Зинагүл Өтегенқызы Есжігітова Қарақалпақстандағы Мойнақ елді мекеніндегі көпбалалы отбасында үшінші бала болып дүниеге келді. Әкесі мен анасы Мойнақтағы балық консервісін шығаратын зауытта жұмысшы болып істеді. Ағайын-туысқа жақын тұрайық деп, Арал қаласына қоныс аударып, көшіп келді.
Зинагүлдің жасы жетіге келгенде, Арал қаласындағы Н.К.Крупская атындағы №14 орыс мектебінің табалдырығын аттады. Ол кезде партия мен кеңес қызметіндегі адамдар ғана балаларын орыс мектебіне беретін, ал жұмысшының қызы Зинагүлдің орыс мектебіне баруы елеулі оқиға болды, қазіргі жастар тілмен айтқанда хит болды. Сауатын орыс әліппесімен ашқан Зинагүлдің зейіні алғыр болып шықты, ол үздік оқушы болумен қатар, қатарларының алды болып, қоғамдық жұмыста ерекше көзге түсті. Сол кездегі пионер дружинасының жетекшісі, жоғары сыныпқа барғанда төменгі сыныптағыларға пионер тәлімгері болды және баскетбол мен волейбол секциясына қатысып, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүрді.
1975 жылы орыс орта мектебін бітіргесін ұстаз боламын деп, Орал қаласындағы сол кездегі А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтына құжатын тапсырып, барлық емтиханан сүрінбей өткенмен конкурстан өте алмай қайтты, келесі жылы қайта талап қыламын деп ойлады.
Арал қаласына келген соң аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ебейсін Исаевтың есігін имене ашып келген бұйымтайын айтқанда, қолына Зинагүлдің аттестатындағы 4 пен 5 деген бағаларды көріп, «орыс мектебін орташа бағамен бітіргендер, қазақ мектебін жақсы бітіргендермен бірдей деңгейде болады» деп «Бекбауыл бекетіндегі №65 негізгі мектепке орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып қабылданды» деген бұйрығын ұстатып жіберді. Өзінің таңдаған мамандық иесі болуы жас қызға қанат бітірді, мектеп өміріне араласып кетті. Жас қызды сол кездегі мектептегі Бисенбаева Айсұлу, Жанетова Ұрқия апайлары демеп, қамқорлығына алды. Ал, мектеп директоры Алтауов Нұрылда ағайы: «Зинагүл, сенің баскетболдан разрядын бар екен ғой» деп ауырып қалған мұғалімнің орнына дене шынықтыру пәнінен де сабақты сеніп тапсыратын. Жас мұғалім қыз қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүріп, ауыл жастарымен де таныса бастады. Бекбауылдық жігіт Құрманғали Сембиевпен танысып, көңілдері жарасып екі жылдан соң, 1977 жылдын тамыз айында тұрмысқа шықты.
Сол 1977 жылдың жаз айында, сол кездегі Қызылорда педагогикалық институтының «қазақ мектебі үшін орыс тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлайтын» факультетінің сырттай бөліміне оқуға түсті, жылына болатын екі сессияға бесігін арқалап, баласына қарайтын сіңлісін ертіп жүріп, үш балалы болғанда көптен күткен дипломға қол жеткізді. Бекбауылдағы ауыл тірлігі белгілі ғой, сиыр сауып, отын бұтап, от жағып, тамақ істеу, кір жуу сияқты күйбің тірлікпен жүріп-ақ мектептің білікті мұғаліміне айналды.
Бағына қарай келін болып түскен отбасындағы ата-енесі өсіп-өнген өнегелі отбасы болып шықты. Атасы Сембиев Закір, енесі Маруса Бекбауыл бекетіндегі теміржолда жұмысшы болды. Енесі Маруса одақ кезінде «Батыр ана» алтын төсбелгісін алған ардақты жан еді, Зинагүлдің тұңгыш баласы енесінің кенжесімен жасты болды, 1990 жылы бала шағасының қызығын енді көре бастағанда қайтыс болып кетті. Күйеуі үйдің үлкені болғандықтан, енді Зинагүл Құрманғалидың кіші бауырларына ана да бола білді, олардың тамағы тоқ, киімі көк болуымен қатар сабақ үлгерімі жақсы болуын да күнделікті қадағалады. Соның нәтижесінде Құрманғалидің інісі Құрманғазы мектепті үздік бітіріп, Қарағанды қаласындағы Е.А.Букетов атындағы университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, үздік оқығаны үшін университетке қалдырылды, қазір осы университтетің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор, өткен жылы академик атанды. Одан кейінгі қайын інісі Сембиев Нұртай Астана қаласындағы полицияда абыройлы қызмет істеп доғарысқа шықты, келіншегі Лаура ҚТЖ министрлігінде жауапты қызметте, кенже қайын інісі Сембиев Алмабек Бекбауылдағы №65 орта мектептің директоры. Міне, бір әулеттің балаларына ана, әрі жеңге, әрі ұстазы бола білген Зинагүлдің осы еңбегінің өзіне бас июге болады. Өткен жылы Астанадағы балаларына қыдырып барғанда сүрініп кетіп, жіліншігін сындырып алып, сол жақта емделіп келіп қазір балдақпен уақытша жүріп тұрады, академик қайнысы әрі шәкірті Құрманғазы 1 наурыз «Алғыс айту күніне» орай мынадай жүрек жарды алғысын жеткізген болатын:
«Балдақпен жүрсеңіз де екі аяқты басып кетуінізге әулет атынан тілектеспін! Ағайын-туыс, құда-құдағи, жекжаттардың аман болғанына не жетсін! Оның ішінде қара шаңырақты шайқалтпай ағайын туыстарды бір жерге жинап отырған Құрекең мен Сіз аман болыңыздар! Сыртта жүргендер қара шаңыраққа жарыққа жиналған шыбын-шіркей секілді емін-еркін бара берейік! Маңдай тіреп баратын Құрекең мен Сіз аман болып, береке, ырыс, тірлік орнай берсін! Аман болайықшы!
Әулетіміздегі тыным таппай шапқылап жүре беретін ЗИНА ЖЕҢГЕМ аман болсын!!! Алланың нұры жаусын! Ата-баба аруағы қолдасын!».
Үйдің отанасы бола жүріп, енесі Марусадан аманат болып қалған қайынінілерін үйлендіріп, қайынсіңлілерін ұзатып жүргенде өзінің балаларының да үйленетін жасқа келгенін де білмей қалыпты. Үлкен ұлы Сәндібек Қарағанды медициналық академиясында оқып жүргенде, Астана медициналық академия студенті Сұлушашқа үйленді. Қазір Сәндібек Астананың Аршалы аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі, келіні Сұлушаш Аршалыдағы балаларды оңалту орталығының директоры. Қызы Әсия Астана қаласына таяу Қоянды елді мекенінде мал дәрігері, күйеуі Аманжан құрылыс инженері. Жеңісбегі Бекбауылда жеке кәсіпкер, келіні №65 мектепте мұғалім. Ғалиясы Бекбауылда ауылдық әкімшілікте жоғары білімді әлеуметтік қызметкер, күйеуі Жасұлан ауылдық мәдениет Үйінің қызметкері. Айнұры Үкілісай елді мекеніндегі мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, күйеуі Берік ауылдағы су мекемесінде гидротехник. Қолындағы кенже ұлы Мұрат кәспкер ретінде өзінің көмекшісі, келіні Ұлмекен №65 мектепте медбике. Кіші қызы Айдана Аршалы ауданындағы №5 мектепте педагог-психолог, күйеуі Медет инфекциялық мекеме маманы. Бұл күндері Құрманғали екеуі төрт қыз және үш ұлдан тараған немерелерін көрген сайын шаттықа бөленіп жүр.
Ұлағатты ұстаз, «Алтын алқа» иегері Зинагүл Өтегенқызы Есжігітованы Бекбауылдағы №65 мектеп ұжымы 2016 жылы зор құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды, 40 жылдық ұстаздық жолында жүздеген шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Мен тек бір шаңырақтың отанасы ретінде атқарған еңбегін ғана көрсете алдым деп ойлаймын.
Құдай қосқан қосағы Құрманғали да Бекбауылдағы «Қазақтелеком» бөлімшесінде ұзақ уақыт қызмет етіп жүргенде қысқартуға ілінгенмен, мал шаруашылығымен айналысып кетті де, жасы келгесін зейнетке шықты. Енді Зинагүлдің зейнетке шыққаннан кейін кәсіпкер атануына тоқталып өтейін. Мектепте мұғалім болып қызметте жүргенде үлкен отбасы болғасын нанды көптеу қылып пісіретін еді, кейде көршілері нан болмай қалғасын «өзімізге пісірдім» дегеніне қарамай ақшасын тастап алып кететін болды, кейін зейнеткерлікке шыққасын кәсіпкер болып тіркеліп, наубайхана ашып алды. Қазір бекбауылдықтарды түрлі нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер. Қолындағы ұлы Мұрат кәсіпкердің көмекшісі ретінде дүкен сатушысы әрі сататын заттарды көтерме бағамен жеткізуші болып табылады. Міне, ұлағатты ұстаз, ардақты ана зейнетке шықса да өзінің жеке адамгершілік қасиеттерімен де, еңбекқорлығымен де көпке үлгі болуда.
Көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз күнімен құттықтап, Зинагүлге отбасың аман-есен болып, кәсібіңнен береке таба бер деймін.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Өте керемет🤩
Ұзақ өмір сүріңіз😘
Құрметке лайық жансыз!