Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Берекелі ауылдың бірлігі бекем

12.09.2022, 11:10 430

HALYQLINE.KZ

Әйтеке би кентінің оңтүстік шығыс аумағындағы тұрғындардың ұйымдастыруымен «Әділетті аудан. Біртұтас жұрт. Берекелі ауыл» тақырыбымен ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.

Мазмұны мол іс-шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтты.

Сонымен қатар, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандарды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Ауыл ақсақалы Қарсақбай Әбдірахман да құттықтау сөз сөйлеп, оңтүстік шығыс аумақта тұратын тұрғындардың үндеуін оқып берді. Ол өз үндеуінде «Жеңіс» саябағынан спорт кешенін салу, спорт кешеніне Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін беру, Қ.Сәтбаев көшесіндегі балалар алаңын кеңейту сияқты мәселелердің шешімін тапса деген көпшіліктің тілегін білдірді.

Ал, «Жанқожа батыр» атындағы мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов дүниеден өткен марқұмдардың рухына құран бағыштады.

Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен Қаныш Сәтбаев пен Әбубәкір Тыныбаев көшелерінің қиылысында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды.

Бұл іс-шараға арнайы келген барлық балалар үшін батуттар қойылып, тәттілер тегін таратылды. Одан бөлек, ұлттық киімдер киіп келген балақайларға да сыйлықтар үлестірілді.

Сонымен қатар, балғын балуандар белдесіп, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер салмағы 30 келі болатын марқа қозыны көтеріп сайысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылардың тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ересектер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қой көтеру мен арқан тартыстан жеңімпаз атанғандар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара аясында Қаныш Сәтбаев пен Әбубәкір Тыныбаев көшелерінің қиылысынан бұлақ ашылды. Игілікті іске аудан әкімі Мұхтар Оразбаев оң болсын айтып, салтанатты түрде бұлақты іске қосты.

Алдағы уақытта тұрғындар осы бұлақтың көмегімен гүлдер мен түрлі көшеттер егіп, гүлзар бағын ашуды жоспарлап отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: