Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа жыл қарсаңында 100-ден аса жерлесіміз қоныстойын тойлады

28.12.2022, 10:20 253

HALYQLINE.KZ  Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының сол жағалауынан кезекті көпқабатты тұрғын үйдің ашылу рәсіміне қатысты. Бірнеше күн бұрын 60 отбасыға жаңа баспана берілсе, бүгін ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтардағы 50 отбасыға пәтер кілті табысталды.

– Соңғы жылдары Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 9,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, бұл қаражатқа 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Алдағы уақытта облыс бойынша тұрғын үй құрылысы көлемін одан әрі ұлғайтып, 3 жылда көлемі 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Келесі жылы облысымыздың бас шаһарында құны шамамен 17 млрд. теңгені құрайтын 23 тұрғын үй ел игіліне табысталып, барлығы 1100 отбасы өз пәтер кілтін алатын болады. Берекелі бастама жоспарға сай аяқталып, кезектілікке сәйкес жерлестерімізге беріледі, – деді өңір басшысы Н.Нәлібаев.

Қоныс той иелерін қоғам қайраткері, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ибрагим Абибуллаев құттықтады. Ал, қоныс той иелерінің атынан көпбалалы ана Жадыра Кенжеева аймақ басшысына алғысын білдірді.

Айта кетейік, сол жағалауда 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйден халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 35 пәтер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 15 пәтер берілді. Жыл басынан бері өңірде қаржыландырудың барлық көздері есебінен 604 мың шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласында СПМК-70 тұрғын ауданында екі 40-пәтерлі және бір 50-пәтерлі кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілді.

Еске салсақ, жаңа жылға арналған мерекелік іс-шаралар өткен аптада бастау алды. Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, орталық алаңда бас шырша шамы жағылды. Мұнан бөлек, облыс әкімдігінде Президенттік шырша өткізіліп, күніі кеше Қазалы ауданында 3 ауыл газдандырылды және 140 орындық балабақша ашылды. Жыл соңына дейін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: