Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

24.11.2022, 9:00 337

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер халыққа тоқсан сайын есеп беру міндеттелген. Бұл бұқара мен биліктің арасын жақындатып, ел ішіндегі күрмеулі мәселелерді шешетіні хақ.

Осыған сәйкес осы аптада Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өзінің кезекті тоқсандық халықпен кездесуін Өркендеу, Бірлік, Аранды, Бозкөл, Кәукей, Тасарық, Абай ауылдық округтерінде жалғастырды. Аудан басшысымен тиісті сала өкілдері мен құқық қорғау саласының басшылары да бірге барып, халықпен кездесулер өткізіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты.

Алдымен Өркендеу ауылдық округіндегі халықпен кездесуінде аудан басшысы 20 қарашада өткен кезектен тыс Президентсайлауына біркісідей қатысқан ауыл халқына алғысын айтып, ризашылығын айтты.

Кезек ұсыныстарға берілгенде Жанкент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өткелбай Жолмырзаев өз ой-пікірін айтып, республикалық тарихи ескерткіштердің қатарына кіретін Жанкент шаһары мен ауыл арасындағы жолдың екі бетін көгалдандыру, көшені асфальттау және елді мекендегі аяқ су мәселесін көтерді.

Мұнан соң, Бірлік ауылдық клубында өткен кездесуде де тұрғындар бірқатар мәселені аудан басшысының назарына жеткізді. Атап айтар болсақ, елді мекендегі электр желілері мен бағаналарын жаңалау, ауылға электрик штатын бөлу, ұялы байланыс желісін дұрыстау, Қазалыдан «Kaspi bank» бөлімшесін ашу және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс айтты.

Тұрғындармен кездесуден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бірлік ауылында жаңадан салынған әкімдік ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Осылайша халықтың қуанышына ортақтасты.

Аудан басшысы мұнан соң Қожабақы ауылына барып, ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.

Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Махамашов елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты аудан басшыларына алғысын айтса, өзге тұрғындар М.Еселбаева мен Б.Өтепов көшесін асфальттау, қаңғыбас иттерді аулау, ақылы қоғамдық жұмысқа орналасудың заңдылықтарын сұрады.

Көпшілік көтерген мәселеге байланысты аудан әкімі жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

«Әкім бол – халқыңа жақын бол» демекші, аталмыш мұндай кездесулер көпшіліктің көңілін сергітетіні рас. Ел ішінің бірлігін бекемдеп, жұртшылықтың атқарушы органдарға деген сенімін де қалыптастыратыны сөзсіз.

Қазалы ауданының әкімі М.Әуесұлыны келесі сапары Бозкөл, Кәукей және Абай ауылдарында да жалғасты.

Аудан басшысы биылғы жылы аталмыш округтерге қызмет көрсететін амбулатория ашу үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатқанын жеткізді.

Кездесуге келген жауапты сала өкілдеріне ауылдың белсенді азаматтары да өз көкейдегі сауалдарын жолдады,

Мәселен, Бозкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанұзақ Келімбетов ауыр жүк көліктерді елді мекендегі орталық көшені бүлдірмеу үшін айналма жолмен жүргізу жөнінде ұсыныс айтты.

Сонымен қатар Тасарық ауылының тұрғындары елді мекенге кіреберіс жолды жөндеу, №238 мектепке балалар тасымалдайтын көлік пен жедел жәрдем көлігін беру туралы мәселе көтерді.

Лақалының тұрғыны Алтынбек Жұбаниязов аудандағы көзі тірі Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаев тұратын көшеге жарықшам орнатуды сұрады.

Алыстағы Кәукей ауылының тұрғындары елді мекендегі дәрігердің өзге қалаға қоныс аударып, жұмыстан шығып кеткеніне алаңдаулы. Осыған орай тезірек жоғары медициналық білімі бар маманмен қамтамасыз етуді сұрады. Сондай-ақ, кәукейліктер елді мекенге жаңа трансформаторлар орнату, ауыл көшелерін асфальттау, аудан орталығынан келетін жол бойындағы көпірлерді жөндеу, тұрғындарға бақша егу үшін арнайы техникалармен көмек көрсету жөнінде айтты.

Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Тұрғындармен кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.

Кездесулерден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: