Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шұғылалықтар шағымы

25.08.2022, 16:00 367

HALYQLINE.KZ

Қаламыздың көркін келтіріп тұрған зәулім ғимараттар жетерлік. Бірі жаңа болса, бірі – кеңес үкіметінен бері іргесін жықпаған көпқабатты үйлер. Салынғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен нысандардың тұруға жарамсыз бөліктері де жетіп артылады. Үйдің күйсіз тұрғанын күйттеген көп тұрғынның талап-тілегі енді әкімдікте емес, үй ауласында өтеді. Қала әкімі Асылбек Шаменов қаладағы «Шұғыла» мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесіп, қазіргі мәселесін тыңдап, шешетінін жеткізді.

Дегенмен, шаһардың шырайын шығарып тұрған кейбір тұрғын үйдің тұрғындары үйдің ішкі-сыртқы жағдайына, ауызсуға көңіл толмаушылығын білдіріп, көкейде жүрген мәселелерін айтты.

Пәтер тұрғындары ауызсу мәселесін көтеріп келе жатқанына көп болды. Осы нәрсе шешілсе, қаладағы ең түйінді проблема шешімін табар еді. Одан өзге мәселелерге тоқталсақ, біздің шағын ауданда жастардың қыдырып жүретін, демалып отыратын жері жоқ. Таңнан кешке дейін жұмыс істеп, кешкі уақытта серуенге шығатын жер болса, ол да қуанышымызды еселер еді, – деді қала тұрғыны.

Бұқараның бұдан бөлек тағы бір «мұңы» бар. Ол – көшедегі бұралқы иттердің кезіп жүруі. Балалардың мектепке баратын уақыты жақындады. Пәтер иелері осының салдарынан балаларын ит қауып алуынан қорқады. Тіпті, кезбе жануардың үлкен адамға тап беруі де таңқалатын нәрсе емес. Осы жағдайдың алдын алып, біржақты етуін сұраған жұртшылыққа «бұрын жақсы еді, өзінің заңына сәйкес ауланатыны ауланып, дәрі қолданатынына дәрі егетін еді. Қазір оның барлығын заңды түрде жойып тастады. Бұл біздің өзімізге мәселе болып жатыр. Жаңа заңға сәйкес ашулы, зиян тудыратын иттерді қолмен аулап, оны бағып-қағу қажет, қазір тиісті мамандардың бар уақыты осы иттерді қуалап жүріп ұстауға кетіп жатыр», деді қала әкімі.

Бұл тақырыпты осылай жауып қойған күннің өзінде бұралқы иттердің адам баласына тигізер зияны тоқтайды деп айту қиын. Өйткені бұл тек шұғылалықтардың ғана емес, барлық қала, облыс тұрғындарының негізгі уайымы мен жанайқайына айналып отыр.

Қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде көтерілген тағы бір мәселе  – бірнеше тұрғын үйге қарасты ойын алаңы мен шағын стадионның жағдайы көп өтпей ескіріп кетуі. Жел соқса құм көтеріліп, көз ашу қиындайды екен. Сол үшін осы нәрсенің өзі балалардың денсаулығына қауіп төндіріп, ата-аналардың уайымын үдетеді. Футбол алаңын қоршаған темір тор жыртық торға айналған. Тіпті, оның ішінде доп қуалау да мүмкін емес. Жерге төселген резеңкелі брусчатка алынып, топырағы шығып жатқан ойын алаңы дәл қазір ойнауға жарамсыз болған соң, мұны да жөндеуді қолға алатынын айтты жауапты сала өкілдері.

Әкімнің халықпен кездесуі  ашық әңгіме форматында өтіп, тұрғындар бұдан өзге де маңызды мәселелерін ортаға салды. Жол, құрылыс, су, ойын алаңдары, тіпті шыбын-шіркейдің көптігі жөнінде қаралған проблемаларды жақын арада шешіп, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызуды көздеген қала әкімі бұл жұмыстармен етене айналысып, осы салаға қатысты мамандарға арнайы тапсырма беретінін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта тағы да дәл осы сынды кездесулердің легін арттыратынын айтқан қала әкіміне тұрғындар ризашылығын білдіріп, ақсақалдар бата берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: