Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сейілов сейілдеп қайтқан жоқ

19.04.2023, 9:10 296

HALYQLINE.KZ

Кеше Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әрине, Сейілов сейілдеп қайтқан жоқ, Жанмұрат Жақсымұратұлы аралау жұмыстарын қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қарасты «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығы» мен «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығынан» бастады. Бүгінгі күні аталған орталық күндізгі бөлімде 50 орынға және түнемелік 10 орынға жеті түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде. Кездесу барысында мекеме қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалып, орталық басшылығына тиісті тапсырмалар жүктелді.

Келесі нысан «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» болды. Орталықта қылмыстық жазасын толық өтеген және пробация қызметі есебінде тұратын азаматтарға 7 арнаулы әлеуметтік қызметпен қатар, азаматтардың жұмыспен қамтылуына және тұрмыстық орналасуына, кәсіптік білім алуына жәрдемдесу, құқықтық, психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде. Мекеме директоры Бахыт Нұртазаев азаматтарға көрсетілетін психологиялық және басқа да әлеуметтік қызметтердің нәтижелі болуы үшін қызмет алушылардың психологиялық жай-күйін зерттейтін «Ақ Сұңқар» аппараты мен компьютер жиынтығын алуға қажеттілік бар екенін хабарлады. Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары мәселеге байланысты ұсыныс беруді тапсырды.

Одан кейін Жанмұрат Жақсымұратұлы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубына табан тіреді. Қазіргі таңда клубта спорттың 14 түрінен үйірмелер ұйымдастырылып, 20 жаттықтырушы қызмет етуде. Бұған дейін мекеме басшылығы тарапынан спортпен толыққанды шұғылдану үшін қосымша спорттық құрылғылармен жабдықтау және жастар мен жасөспірімдер арасында кең көлемде жарыстар өткізуге қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс білдірілген болатын. Жанмұрат Жақсымұратұлы осы ұсыныстар мақұлданып, бюджет қарауына жолданғандығын жеткізді.

Одан кейін, қала әкімінің орынбасары Қызылорда қаласының тарихи музейінде болып, жәдігерлермен танысты және музей қорын толықтыру мақсатында бюджеттен қажетті қаржының қаралатындығын айтты.

Әрі қарай, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде болып, сала қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінде қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана, оның ішінде А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханасы, 10 қалалық, 8 ауылдық және 2 балалар кітапханасы келушілерге қызмет көрсетуде. Жанмұрат Жақсымұратұлы жуық арада бұған дейін ұсыныс болып келген штат және кітап қорын көбейту бойынша мәселенің толық шешімін табатындығын айтты.

Мұнан кейін қалалық жастар ресурстық орталығына барып, жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытындағы жобалармен танысты. Орталықта жастардың түрлі бағыттағы сұранысына орай WI-FI, коворкинг орталығы, спорттық секциялар, креатив фото-видео студиясы, би залы және жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде. Биыл орталыққа қала әкімінің қолдауымен 3 штат және жастарға қажетті әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қаражат бөлу жоспарға енгізілді. Қала әкімінің орынбарасы әлеуметтік нысандардың жұмыстарымен танысқан соң, мекеме басшыларына ғимараттарға уақытылы жөндеу жүргізу, ауласын көгалдандыру іс-шараларын назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: