Абай АЙМАҒАМБЕТ
* * *
Инспектор смартфонға мұқият үңілді. Әуелгі бетте Алинаның жан-дәрмен қашқаны ауланың бас камерасына анық түсіп қалған екен. Бірақ оны қорқытқан белгісіз біреу көрінбейді. Яғни, камера ауқымы бақтың шеткі түкпірін қамти алмаған. Ол жаққа бөлек камера да орнатылмаған. Екінші жазбада Алина мен Темірдің бір-біріне үрке қарап, баққа қарай келгені, сосын іле-шала қашқаны айқын түсіп қалған. Темірдің өзімен ала шыққан таяғы түкке жарамай, аузын әлдене деп жыбырлатып, екі қолын бұлғалақтата қашқаны көрінеді. Бұл жолғы видеоға әлгі екі баскесер де ілінген. Орта жолға дейін қуыпты да, кері қайтыпты.
Енді бұл жағдай инспектор мен Сәтбектің басын қатырып, істің ұңғыл-шұңғылын тым тереңдетіп жіберді. Бөлмелерінен шығып, төртеуі де холлға түсті. Алина әлі үркіп тұр. Темір баяндап әлек. Нұрлыбек басын төмен салған күйі диванда отырды. Инспектор басты күдікті деп санайтын адамына тағы да таяп келді.
– Сіз, Темір мен Алинаға неге ермей қалдыңыз?
– Қожайын мылтықтарды берген соң соларды орналастырдым.
– Ал оларды оқтаудың, майлаудың қажеті қанша еді?
– Әр аңшылықтан соң солай істейміз, – деді Нұрлыбек аузы ашыла, аңтарыла сөйлеп.
– Бұл кезде қожайын қайда болды?
– Ол кісі таңға таяу келді, оған дейін де кірпік қақпай айналаны күзетіп отырдық, – деді Темір.
– Неліктен полицияға хабар бермедіңіздер?
– Сол жағын ойламаппыз, сірә өзіміз-ақ қарсы тұрамыз деп ойлаған сияқтымыз.
– Сияқтымыз? – деп инспектор кекесінмен күлді Нұрлыбекке қарап.
– Иә, мұздай қаруланып отырдық, келген соң қожайынға айттық, – деді Темір әңгімені сенімді ауанға қарай бұрып.
– Ол кісі «алаңдамаңдар, ертең сөйлесеміз» деп кірді де кетті.
Нұрлыбек инспектор сауалының алдын орады.
– Полицияға мен хабарластым, – деді Алина смартфонын көрсетіп, – нақты қылмыс болмаса келе алмаймыз деп айтты.
– Осыдан соң қожайын демала беріңдер деді. Біз сонда да біраз уақыт айналаны барлап жүрдік те, бірер минут көз іліндіріп алайық дегенбіз. Сол күйі тас боп қаппыз.
Нұрлыбек ұйқышылдығына күйінгендей санын соққылап қойды.
Инспектор қожайынның тым бейжайлығына таңғалды. Холлда ванна бөлмесіне қарама-қарсы орналасқан жіңішке есікті ашып, экрандар орналасқан қуысқа кірді. Ток сымдары бытыр-бытыр үзілген, аздап тұйықталып, түтіндеп кеткені де байқалады, кейбір токтың резеңкелері жиырылып, сымдары иіліп қалыпты. Бөлме іші аса апалаң-топалаң емес. Реттілікті бұзбауға тырысыпты.
Үй ішіндегілер аңырып тұрғанда, сыртты торуылдауға қалдырған полицей ішке ентігіп кірді.
– Асылып қалыпты, – деді ентігін баспаған күйі, – бір әйел… асылып… қалыпты…
Бәрі орындарынан үдере көтерілді. Сәтбек «инспектор!» деп айғайлап үлгергенше, жаманат хабарды құлағы шалған ол да қуыстан ытқып шықты. Сарайға апыл-ғұпыл кірген олар ас дайындалатын кішкентай сарайдың қақ ортасында асылып тұрған кексе әйел Рахиманы көрді. Мына жағдай шаруаны одан әрі қоюлатып жібергені сөзсіз еді. Инспектордың басы шындап қатайын деді.
– Айттым әлгінде, – деді Сәтбек те ширықтырып, – мен осы кісіден күдіктенгем, міне, өліп те қалды!
Ендігі сәтте бір топ адам осыдан шамалы минут бұрын ғана жарық дүниемен қош айтысып кете барған бейшара әйелді қоршап тұрды. Мың жерден күдікті болса да енді бұл әйелді тергеу мүмкін емес. Істі әрі қарай індете қазу ғана қалып тұр.
* * *
Асулы тұрған адамды алғаш көрген Алина мына қорқынышты көрініске шыдай алмай жылап жіберді.
– Жігіттер, – деді инспектор Темір мен Нұрлыбекке бұрылып, – сендер кешкі асты ішіп болған соң бұл әйелді көрдіңдер ме? Қайда болды?
Екеуі бірден жауап бере жөнелмей аз-кем ойланып қалды. – Бұл кісіден күдіктенудің өзі қалай болар екен? – деді Нұрлыбек басын шайқап, иығын көтеріп. Оны солығын баса алмай тұрған Алина да жалғап әкетті, – Иә, Рахима апайдың жалғыз қызы ғана бар, өмір бойы аспаздық етіп келе жатқан адам, өзі мейірбан…
– Тоқтат! – деп ақырып қалды Санжар, – мен сендерден оның мейірбандығы туралы сұраған жоқпын. Көрдіңдер ме, жоқ па?
– Көрмедік, – деді Темір сөзге араласып, – әдетте бөлмесіне кіріп жатып қалатын, сөйткен шығар.
– Дегенмен күдікті, – деді Сәтбек, – алғаш бізді көргенде есі шығып, әрең жауап беріп тұрды, кейін менен келіп сұранды, одан соң сарайға бір кіріп, бір шығып, беймаза кейіпте жүрді, осының бәрі күдікке жетелей түседі. Әрі ол кез келген асүй пышағын қылмысқа қолдануы да мүмкін.
– Ол түнде үйде болмаған сияқты, – деді Нұрлыбек кенет ойына бірдеңе түскендей. Дауысы дірілдеп шықты.
– Міне, қызық, – деді Сәтбек оң қолының сұқ саусағын шошаңдатып. Осы сәтте инспектор телефоны шырылдап сәл аулақтап кетті де, смартфонына үңілген күйі қайтадан оралды.
– Бөлімшеден ғой, – деді смартфонын бұларға бір қаратып алып, – сіздердің әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздың мекенжайын жіберді.
– Менде парақша жоқ! Біздікі сол агент дәуірінде қалды, – деп күлді Темір.
Нұрлыбек те қосыла езу тартты: фейсбук, инстаграмның не екенін де түсінбеймін тіпті.
Инспектор оларға көзінің астымен бір қарап қойды да, марқұм әйелдің парақшасын аша бастады.
– Мін-н-н-е, Рахима Құдабаева, біз оны кәрі әйел ғой деп жүрсек, өзі фейсбукте отырады екен, – деп бір мырс етті де, әрі қарай парақшасын ақтара бастады. – Мынаны қара, «Қожайынның қорлығы өтті» деп жазыпты. Бір ай, бес күн бұрын. Міне, тағы бір пост: «Кедейдің обалына қалма…» деп басталған. Инспектор жалма-жан сол қолындағы оқиға орнынан табылған хатқа тағы бір қарады: Мағынасы ұқсайды ғой, солай емес пе?
Инспектор одан соң Алинаның инстаграмына кіріп көрді. Кіл ойнақы әуендермен әрленген видео, қысқа көйлек, тырысқан джинсымен түсірілген шағын роликтер самсап тұр. Оқырмандары да аз емес сияқты. 10 мың шамасы. Өзі де тығыршықтай, бет-жүзі мен мүсіні көз тартып-ақ тұр, заман осындай қыздардыкі болып тұр ғой деп бір ойлап қойды.
Марқұмның жеке заттарын, асүй ішін тағы бір мұқият тінтіп шықты. Алайда телефоны табылмады. Ол жайлы қызметкерлерге айтып еді, Темір мен Алина білмедік дегендей иықтарын қиқаңдатты да қойды.
– Бірер мәрте менің телефонымнан қызына қоңырау шалып алды, – деді Алина, – соған қарағанда өзі сотка ұстамайды-ау деймін, немесе бұзылып жүрді ме…
– Шалған қоңырауларын көрсете аласыз ба? – деді инспектор. Көрсетілген нөмірге хабарласып еді, шынымен марқұмның қызы екен. Бесеуі қайта айналып, үйге кірді.
– Мен бүгін ол кісіден телефон байқаған сияқтымын, – деді Нұрлыбек.
– Ендеше ол телефон осында, тапсақ айғақтың көкесі болады, – деді Сәтбек тағы да құлшынып.
– Іздеп көрейік, – деді Нұрлыбек.
– Бәлкім, қылмыс жасады деген күннің өзінде телефонын бір жерге тыға салуы, не көшеге лақтыра салуы қиын емес қой, қылмыстан сәл бұрын бүкіл камера өшірілген, кімнің не істегенін білу қиын. Бұл шарасы таусыла бастаған инспектор сөзі еді.
Нұрлыбек инспектордан пәрмен болмаған соң қозғалуға батылы жетпей қайта отырып қалды. Алина екеуі холлдың шетінде тұрған графиннен су құйып ішіп, диванға қайтып келіп отырды.
Инспектор мен Сәтбек оңашаланып кетті. – Қысқасы, бізде басты күдікті… оны өзің білесің, – деді инспектор сыртқа көз тастап тұрып, – екіншісі – жақсы, әлгі марқұм делік, ал үшіншісі – камераға түсіп қалған екеу. Хас қылмыскер үйдің ішіндегі камералар желісін сыртта тұрып-ақ басқарып, өшіре салады. Сен есеп үшін мыналардың (қолымен қызметкерлерді нұсқап) телефонмен сөйлесу, әлдекімге ақша аудару, карта қолдану деректерін түгел біл. Оған дейін оны сайратып та жіберермін, – деп Нұрлыбекке көз қиығын тастап қойған.
Кенет әлдекімнің қысылған, құмыққан дауысы шығып, екеуі солай жалт қарады. Өңі бозарып, көзі аларып бара жатқан Нұрлыбек екен. Дем жетпей шамалы ырсылдай тыныс алып тұрды да, езуі көбіктеніп еденге құлап түсті. Әп-сәтте аңырып қалған олар апыр-топыр көмекке ұмтылған.
– Етпетінен жатқызу керек, етпетінен, – деп айқайлады инспектор, – су әкел, су! Алина жүгіріп барып графиндегі суды алып келді. Оны Нұрлыбектің бетіне шашты, аузына зорлап тамызған болды. Бірақ әлгінде ғана сайрап отырған жігіттің демі тарылып, тіршілік белгісі сөніп бара жатты. Алина ұялы телефонымен қалалық ауруханаға қоңыраулатып, ондағылар шұғыл түрде көлік жіберген. Үлгерген жоқ. Нұрлыбек көп өтпей-ақ жан тәсілім етіп кете барды. Тіпті жедел жәрдем келгенде де құтқара қоюы неғайбыл еді. Мынадан соң инспектор шындап сасайын деді.
Арада үш күн өткенде сот-медициналық сараптама жасалып, Нұрлыбектің денесінен улану белгісін тапқан жоқ. Марқұм инсульт алған, оқыстан болған психологиялық қысымға шыдамаған деген диагноз қойылды. Инспектор Алина мен Темірді үйлеріне жіберді, бірақ қала аумағынан шықпау туралы қолхаттарын жаздырып алды. Ендігі үміті – камераға түскен екеуде болатын.
Камерадан олардың түр-түсін барынша жақындатып көріп, фоторобот жасады да, барлық жерге суреттерін жіберіп, қала және қаладан тыс аумақтардағы бүкіл бөлімшелерді іске қосты. Бұл іс қызып жатқан кезде қуыс көшелердің бірінде тұтастай қап-қара киінген екі ер адамның мерседес маркалы көлікке мініп жатқаны, содан батыс бағытқа қарай кеткені түсіп қалған видео пайда болды. Инспектордың қолына мол азық іліккендей болды. Ендігісі қиын да емес. Тіпті мүлде із-дерегін көрсетпей кеткен қанды қолдарды да тырп еткізбей ұстаған. Оның қасында мыналарды құрықтау қиын болмайды. Істі ашып бітпей жатып-ақ басшылық мұның атына мақтау рапортын жасап, мансабын жоғарылатуға дайындалып жатты.
Арада тағы бір апта өткенде инспектор баспасөз мәслихатын өткізіп, ауқатты мырзаны өлтірген күдіктілердің көрші қаладан табылғанын айтты. Айтуынша, екеуі ен байлықты тонағысы келгендерін ашық мойындаған. Әрі аяқкиімдері де бизнесменнің үйіндегі терезе алдындағы ізбен сәйкес келген. Сөйтіп, инспектордың кезекті ісі де табыспен аяқталып еді.
* * *
Арада ай өтті ме, өтпеді ме, мың мәрте дәлелденіп, пысықталып, нүктесі қойылған істің лезде өңі айналып шыға берген.
Үш бірдей кісі өлген үйден арылмақ болған мырзаның ұлы Сәйдік ауланың іші-сыртын, айналасын тазалап жүріп, әжетханадан дамылсыз вибрация беріп жатқан смартфон тауып алады. Сипаты смартфон демесең, әбден ескірген, біржола тозудың аз-ақ алдында тұрған дүние екен. Ешқандай код та қойылмаған. Бірден экранға жолданбай қалған смс-тер тізбегі шыға келеді. Іле полиция шақырып, телефонды соларға табыстады. Сонда жолданған, бірақ адресатына жетпей қалған аудио хабарламаның бастан-аяқ мазмұны мынадай:
«Қызым, телефонды алшы! Бізді сыртқа қарай бір қадам аттап бастырмайды…». Әйел дауысы жіңішкере келіп, соңы кемсеңдеуге ұласып, сөзін жөнді айта алмай кеткен, әлсін-әлсін тамағын кенеп, солығын басып алып, сөзін қайта жалғастырған. Соның өзінде әлдебіреудің атын атаған, өз қорқынышын сипаттаған жері жөндем естілмей қалыпты.
«Қожайынды тура асүйде тұрған жерінен барып пышақтап тастады, ес жиып қарауына да мұрша келтірген жоқ, дәретханадан шығып келе жатыр едім, қалшиып тұрдым да қалдым. Тұрғанымды байқап қалып, өлтірем деп маған қарай жүгірді. Ешкімге айтпаймын, тоқта, тоқта деп әрең бетін қайтарғандай болдым… (ар жағында әлдебіреу тас турап жатқандай, шақыр-шұқыр етіп, дауыс құмығып барып қайта шығады) күмәнің болмасын деп қорқытты… адамдарым сенің қызыңды да таниды… бейшара қатын деп тамағыма пышақ тақап тұрды. Менің сол түннен қалмай қашатынымды сезді ме, бірден өз бөлмеме қамап тастады. Полиция келген соң азанда амалсыз ашты… бүгін мені өлтіргісі келетін сияқты. Үйде полиция деген толып жүр. Жаланы маған жаба салмас па деп зәре-құтым қашып тұр, қызым…». Әрі қарай кілт үзіліп қалған.
Үздік-создық айтылған жазбадан оның кімді айтып тұрғанын аңғару оңай да емес еді. Бірақ телефон галереясынан табылған видео бұл іске түбегейлі нүкте қойды…
Асүйде су ішіп тұрған ер адамды ту сыртынан барып пышақпен орып жібермекші болғанда ол әлденеден секем алып жалт бұрылған. Қылмыскер соның өзінде шалт қимылдап, оң жақ қарына сілтеген, ақкөзденіп кеудесін ұрғылаған, тізерлеген күйі бүк түскен сәтінде сол жақ санын тіліп жіберген. Бейшара ес жимай құлапты. Қылмысын мұқияттап жасап болады да, есік жаққа қараған. Сол сәт телефон қараңғы үңгірге сүңгіп кетеді де, тек дауыс ғана жазыла береді. Сірә, қызметші әйел қорыққаннан телефонды қалтасына салып жіберген.
Күдіктінің әрі қарайғы әңгімесі қызметші әйелдің қызына жолдаған аудиожазбасымен сәйкес.
Бұл уақытта шекара асып үлгерген күдікті көрші елде қолға түсіп, бөлімшеге жеткізіліп еді. Кеше ғана еңкілдеп жылап, Рахиманы мейірімді тәтеміз еді деп аза бойы қаза болған сұлу қыз инспектордың алдында тым еркін, тым сенімді отырды.
– Менің бұл үйге Рахиманың арқасында кіргенім рас, – деді ол инспекторға тік қарап. – Бірақ ол болмаса да кіруші едім. Өйткені кек қайтарғым келді.
Инспектор кере қарыс маңдайына ондаған сызық түсіріп, екі қасын қалай көтергенін өзі де аңғармай қалды.
– Ол – менің әкем…
Алина көзіне келген жасты оң алақанының қырымен сүртіп тастады.
– Шешем екеумізді тастап кеткен. Жәй тастаса ештеңе емес, қорлаған… Шешем өмір бойы соны ойлайтын, ал ол болса бізді елең қылған да жоқ. Өзі сонда әкемнен таяқ жеп мүгедек болып отыр. Өзіне де обал жоқ қой… Байғұс өліп тынды ақыры. Ал мені… мені… көше тәрбиеледі.
Бірер ай жұмыс істеп, сеніміне кіріп жүрдім, болғаны сол. Ол мені таныған да жоқ. Оның көзі тек ақшаны таниды. Өлтірмес бұрын екі сыбайлас жалдап, оларды бақ ішінде жасырып, әдейілеп мені, сосын Темір екеумізді қуғыздым. Әрине, мұның ойын екенінен Темірдің хабары болған жоқ. Маған еріп дедектеп жүрді, бейшара. Өлтіріп болған соң терезені ашып, теледидарды өшіріп, желдеткішті қосулы қалдырдым. Бір сыбайласым ашылған терезеден кіріп-шығып, жақтауға аяқкиім іздерін қалдырды. Сіз болсаңыз Нұрлыбектің аяқкиімдерін іздеп, борша-борша болдыңыз.
Инспектор еріксіз мырс еткенін де байқамай қалды.
– Бүкіл камераларды сосын барып өшірдім. Өзімнің және Темір екеуміздің қашқан видеоларымызды кездейсоқ сақталып қалғандай етіп жасадым. Істің бәрін қолғап киіп істегендіктен еш жерде саусақ ізі қалған жоқ. Жұрттар күдік алмас үшін қылмысқа дейін де, одан кейін де инстаграмды көңілді етіп жүргізіп отырдым. Рахиманың атынан кіріп, парақшасына күдікті жазбалар қалдырдым. Бірақ менің қылмысымды көріп қойды. Сондықтан оның да көзін құртқым келді. Қорқып қашып кеткісі келген. Алайда инспектор босатпай қойды. Қызына хабарлама жазып отырған жерінен ұстап, өз қолыммен асып тастадым.
Инспектор еріксіз басын шайқады.
– Сөйтіп, екінші қабатта инспектордың алдына кіріп, түсініктеме бердім. Бәріміз холлда отырғанда Нұрлыбек Рахиманың телефонын іздейік деген ой айтты.
– Оның көзін құрту да сізге қиынға түскен жоқ?
– Ол ауланың іші-сырты, есік-тесігін түгел біледі. Сондықтан тауып алуы әбден мүмкін. Соны ойлап, екеуміз графиннен су ішуге келген мезетте байқатпай стаканына TH-16 токсинін тастап жібердім. Бес минут өтті ме, өтпеді ме, сеспей қатты. Ол өте зәрлі у, сонысына қарамай экспертизада ізім-ғайым жоғалады.
– Ол әрі Рахиманың қылмыстан соң мүлде бой көрсетпегенін де байқап қойған сияқты ғой?
– Иә, сол сөзі де ашуландырды. Ал Рахиманың телефонын өлтірер алдында әуе режиміне қойып, туалетке лақтыра салғам. Сөйтіп істі біттіге санағам. Бірақ құрықтарыңыз ұзын болып шықты. Сонда да өкінерім жоқ. Өзім мен шешемнің өмірін тәлкекке ұрындырған адамнан кек алдым.
Инспектор бір нүктеге қадалған жанарын серпілтіп, әлгі-і-і деп сөз бастай беріп еді, өз қылмысын өзі майын тамыза баяндап отырған қыз тағы да алдын орап кетті.
– Екі күдіктінің жайы… оны өзіңіз де біліп отырған шығарсыз. Жақында ғана түрмеден шыққандар ғой, оларға бейбіт өмірде жүргеннен гөрі қапас іші тынышырақ. Ол жаққа кетуден қорықпайды да. Ақша бердім, келісті. Менің де алысқа ұзамасымды сезсе керек…
Өрімдей жас сұлудың мына әңгімесін ұйып тыңдаған инспектор мелшиді де отырды.
– Айтпақшы, сізді де жақсы танимын, – деді сосын Алина көзін ойнатып, – осы істі ашсаңыз жоғарыға өрлеуге сенімді болдыңыз емес пе?! Құтты болсын, қызметіңіз!
Инспектордың көзі одан сайын алақандай болды. Алғаш рет өзі әбден зерттеп ашқан қанды қылмыстың кейіпкерінен жеңілді.
(Соңы. Басы өткен санда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!