HALYQLINE.KZ –| Коронавирус індетінің таралуына байланысты тұрғындар арасында жеке қорғаныс құралдарына сұраныс артып жатқаны белгілі.
Осы орайда, індеттің алдын алуға аймақ кәсіпкерлері де өз үлестерін қосуда. Жергілікті жеңіл өнеркәсіп саласындағы 80-нен астам кәсіпорын мен ерікті жеке қорғаныс құралдарын дайындап, қарқынды жұмыс істеп келеді.
Атап айтсақ, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында – 8, Қазалы ауданында – 22, Қармақшы ауданында – 21, Сырдарияда– 12, Шиеліде – 5 және Арал ауданында – 3 кәсіпкер бетперде тігу ісін қолға алды.
Облыс кәсіпкерлері 20 наурыздан бүгінгі күнге дейін дәріханаларға бір реттік және көп реттік 1 млн жуық бетперде өткізді. Бетперде бағасы 80-200 теңге аралығында.
Ал «Далатекс» серіктестігі «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында күн сайын 2 мыңға жуық бетпердені тегін таратады. Кәсіпорынның бұл әрекетіне тұрғындардың алғысы шексіз. Себебі, бастапқы уақыттан, яғни медициналық бұйымға тапшылық туындаған сәттен бастап үрдісті үздіксіз жүргізіп келеді. Айта кету керек, бетперделер медициналық бұйым болмағандықтан және «Жеке қорғау құралдарының қауіпсіздігі туралы» Еуразиялық экономикалық одағы техникалық регламентінің объектілер тізбесіне енгізілмегендіктен, өндіруге және өткізуге арнайы лицензия талап етілмейді.
Сондықтан кәсіпорындар өз өнімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымның стандарты бойынша шығаруға және өткізуге мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін «Ас-Ка» және «ПромКоммерцКА» серіктестіктері бір реттік 677 қорғаныс костюмін тіксе, «НеоХимТех» кәсіпорны мен №50 дәріханасы қаладағы дәріханалардың сұранысына сәйкес 500 литрден астам антисептик шығарды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!