Адамзат басына төнген індет жер жүзін желмен жарыса шарпып тұр. Бейбіт күннің «бомбасына» айналған пандемия салдарынан адам өмірін сақтаудың тәуекелді тізгіні осалдығы бір байқалды. Олай деуге себеп те бар, «COVID-19» пандемиясы науқастармен қоса медицина қызметкерлерінің өміріне айтарлықтай қауіп туғызып тұр. Өмір мен өлім арпалысында үй көрмей, отбасынан алшақта жүрген қызметкерлер үшін бұл жағдай оңайға соғып тұрған жоқ. Физикалық күшпен қоса моральдық тұрғыдан да тыныштық аз. Үзіліссіз жұмыста күнделікті жаңа ақпар, сағат сайынғы, минут ізіндегі жаңа мәліметтерді игеру олардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Аңдамай басқан бір қадам бүкіл өміріне, тіпті өзгенің өміріне де залалын тигізуі әбден мүмкін. Қорқыныш құрсауы мен үрей жетегінде жұмыс істеу адамды рухани тұрғыдан шаршатып, қажырын жұтып қоятынын ескерсек, бүгінгі дәрігерлер қауымы оқ пен оттың ортасында ерлікпен жұмыс істеп жүр деген сөз. Тіпті олардың әр қадамы соңғы саналатынын да ұмытпауымыз керек. Әлемдік тәжірибеден көргеніміздей, кейбір елдерде коронавируспен ауырып, қайтыс болғандардың жерлеу рәсімі қашықтан жүргізілуде. Кей жағдайда туыстарына мүлде берілмей, жерлеу рәсімін орындайтын арнайы мамандар арқылы жер қойнына тапсырылуда. Жуырда Қазақстанда да осы инфекциядан көз жұмғандарды жерлеу туралы ереже қабылданды. Бұл ережені ұстануды басқа салмасын. Десек те, онда не жазылғанын білу дәл осы мезетте білу әр адам үшін маңызды.
Айта кетейік, қауіпті індеттен қайтыс болғандардың денесі туыстарына берілмейді. Қауіпсіздік мақсатында мәйітханада марқұмның денесі ашылмайды. Ал ақтық сапарға шығарып салуға туыстарына бар-жоғы 1 сағат ғана уақыт беріледі. Оның өзінде тек әйнек сыртынан қарауға ғана. Тағы бір шарт – жерлеуге тек ет жақындары шақырылады. Ал олардың саны 7 адамнан аспауы керек. Жерлеу рәсімін эпидемиолог мамандар қадағалайды.
Медицина мамандары COVID-19 вирусымен күрестің алдыңғы қатарында болғандықтан, олар да жоғары қауіпке ие. Мәселен, Италияда 80-ге тарта дәрігердің өмірі осы дерттің салдарынан ерте тоқтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 3000-нан астам медицина қызметкері ауруды жұқтырды. Осы дерек Қазақстанда да тіркелді, 120-дан астам медқызметкер жұмыс барысында ауру жұқтырып алған.
ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, нфекциямен немесе инфекцияның көзімен байланысқан жағдайда медицина қызметкерлері кем дегенде екі апта бойы өзін-өзі оқшаулауы керек. Дәрігерлердің өз өмірін қатерге тігіп, жұмыс істеп отырғанын бағалағанымыз жөн.
ДДСҰ есебіне сәйкес, бүгінде бүкіл әлемде мейірбике кадрларының тапшылығы 5,9 миллионды құрайды. Дәл қазіргі қауіпті кезеңде біз осы көрсеткішті көбейтпес үшін қатаң талаптарға бағынуымыз керек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!