Жастық жалынды ең бірінші табыс табуға жұмсау қажет дегенді көп айтамыз ғой. Рас сөз, табыс таппай тірлігің де өнбейді, әлеуметтік жағдайың да біржақтыланбайды, тіпті басың да екеу болмайды. Мұның рақатын тек бейнеттің зейнетін көргенде ғана сезінесің. Хош.
Жақында өңірімізде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтті. Сол кезде аймағымызда ерекше кәсіп түрімен айналысып жүрген кәсіпкерлер өнімдерін жұртшылыққа ұсынып, көрме көзайымына айналды. Солардың арасында өзгеше бренд қалыптастырып үлгерген жастармен тілдесіп, «Qurtella» атауымен сатылымда жүрген өнімнің өндірушісімен байланыс орнаттық. Газетіміздің арнайы «Тұлпар» жастар бетіне осы бренд иесімен әңгімелесіп, «Qurtella» құрттарының құпиясы турасында мақала дайындауды жөн көрдік.
Көптің қызығушылығын тудырған «Qurtella» құрттарының 6 түрі бар. Түрлі дәмнен жасалатын өзгеше өнім – елімізде қайталанбаған кәсіп түрі. Бұл бизнесте 13 жасынан бері жүрген кәсіпкер алдағы уақытта жаңа атаумен басқа да тауар өндіруді жоспарлап отыр. Нұрсұлтан Қалмағамбеттің айтуынша, «Qurtella» басқа қалаларда да танылып үлгерген.
– Жалпы, кәсіп саласында 13 жасымнан бері жүрмін. Ең алғашында балмұздақ сатып, кейіннен сөйлейтін ойыншық түрлерін де осы қалаға алып келгендердің алғашқысы мен болдым. Осы «Qurtella» құрттарын шығарғаныма әзірге 1 жыл бола қойған жоқ. Өткен жылдың қараша айында алғашқы өнімді шығарып, сатылымға қойдық. Ал осы идеяның басталғанына жылдан асып кетті. Құрт сатудың берекелі кәсіп түрі екенін біліп, көңілім осы салаға ауды. Мақсатым құртты қазаққа насихаттау болды. Бірақ, ойымда оны өзгеше етіп жасау болғандықтан, идеямды жетілдіріп жүрдім. Ешкім сенбейтін шығар, мен бұл кәсіпті 15 000 теңгемен бастағанмын. Осылай-осылай жайлап табысқа жетіп жатырмыз, – деді Н.Қалмағамбет.
Нұрсұлтанның өнімі шаһардағы дүкен сөрелеріне жайғастырылған. Кәсіпкер құрттарды ерекше қаптамаға салып, өзге қалаларға да жіберіп жатыр. Тіпті, бұл тойбастар ретінде қонақтарға ұсынылып, жұртшылықтың таңдауына ие болып келеді. Атап айтсақ, Маңғыстау, Шымкент, Алматы, Өскемен қалаларының тұрғындары осы құрттың тұрақты сатып алушысына айналған. Кәсіпкердің айтуынша, өкінішке қарай, өз өңірімізде дәл мұндай сұраныс жоқ. Бренд трендке айналады, ал трендтің танылып, таралуына уақыт кетеді. Нұрсұлтан алдағы уақытта тек аймақты ғана емес, өзге қалаларды да түгелдей дерлік құртпен қамтамасыз еткісі келеді.
– Өзбекстан Қазақстан үшін жылына 50 млн тонна құрт өндіреді. Бұл деген масқара ғой. Өзім ұлтшыл адаммын. «Басқа істейді, қазақтар істей алмай ма сонда?» деймін. Еріншекпіз дейін десем, еріншек те емеспіз, қолымыздан бәрі келеді. Аз-аздан деп жүре береміз-ау, бірақ үлкен өндіріске араласып, еліміздің ішкі нарығын өзіміз қамтамасыз ететін уақыт келді ғой. Ал ол үшін мемлекеттен қолдау керек. Алдағы уақытта сол мемлекет тарапынан жасалатын гранттық қолдауларға өтінім беріп көру ойда бар. Қалғанын уақытысында көрерміз, – деді ол.
Қазірде «Qurtella»-ның жеке дүкені, цехы бар. Жалпы алғанда 5 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер күніне 500 қамтама құрт өндіріп, айына кемі 3000 қаптамадағы құрт сатылатынын айтты. Тіпті, бағасы да қолжетімді. Ішінде 11 дана құрты бар қаптама 390 теңге, ал вакумдегі шағын түрі 190 теңгені құрайды екен. Бұны болашағы бар бизнестің алғашқы баспалдағы деуге болады. Себебі, жеке әлеуметтік желілерді де ашып, онда жаңа бренд қалыптастырып үлгерген жастар құрт сатудың жаңаша құпиясын мықтап меңгеріп келеді. Кәсіпкер құртпен бірге женттің де түр-түрін жасап, сатып жүр. Ол арнайы тапсырыспен дайындалады екен. Құрттардың сақталу мерзімі 3-4 айды құраса, жент оған қарағанда жарамдылық мерзімі төмен. «Бірақ, ендігі жерде женттің құрамын өзгертіп, оны да ұзақ уақыт бойы сақталуға қауқарлы етіп жасаймыз» дейді кәсіпкер.
Тағы бір айта кететін дүние – құрттар салынған қаптама сыртында «Қазақстанда жасалған» белгішесі қойылған. Елімізде өндірілетін өнімнің тұтынушысы болу арқылы қолдау көрсету – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Кәсіп иесінен «осындай жетістікке жетіп, кедергілерден қорықпай өту үшін жастарға қандай кеңес, мотивация бересіз?» деген кезде, өзі де мотивация қажет етіп жүргенін айтып күлдірді. Бірақ, атақты американдық кинодағы «чтобы победить, нужна настойчивость и дисциплина» деген сөз күш беріп, мақсатының нықталуына септігін тигізгенін айтты. Расында, жеңіске жету үшін табандылық және тәртіп қажет.
Нұрсұлтанның ендігі мақсаты – нағыз таза, қоспасыз құрт өндіріп, тапшылықты жою. Балмұздақ бизнесін де жаңаша бағытта дамытқысы келеді. Кәсіпке ынтасы бар, ұлтжанды, қарапайым кәсіпкерлердің артып келе жатқанына қуанып, бір серпілдік. Ұлттық өнімді насихаттау дейтін дүниені жолға қою керек-ақ. Бұл орындалса, өз байлығымызды өзіміз пайдаланушы едік. Көз көріп жүрген дүниелерге үміт зор, бірақ қаражат қысып, тықыр таянбаса болды. Ол үшін мемлекет те қолдау білдіреді деген үміттеміз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!