Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғылымсыз спорт дамымайды

11.05.2023, 11:20 795

Қазір барша қазақтың назары Ташкентке ауып, теледидар арқылы Әлем чемпионатындағы боксшылардың әрбір әрекетін бағып отыр. Ұтылса демеп, ұтса мақтанып, абыройын аспандатуда.

Жалпы, ұлт спорты туралы түрлі сөз көп. Әсіресе Токио Олимпиадасында не алтын, не күміс медаль ала алмай, еңсеміз түскен еді. Содан бері бұл қалай болды, сәтсіздіктің себеп-салдары неден деген сұрақ мазалағаны хақ! Мұның жауабын белгілі спорт сарапшысы Қыдырбек Рысбектен білдік.

– Әрине, ұлт спортының бәсекеге қабілетті болғанын қалаймыз. Әрі осы бағытта ізденіп келеміз. Белгілі бір дәрежеде жетістіктер де аз емес.

Токиодағы сәтсіздіктің себебін тереңнен іздеп, жан-жақты талдау керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары спорт пен ғылым ажырады. Спорт  саласында ғылым кенжелеп, соның салдарынан сапалық деңгейіне әсер етті. Кеңестік кезеңде Алматыдағы денешынық­тыру институтында ғылыми орта болатын. Бұл оқу орны ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарды, екінші жағы, білікті бапкерлер мен мықты спортшылар дайындады.

Керек десеңіз, институт одақтағы салалық ең үздік бес оқу орнының қатарында болды. Онда Мәскеуден келген небір мықты мамандар қызмет етті. Әсіресе сол кездегі дене тәрбиесі және спорт физиологиясы ғылымының басында тұрған Николай Бернштейннің келуін ерекше атар едім. Одан бөлек отандық мамандар Қабден Байдосов, Қазбек Байболов, Петр Матущак және тағы басқасы отандық спорттың дамуына үлес қосты. Осы дәстүрлі мектепті жалғастыра алмай, ғылыми негізін жоғалтып алдық. Соның салдарынан кейінгі жылдары  ұлт  спорты  құлдырай  бастады.

Қазір он бапкердің сегізі қолына қалам ұстап, жеке жоспар құрып, әр спортшының мүмкіндігін зерделей бермейді. Керек десеңіз, он бапкердің тоғызы жоспарсыз жұмыс істейтін жағдайға жеттік. Қысқасы, жүйесіздікке көштік.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 3 алтын медаль алдық деп мақтанып жатырмыз ғой. Мұның өзі мемлекет деңгейінде жан-жақты жоспарланған жүйелі жұмыстың жемісі емес, бұл – жекелеген бапкерлер еңбегінің нәтижесі, – деп  сөзін  бастады  ол.

Жалпы, Қыдырбек Рысбек ағамыз «Қазақтың 90 бапкері», «Дәулет», «Бекзат», «Сұрмерген», «Құзға біткен қарағай», «Қазақ балуан­дары», «Қазақ боксшылары», «Саңлақ» және тағы басқа кітабымен қалың қазаққа таны­мал. Бұл туындылардан ұлт спортының кешегісі мен бүгінін бағамдап, спортшылардың жетістікке жетуінің сырын салмақтап, тұлғалардың арман-мұратын тануға болады. Республикалық масштабтан ауыл-аймақтардағы  спорттың  деңгейін  жақсы біледі. Осы себепті  сұрақты  аймақ  спортына  бұрдық.

– Әрине, жастайынан еңбекпен буыны қатқандықтан мықты спортшылар ауылдан көптеп шығады. Кешегі Жақсылық Үшкемпірев те, арамызда жүрген Дәулет Тұрлыханов та ауылдың төл баласы. Бүгінгі мықты спортшылар да ауылда туып, асқақ арманы жолында қалада  тер  төгіп  жүр.

Қызылорда облысының спортын Садық Мұстафаев басқарған жылдары Сыр спорты бір серпіліп қалды. Ол ауыл-ауылда футбол, волей­бол алаңдарын ашуға ұйытқы болды. Ауылдарға бір-бір спорт нұсқаушысын бекітуге мән берді. Аудандарға жоғары санатты бапкерлерді әкеліп, тәжірибе алмасу семинарларын  өткізді. Мәселен, даңқты балуан Аманжол Бұғыбаевты ауылдарға апарып, бапкерлермен тәжірибе алмастырып, жас спортшыларға тәлімін сіңірді. Грузиядан мықты бапкерлерді 10-15 күнге шақырып, курстар ұйымдастырды. Садықтың осындай жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда елдегі спорты дамыған маңдайалды  өңірге  айналды.

Менің досым Асылбек Құлмағамбетов Ақтөбе облысының  спортын  көтеруде  көп еңбек  сіңірді. Тұтас бір облыстың спортын жүйелеп, қаншама  білікті  кадрлардың қалыптасуына, инфрақұрылымның жүйеге түсуіне жағдай  жасады. Алматы облысы  спортының  басшысы Нұрбақыт Теңізбаев та іскерлігімен  танылып жүр. Сондай-ақ, Шымкент  қаласының  спорт жетекшісі Бауыр­жан Тұманбаевтың  ізденісі  мен берекелі  ісін  атап  өту  керек.

– Мемлекет бапкерлерге жалақысын уақытылы беріп, оқу-жаттығу жиындарына қаржы қарап, республикалық және халықаралық жарыс­тарға қатысуына мүмкіндік беріп отыр. Бұдан  артық  қандай  қолдау  керек?

– Дұрыс айтасыз, мемлекет бұқаралық спорттың дамуына мән беріп, жан-жақты жағдай істеуде. Яғни қалалардан бөлек елді мекендерде спорт кешендерін салып, тұрақты оқу-жаттығу жиынын өткізіп, байрақты бәсекелерге қатысуға мүмкіндік беруде. Бұл қамқорлықты  жоққа  шығара алмаймыз. Алайда  ғылымға негізделген жүйелі, жоспарлы жұмысты  көрмей отырмыз. Бұл екеуі екі бөлек  нәрсе.

Мәселен, Елдос Сметов – дзюдо спортынан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чем­пионы, Азия  ойындарының  жеңімпазы.

Қазақстандағы дзюдо академиясында заманауи аппараттар қаншалықты қолжетімді, ғылыми кітапханасы бар ма, дзюдошылардың күресін талдайтын видео орталығы бар ма, әрбір әдіс-тәсілдің тиімділігін, қарсы әдіс қолданудың мән-маңызын түсіндіретін мамандар бар ма? Міне, осындай мүмкіндіктерді саралау арқылы Елдос Сметовтің жетістігі жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің еңбегі мен іздені­сінің  нәтижесі  екенін  түсінесіз.

Токио олимпиадасында Елдос жартылай финалда жапондық Наохиса Такатодан ұтылды. Такатоның артында Кодокан дзюдо академиясы тұр. Онда тік тұрғандағы және партердегі әдістерді жеке-жеке талдап, қандай жағдайда, қалай орындау керектігін жіліктеп түсіндіретін және қарсыластың әдісіне қарсы әдістерді қолданудың сан тарау жолдары ғылыми тұрғыда зерттеледі. Сосын күншығыс елінде әрбір спортшының физикалық формасын тексеретін заманауи аппараттар бар. Сол арқылы спортшыға керекті витаминдерді анықтап, физикалық жүктеменің нормасын бақылап, салмақ азайтуына дейін назардан тыс қалдырмайды. Оларда спортшыны 20-25 минут белдесуге дайындайтын ғылыми жүйе бар. Көрдіңіз бе, Жапонияда спортты дамыту ғылымға негізделген. Ал Елдостың артында бапкерлерінің жеке ізденісі ғана тұрды. Сондықтан Сметовтің жеңілгеніне ренжудің өзі артық  деп  білемін.

Кезінде бокстан Бекзат Саттарханов жар­қырап шықса, бұл да құрама бапкерлері Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Александр Визирякин секілді мамандардың еңбегінің  нәтижесі  дер  едім.

– Ұлт спортын алға сүйрейтін бапкерлеріміз аман болсын. Өз мектебін қалыптастырған бапкерлердің арасында кімді ерекше айта аласыз?

– Мықты бапкерлер көп. Соның бірі – Мыр­зағали Айтжанов. Үш әлем чемпионын – Біржан Жақыпов, Қайрат Ерәлиев, Сәкен Бибосынов­ты, екі Олимпиада ойынының жүлдегері – Еркебұлан Шыналиев пен Сәкен Бибосыновты шығарды. Әзірге Мырзағали – олимпиадалық спорт түрлерінен үш әлем чемпионын дайындаған  Қазақстандағы  жалғыз  бапкер.

Мырзағилидың артықшылығы неде? Оның қолынан қаламы, қойнынан күнделігі түс­пейді. Үнемі жазып, жоспарлап, бақылап жүреді.

Мырзағалимен деңгейлес, өзінің жеке мектебін қалыптастырған Марат Жақиевты айтар едім. Бапкердің қол астынан екі рет Олим­пиада ойынында күміс медаль алған Әділбек Ниязымбетов, әлем чемпионы мен жүлдегерлері Ердос Жанабергенов, Бекзат Нұрдәу­летов, Берік Әбдірахманов жаттығып, әлемдік деңгейге көтерілді. Марат талапты жастарды елдің әр жерінен тауып, олардың рухын шыңдап, чемпион етіп тәрбиеледі. Ақтау қаласында бокс клубын ашып, бапкерлер алқасын құрды. Сөйтіп, команда жасақтап, қазақ боксының  көтерілуіне  үлес  қосып  келеді.

Міне, көрдіңіз бе, жекелеген бапкерлердің жанкешті еңбегімен бокс өз деңгейін сақтап тұр.

– Сөзсіз, Мырзағалидың да, Мараттың да еңбегін мойындаймыз. Алайда спорт ғылымнан ажыраған тұста білім алып, университет тауысқан жас бапкерлер жайлы не дейсіз? Ұлт спортының дамуында бапкерлердің біліктілігі шешуші  рөл  атқармай  ма?

– Бұл ойыңызбен толық келісемін. Озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстанда жаттықтырушылардың жоғары мектебін ашу керек. Бір кездері Мәскеудегі осындай орталықта қазақтың талай бапкері біліктілігін арттырды. Ол жерде бір-екі жыл бапкерлер білім алып, біліктілігін көтеріп қана қоймай, спортшының бабына енуін және оны сақтаудың методикасын, тіпті дұрыс салмақ қуу мен тиімді тамақтанудың қыр-сырын меңгергенін жақсы білеміз. Осындай игі дәстүрді жалғас­тыру үшін не Алматы, не Астана қаласында жаттық­тырушылардың жоғары мектебін құру маңызды. Сосын ғылыми топ жаттықтырушыларға  арналған  әдістемелік құралын шығарып,  тәжірибені  тарату  керек.

– Жасөспірімдердің жас ерекшелігіне қарай физикалық  жүктемені  беріп  үйрену  керек  дейсіз  ғой!  Солай  ма?

– Кеңес заманында жасөспірімдердің ерекшелігіне қарай кезең-кезеңімен физикалық жүктеме беретін. Мәселен, алғашқы дайындық тобында балалар керілу, созылу, жүгіру жаттығуын орындап, белгілі бір спорт түріне дайындалатын. Екіншісі – оқу-жаттығу тобы. Онда спорт түрі бойынша әдіс-тәсілдерді үйреніп, физикалық дайындығына мән береді. Үшіншісі – спорттық жетілдіру тобында түрлі деңгейдегі жарыстарға қатыса бастайды. Бокс пен  күресте 12-13 жасқа дейін баланы жарысқа жіберуге  болмайды. Ал қазір каратэде 5-6 жаста жарысқа барады. Бұл жаста басына соққы тиген баланың психологиясы қандай болады? Осы жағын ойладық па? Мәселен, Англияда 12 жасқа дейін балаларға футбол ойнағанда баспен доп ұруға рұқсат бермейді. Төртіншісі – жоғарғы  шеберлік  тобы.

Осы кезеңнен өткен спортшылар жауапты жарыста зорығып, шаршап шықпайтын еді. Күрес түрлері бойынша жарысқа қатысқан балуандар екінші кезеңге шыдамайды. Көбіне функционалды дайындығы жетпей жатады. Неге? Себебі жастайынан жиі-жиі салмақ қуып, әбден шаршап қалған. Негізі, 16 жасқа дейін спортшы мүлде салмақ қумауы керек. Бұл – ғылыми  дәлелденген  мәселе.

Біздің спорт интернаттарда оқитын спортшылар 3-4 келіге дейін салмақ қуады. Бәрі нәтиже үшін.  Жастайынан салмақ қуған баланың  денсаулығына зиян келеді. Мұның бәрі жас спортшының ақыл-ойы жетілуінде шешуші  рөл  атқарады.

– Шетел тәжірибесі демекші, біз кімнен үлгі алуымыз  керек?

– Олимпиада ойындарында Англия 8-9 спорт түрімен үздік бестікте жүреді. Аустралия 10-12  спорт түрімен алғашқы ондыққа енеді.

АҚШ-та спорт ғылымның сүйеме­лдеуімен дамып отыр. Онда мектеп жасындағы баланың салмақ қууы деген түсінік жоқ. Жастар өзіне ұнаған спорт түрін хобби ретінде таңдап, шұғылданады. Есесіне студенттік спорт қатты дамыған. Мықты бапкерлер студенттер арасынан үздігін таңдап, 18-22 жастағы спортшыны Олимпиада ойындарына дайындауды бастайды. Осы АҚШ-ты Олим­пиада ойындарында үнемі көш басынан көреміз. Көп жағдайда бірінші орыннан көрінеді. Яғни, спорт  державасына  айналған  ел.

– Біз қай спорт түрлеріне басымдық беруіміз керек?

– Ұлан-ғайыр жерді бізге аманат қылған ата-бабаларымыз қайратты әрі жігерлі еді. Күші мығым, епті де жылдам болуда үнемі өздерін жетілдіріп отырды. Осы қасиеттер біздің тегімізде бар. Әсіресе, бокс, күрес, атқа міну, садақ және мылтық атуды ерекше айту керек. Бұған ауыр және жеңіл атлетика, қайық есу, дзюдоны қосқанымыз дұрыс. Жалпы, қазақ ұлтының табиғатына жақын спорт түрлеріне басымдық  беріп, дамыту  маңызды.

Регбиге көңіл бөлсек қайтеді? Бір дерек келтірейін, Тынық мұхитының оңтүстік-батысында шағын аралдарда Фиджи деген ел бар. Халқының саны миллионға жетпейді. Осы елдің  ерлер  командасы Рио-де-Жанейро мен Токио Олимпиадасында алтын медальды жеңіп алды. Олар біздің жігіттерден әлеуетті дейсіз бе? Жоқ! Тек Фиджи елі регбиді жүйелі дамытып  отыр.

– Басқа спорт түрлерін қалай дамытамыз?

– Қазір  аймақтық  спорт  басқармалары 100-ден астам спорт түрін дамытуға жауапты. Англия секілді Олимпиадаға кіретін 10-12 спорт  түрін  белгілеп, дамыту маңызды. Қалған спорт түрлерін шетелдердің тәжірибесіне сүйе­ніп, спорт клубтары мен федерациялар есебінен  жүргізу  керек.

– Қазір басылым беттерінде қазақ спортшыларында намыс жоқ дегенді жиі оқимыз. Бұған келісесіз  бе?

– Мұның себебі не? Алдымен соны анықтау керек. Ұлттық рух кеміген жерде ар-намыс принципі әлсірейді. Намысы жоқ адам қалай ұялады? Ұялмайды. Ал рухты не оятады? Тіл мен иман. Қазір қазақ спортының тілі қай тіл? Мәселе осында. Тілін құрметтеген ұлт намысын өзгеге бермейді. Кавказдың балуандары неге алымды? Өйткені олар өз тілін құрметтеп, ұлттық  тағамын  тұтынады.

– «Ас – адамның арқауы» дегендей, спортшының  жетістікке жетуінде тамақтың алар орны зор  дейсіз  ғой!

– Бұрынғы қазақ жылқының етін жейтін. Қазір спортшылар сиыр мен тауықтың етін тұтынады. Құдай-ау, тауықтың етін жеген спортшыдан қандай нәтиже күтуге бола­ды? Қазақ топқа түсер саңлағына қай заманда сиыр­дың етін беріп еді? Сосын табиғи сусынымыздан арылып, газданған сусындарды  тұтынамыз.

– Ұлттық және жастар құрамалары жаттығу жиындарына көп барады дегенді естиміз. Бұл  туралы  не  дейсіз?

– Мұндай проблема бар. Оған жыл көлеміндегі әртүрлі деңгейдегі 7-8 турнирді қосыңыз. Спортшы қалай, қашан демалады? Сүйек пен еттен жаралған адам болғандықтан шаршайды. Шаршағаннан кейін жиі жарақат алады. Өйткені, артық  жүктемені  көтере  алмай­ды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: