Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ринат Зайытов: «Мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырудамыз»

05.04.2023, 15:35 369

HALYQLINE.KZ Депутат мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақыларын өсіруді сұрады. 

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының депутаты Ринат Зайытов ондаған мың мәдениет саласы қызметкерлері атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады.

«Біріншіден, менің Сіздерге жолдап отырған сауалымның артында Қазақстан Республикасының ондаған мың мәдениет саласының қызметкерлері тұр. Екіншіден, бұл – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына еніп, халыққа берген уәдесі», – деп бастады сөзін Зайытов.

Айтуынша, мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Ол аз десеңіз Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бірнеше өнер ұжымы да бар. 

«Ғабит Мүсіреповтің «адам – өнерді қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қорғауға міндетті» деген насихат сөзі бар. Өкінішке қарай, біз бүгінгі күнде мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырудамыз. Мәдениет саласының қызметкерлері дегеніміз – тек қана сахнада өнер көрсететін тұлғалар емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары. Олар мемлекетіне шынайы махаббатпен қарап, мәдениетке бар ықыласымен қызмет ететін: сахна техниктері, костюмерлер, гримерлер, жарық түсірушілер, дыбыстаушы деген сияқты мыңдаған адамдар. Жанға бататын бір жайт, бұл аталған қызметкерлер әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алған жоқ. Қазіргі таңда қай мекемені алсаңыз да мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып. 100 мың теңгеге жетер жетпес межеден аса алмай тұр», – деді депутат.

Бұл ретте Зайытов еңбекақының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын тұралатуға әкеліп соғады деп есептейді.

Сондықтан Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының қосымшасына мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің коэфиценттерін өзгертіп, жалақыларын көтеруді сұрады. 

«Құрметті Алтай Сейдірұлы, сіз Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында бірлесіп жұмыс істеуге уәде берген едіңіз және де қайта жасақталған министрлер кабинеті «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын толықтай іске асыруға еңбектенетінін хабарлағансыз. Сол себепті менің сауалым оң шешімін табады деп сенемін», – деп қорытындылады Мәжіліс депутаты. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: