Тағдырдың біреуге ерте, енді біреуге кейін беретін сынағы бәрінің де басынан өтпей қоймайды. Сондай сынақтардың ең зілі – адамды, әсіресе балаларды көз жанарымен сынау деп білеміз. Қоғам өмірінен мүлдем тысқары қалмайтын көз жанарынан айырылған балалардың қашанда болмыс-бітімі ерек. Себебі, олардың сезу түйсіктері өте жоғары болады. Бүгінде облысымызда 18 жасқа дейінгі 240 зағип бала бар екен. Бүгін осы тақырыпта сөз қозғамақшымыз.
Аймақ бойынша көзінің ауруымен сабылатын адамдардың әр жағдайы түйткілді мәселеге айналуда. Әсіресе көз мүгедектігімен есепте тұратын балалары бар ата-ана үшін қиын екені анық. Айтатын болсақ, бар проблема облыс бойынша балаларды қарайтын көз дәрігерлерінің тапшылығынан екені белгілі. Сонымен қатар, зағип балаларға арналған жеке сауықтыру орталықтарының ашылмайтыны қарапайым халықтың ашуын тудыруда. Сондай-ақ, әлеуметік жәрдемақы есебімен берілетін қаражаттың жеткіліксіз екенін айтып жұртшылық наразылығын білдіріп жатыр. Қамқорлығында екі бірдей мүгедектігі бар баласы үшін жанын пида етуге дайын жерлесіміз Назерке Кадированы сөзге тартқан болатынбыз. Баласының бір көзі көру қабілетінен айырылса, екінші көзін аман алып қалу басты арманына айналған ана қазір қимыл-қозғалысына дейін қомақты қаражатты талап ететінін айтып өтті.
– Қазір мемлекет тарапынан берілетін көмектің жетпейтінін барлығы біледі. Өйткені қазір қымбатшылық қысып барады. Тапқанымыз бен балаларымыздың мүгедектігіне берілетін ақшаның дәрі-дәрмек пен ем-шаралардан артылмайтыны белгілі емес пе? Республика бойынша ерекшелігі бар балаларға арналған ешқандай мемлекеттік орталық жоқ. Бар болған күннің өзінде жеке клиникалар өте қымбат қаражатты талап етеді. Бір отбасында бірнеше мүгедектігі бар балаларды емдету үшін ата-аналарға оңай тимейді. Әйтеуір, қарызданып, қауғаланып, «көмек жәшігін» ұстап көшеге шығудан жалтармаймыз. Әлеуметтік жәрдемақы қаражатын 5 пайызға өсірсе, базар бағасы 10 пайызға бірден шарықтап кетеді, – дейді ол.
Расында да, баға шарықтап, теңге құнсызданған нарықтық заманда мүгедек жандар былай тұрсын сау адамның өмір сүру жағдайы күрт төмендеуде. Иә, бұл тақырып басқа бағытты қозғайды. Біздің «жырымыз» – көз мүгедектігі бар балалардың мәселесін шешу. Осы тұрғыда Қызылорда облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Олардың мәліметінше, бұған дейін Қазақстанда мүгедек балалар 16 жастан бастап 18 жасқа дейін ғана топтарға бөлінетін болса, енді 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар сырқатының ауырлық дәрежесіне қарай топқа бөлінеді. Осыған байланысты, мүгедектігі бойынша МӘЖ-ның мөлшері мүгедектік тобына қарай көбейеді. Яғни, әр санаттағы бала әртүрлі жәрдемақы мөлшерімен қамтылады деген сөз. Биылдан бастап 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 52345 теңге, бірінші топтағы жетіден он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 71787 теңге мөлшерінде, ал екінші топ бойынша – 59449 теңге, үшінші санаттағы балаларға 52345 теңгені құрайтын қаражат беріліп жатыр. Осы төңіректе жауап жазған департамент басшылығы толық сауалдарымызды қанағаттандырмады.
Жеткіліксіз қаражаттың жыры таусылар емес. Оған қоса облысымызда дәрігерлер мен емдеу орталықтарының жоқтығы қала тұрғындарын басқа аймақтарға тіпті, шет мемлекетке дейін жетелеуде. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандармен байланысты тығыз орнатып, олардың сұраныстарына барынша жұмыс атқарылуы керек. Айта кететін болсақ, мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың қамқоршыларына арналған республика бойынша жатын орын жоқ. Емделуге барған мүгедектер алатын жәрдемақысын қайда жеткізерін білмей әлектенуде. Мемлекеттен қашанда қолдау күтетін бұқараның, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі зағип жандар үкіметтің үнемі қамқорлығында болғаны жөн. Тағдыр тәлкегімен келген зағип бүлдіршіндердің жарық сәулені көруді аңсайтыны жасырын емес, сол себепті оларға деген ыстық ықыласымыз бен қолдауымызды арттырғанымыз дұрыс.
Көмек қолын созатын қорлардың да азайып бара жатқаны, олардың мүгедек жандарға жанашырлық танытпайтындығы бізді қынжылтатыны айқын. Қазір билік басындағылар да сол қорларға сенім артып алғанға ұқсайды. Ал ол қайырымдылық қорлардың бір көрініп, артынша ізім-қайым болатынын жасыра алмаймыз. Қалың бұқараның өзі үкіметтен келетін қайырымдылыққа сеніңкіремейді. Сонымен қатар, алдыңғы жылы жөндеу жұмысынан өткен Қызылорда қаласындағы №5 көзі нашар көретін балалардың арнаулы мектеп-интернатының тарлығы ата-ананы сарыуайымға салуда.
– Балалардың ашық, кең бөлмеде қыстырылмай білім алғанын барлық мүгедектігі бар балалардың әке-шешелері қалайды. Мектептің тарлығын бәріміз көзімізбен көріп жүрміз. Көзі нашар көретін немесе мүлдем көру қабілетінен айырылған оқушыларға жаңа мектеп пен сауықтыру орталықтарының және бала айналысып, көңілін бөлетін ойын алаңдарымен толық қамтылуын қалаймыз, – деді көпбалалы әрі көзі ғаріп баланың анасы Назерке Кадирова.
Биылғы жылды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай балаларға арналған түрлі іс-шаралар мен әлеуметтік көмек түрі көрсетілетінін атап өтті. Бірақ, 2022-нің жарты жылын да «жеп» қойдық, әлі жоспарланған жобалардың қарқыны байқалмайды. Біз «Балалар жылында» әлеуметтік жәрдем алатын балалардың жағдайы түзеліп, мүгедек балалардың бар ұсынысы бойынша жұмыстар жүргізіледі деп қабылдадық. Бұл жолда құрылған жобалардың орындалатынына күмәнмен қарағымыз келмейді. Және мүмкіндігі шектеулі балалардың болашағы бұлыңғыр болмауын, тасада қалған жоспарлардың құндылығы жоғалмауын тілейміз.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!