«Газ бағасы түссін! Қымбатшылық тоқтасын! Билік орнын босатсын! Жаңаөзенмен біргеміз! Алға, Қазақстан!»
***
Әлі күнге дейін бұл сөздер қазақ халқының құлағына жаңғырық болып естілетіні ақиқат. «Қаңтар оқиғасынан» кейін қазақ еліне жаңа өзгеріс керек екені түсінікті болды. Қорқыныш пен үрей, дүрлігіс пен дүрбелең артта қалып, алдағы күнгі тәтті елесті көз алдымызға елестетіп қана қоймай, әрекет ету керегін айтпай-ақ ұқтық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел тізгінін ұстап, халқына демеу болды. Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» деп сөз сөйледі. Бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Президент пәрменділігімен «Жаңа Қазақстанды – екінші республиканы құруға» алғашқы қадамдар жасадық. Кемшін кеткен тұстарды ескере отырып, жаңа кезеңге жаңа реформаны қолға алып, жүзеге асыруды шештік. Оған 7,9 миллион қазақстандық қатысып, оның 77,18 пайызы өзгерісті қолдаса, қарсылық танытқандардың саны 18,66 пайызды құрады. Ендеше, жарқын болашақтан үмітті қазақ халқына «Жаңа Қазақстан» ұғымының ұлтқа қандай пайдасы тиетінін талдап көрейік. Ең алдымен, Президентіміз бұл бастаманың мағынасына мынадай анықтама берді.
– Ішкі-сыртқы қатерлерді ескеруіміз керек. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымызбен айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда ең алдымен жұртымызға ауызбіршілік керек, ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстан құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз, – деді ол.
Меніңше, «Жаңа Қазақстан» – елдің бірігуі. Осы уақытқа дейін халық пен билік екі жағада жүзіп келді. Бір-бірімен ешқандай байланыс болмай, бұқара халық күнкөрістің қамымен, ал билік әр елге жалпақтап жағымпаздық әрекетпен күн көрді. Ескі Қазақстанның позициясы өзге елдермен бейбітшілікті сақтауға басымдық берілді. Қазақтың том-том тарихын ақтарып, байыпты көзқараспен қарасақ, еліміз жаппай келген алапатты, нәубет-ашаршылықты бастан өткергенін аңғаруға болады. Сол себепті аз қазақты көп қазақ қылу үшін осы бір функцияны басты назарға алған деген тоқтамға келген жөн. Бірақ неге билік пен халық бір арнада тоғыспады. Кінәлі кім? Кінәрат неден? Өйткені билік мінберіне шығу таныс арқылы жүрді. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегенді ұстанды. Әрине, қисынға салып қарасақ, мұндай көзқарасты түсінуге де болады. Өзгемен бөліскенше, ең құрығанда жақыныңмен бөліскен дұрыс-ау. Мейлі, бұған да ел көнді. Қазақтың бір қарыс жерін болса да жат қолында қалдырмай, кім көрінгенге үлестіре бермей, өз халқының әл-ауқатын жақсартуды ойласа, халықтың да билікке сенімі беки түсер еді. Тек «ата-бабамыз осы күнге әрең жетті» деп көптің көңілін босатуға бағытталған бос көлгірсудің түкке де қажеті жоқ.
Хош. Алдыға ұмтылу үшін ең алдымен өткенді ұмыту керек. Сондықтан қайта-қайта ескі жараны тырнағаннан елге келер пайдасы жоқ. Ал «Жаңа Қазақстан» – жастардың қолында. Жөргегінен жорғалаған жарамсақтардың емес, намысшыл, білімді, білікті ұрпақтың жағында. Демек, өзгеріс айтарлықтай бар деген сөз. Жалпы, бұл атаудың түп мағынасы – «әділетті Қазақстан». Елге әділ жүйе керек болды. Міне, нәтижесі. Конституциядағы өзгерістер бірнеше рет айтылды, талданды. Мәселе оның сылдыр сөз түрінде емес, іс жүзінде жүзеге асуында болып тұр. Алайда бұл тек билікке ғана қатысты деген тұжырымды алып тастау керек. Өйткені енді екінші республиканың болашағы ел мен биліктің ортақ қам-қарекетіне байланысты. Біз референдум басталмас бұрын «Жаңа Қазақстанның» қандай болуы керек жөнінде қоғамдық пікір иелерінен сұраған болатынбыз. Сауатты сараптама жүргізу арқылы, нендей өзгеріс керек екенін билікке жеткізіп, қоғам болып жан-жақты талқылаған едік. Олай болса, сондағы пікірлерге қысқаша көз жүгіртсек.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы:
– Халық – қоғамның негізгі аспектісі. Елдің дамуын жоғарылататын да немесе тежейтін де – халық. Қазақстан азаматтарының арқасында ғана «Жаңа Қазақстанды» құра аламыз. Ешкім бізге сара жол салып бермейді, өзіміз талпынуымыз қажет. Ешқандай дүниеден тыс қалмай, қоғамдық, рухани, әлеуметтік, экономикалық өмірге белсене араласу қажет. Яғни ашық қоғам орнату арқылы азаматтық қоғамға аяқ басамыз. Елде жаңа өзгеріс болуы үшін халықтың психологиясы өзгеруі керек. Ал, билік халықтың қызметшісі екенін ұмытпауы қажет. Сол кезде байланыс жақсы болады. Ең алдымен, «Жаңа Қазақстан» жастардың қолында екенін айта кеткен жөн. Сондықтан жастарға қолдау көрсетіліп, белсенді болуына мүмкіндік жасалуы қажет. Мұның барлығы жүзеге асуы үшін формальды болмауы өте маңызды.
Мұратбек ЕРЖАҚЫП,
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы:
– «Өзгерісті әр адам өзінен бастауы керек» деген Ел Президенті халыққа арнаған Жолдауында жаңадан құрылатын облыстардың аталуында ерекше мән бар екенін атап өтті. Бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамайтынын жеткізген мемлекет басшысы ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырту бүгінгі буынның парызы мен міндеті екенін баса айтты. «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жаңашыл ұстаздар қажет. Шетелге кеткен жас мамандарды елге қайтаруды бүгіннен бастап қолға алу керек. Ол үшін біз тәрбиені бесіктен бастауымыз керек. Жас баланың бойына ұлттық құндылығымызды, салт-дәстүрімізді сіңіре отырып, оны отансүйгіштікке баулуымыз қажет.
Жандос БАЗАРТАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры:
– Қазір қоғамда басшыға жағынғаннан гөрі, сол ұжымға адал қызмет жасайтын, қызметтік мансапта «былғары креслоға» тез жетуді аңсап, нәтижесіз уақыт өткізуден гөрі, абыройлы жұмыс істеуге барын салатын, смартфонға үңіліп, жалынын жігерсіздікке айырбастағандардан гөрі ұлтқа жанашыр жастарды тәрбиелейтін уақыт келді. Бүгінгі жас буын – көзқарасы айқын, білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты қалыптасу үстіндегі азаматтар. Қазіргі жастардың креативті ұсыныстарын, жаңа тың жобаларын белсенді жүзеге асырсақ, біз бірнеше есе қарқынды еңбек етіп, нәтижеге жете аламыз.
Пікір иелері түбі бір мәселені қозғады. «Жаңа Қазақстанмен» жастар айналысуы керек дегенді меңзеді. Сол кезде Қазақстан жаңашылдықпен жаңаратыны анық. Референдум аяқталысымен Ұлттық құрылтай өткізілді. Ұлытауда бәтуалы басқосу болды деуге саяды. Құрылтай өткізілмес бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарлық шығарған болатын. Жарлықта Ұлттық құрылтайдың ережесі мен құрамы, негізгі міндеттерімен қатар, жұмыс тәртібі бекітілді. Жарлыққа сәйкес, Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып бекітіліп, құрылтайдың төрағасы ел басшысының өзі болды. Ал оның орынбасарлары мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай болса, хатшы қызметіне Аида Балаева тағайындалды. Айта кету керек, құрылтайдың құрамында 117 адам бар. Сол мүше болған жандардың көбі қалай құрылтай құрамына кіргенінен бейхабар. Демек, қоғам белсендісі ретінде еңбегін елеген жандар осы мүмкіндікті пайдаланып, мемлекет басшына не айтты? Нені айта алмады?
Жалпы, әр саланың үздігі бас қосқан жиында өткір мәселелердің өрнегі қалыптасты. Әрқайсысы өзекті мәселелерді қозғап, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, әріптесіміз Мақсат Толықбай жастар су десе суға, от десе отқа түсуге дайын екенін атап өтіп, бүй деді.
– Әр аймақтан әр саланың мықтылары бүгін бір жерде бас қосып отырмыз. Баршаңызды көріп отырғаныма өте қуаныштымын. Көтерілген мәселелердің барлығы бірден аз уақыт ішінде шешілмейтінін білеміз. Аптасына бес рет тікелей эфирге шығамын. Қоғамдағы резонансты мәселелер, түйткілді проблемаларды күн сайын шама-шарқым жеткенше айтып келе жатырмын. Сан алуан пікір бар, әртүрлі көзқарас бар. Сондықтан бізге ашықтық керек. Соңғы кездері мені бір нәрсе қынжылтады. Бізде керітартпалық, бірбеткейлік белең алып бара жатыр. Бір-бірін көре алмайтындар, жамандайтындар көбейді. Сол кезде мен ойлайтынмын, біз осы бір идеяның төңірегінде бас қосатын күн болар ма екен деп. Құрылтайдың 100-ден аса мүшесі бар және әрқайсысымыз жүз түрлі мәселе айтсақ, оның барлығына құрылтайдың шамасы жетпейді. Сондықтан депутат Айдос мырза айтқандай, ең болмаса біз қоғамда талқыланып жатқан үш мәселені күн тәртібіне шығарсақ, оны заң жобасында шешсек. Үш мәселені шешудің өзі – жеңіс. Өйткені қоғам қазір нақты өзгеріс күтеді, – деді Мақсат Толықбай.
Расымен, қоғам бос сөзден шаршады. Нақты өзгерісті күтеді. Сондықтан кем дегенде құрылтай аясында үш мәселе болса да, оңтайлы шешім қарастырылса, бұл жиын тектен-тек емес екенін дәлелдейді. Бұл құрылтай ұлттық демократиялық ел болудың негізгі баспалдағы екенін көрсетті.
Сайып келгенде, «Жаңа Қазақстан» сөзінің астарында қазақтың рухын көтеріп, сенімін арттыру үшін қолданылатын күш жатыр. Көзінен оты сөнген халық болашағынан үмітін үзеді. Сол себепті Мемлекет басшысы елдегі ахуалды сезіп, көкейдегі көлкіп тұрған түйткілді мәселені кезең-кезеңімен бірігіп тарқатуды шешті. Халық та болашаққа алаңдап, тірлік етуге кірісті. Елдің болашақтағы бейнесі жарқын болып, жаһандық аренада көк тудың желбіреп тұратынына екі тараптың да сенімі мол. Міне, сөздің құдіреті осы. Бір мақсат, бір мүдде, енді нәтижеге бірге жетейік!
Азамат АБИМОЛДАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!