Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киелі кесенедегі көрікті көрініс

29.05.2023, 8:25 296

HALYQLINE.KZ

Аудан орталығындағы Жанқожа батыр кесенесі жұртшылықтың ерекше құрмет тұтар киелі орны саналады. Осынау қасиетті мекенге қай кезде барсаңыз да, әулие әрі батыр бабамыздың рухына құрмет жасаушылардың қарасы молдығын көресіз. Кесене аумағының мұнтаздай тазалығы, арық-атыздан сылдырай аққан су, желмен тербелген тал-теректің жапырағы ерекше күтімге ие екендігін аңғартады. Баптауы келіскен жасыл желектен аңқыған жұпар иіс кеудеңе шаттық құйғандай. Біз барғанда күн шапағы көкжиектен жаңа ғана шашырай төгілген-ді. Таңғы уыз ауа жансарайыңды ашып, көңіліңді сергітеді. Мұқият әктеліп, кілем төселген кесене іші имандылықтың үлгісін паш еткендей. Жарқырата сырланған орындықтар, қоқыс салатын жәшік, еңселі қақпа, теп-тегіс тақтатас (брусчатка), әсем жарықшамдар ерекше жинақылықты аңғартады. Күн нұрымен жарқырған жолбарыстардың мүсіні айбатты да тым сұсты.

Кесене аумағы Қайрақбай Орынбасаров басқаратын кент әкімдігі ұжымының тікелей назарында екендігін білетінбіз. Осы күні де аталмыш ұжым кесенеге тазалық жұмыстарын жүргізіпті. Шырақшы Дәурен Әбдіхалықтың айтуынша, білек сыбана кіріскен кент әкімдігінің ұжымы талдардың түбін әктеп, қоқыстарды арнайы орынға шығарып, өзге де тазалық жұмыстарын жасапты. Бәрекелді дестік.

Айта кетерлігі келесі, яғни 2024 жылы Жанқожа Нұрымбетұлы бабамыздың дүниеге келгеніне 250 жыл толмақшы. Осынау айтулы оқиғаны бабамыздың жерлестері елеусіз өткізе қоймас деген үміт мол. Ондай айтулы іс-шараның өскелең ұрпақтың бойына елжандылық пен отансүйгіштік рухын құярына ешкімнің таласы болмасы анық. Осылайша кесенеден көтеріңкі көңілмен аттандық.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: