшік мектептерден опық жеуіміз де мүмкін. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмаса, кім көрінген жекеменшік мектеп ашып кетсе, одан білім көгермейді. Мемлекеттік бақылау болу керек дегенім – сол.

30 жылда мемлекет үш ауысымды мектептер мен апатты мектептердің проблемасын шеше алмады. Тағы отыз жылда да мұны шешпейді. Сондықтан жекеменшік мектептердің ашылғаны керек бізге. Сізге бір мысал айта кетейін. Атырау облысында 450 балаға арналған мектеп салып жатырмыз, 370-390 млн теңге кетті. Қазір құрылысы 90 пайызға аяқтап қалды. Ал бір облыста 60 орындық мектепті 300 млн теңгеге салған. Тағы бір екінші облыс 300 оқушыға арналған мектепті 2,5 млрд теңгеге салып жатыр. Мемлекет дәл осы қарқынмен, осындай есепсіз шығындармен салса, мектеп проблемасын ешқашан шеше алмайды. Осының бәрін құртып отырған – парақорлық деген ескі індет. Жекеменшік мектептер мектеп қажеттілігін жояды. Бірақ мені ойландыратын сауал – жекеменшік мектептердің кәсібилігі. Қазір діндарлар мен құрылысшылар, бизнесмендер жекеменшік мектеп ашуда. Білімнің сапасына кім жауап береді? Қадағалау болу керек дегенді тағы да айтамын. Мектептің меншігі қандай болса да, біз баланың тағдырын ұмытпауымыз керек. Бала мемлекеттің баласы. Министрліктің көзқарасы бірдей болу керек, анау мемлекеттік мектеп, мынау жекеменшік мектеп деген ұғым болмайды. Осыны ұмытпайық! Халық – мемлекеттің басты байлығы деген сөйлем конституцияның бірінші сөйлемінде де бар ғой.

«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: