Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асқарлы алпыстағы азамат

09.03.2022, 9:15 363

HALYQLINE.KZ

Мен Сәкен інімді ширек ғасырдан астам уақыттан бері білемін. Кездескен сайын амандық-саулық сұрасып болған соң, елгезек ақжарқын мінезіне сай, әрі пікірлес болған соң туған өлке тарихы туралы сөз қозғайтын әдетімізге көшетін кездеріміз болып тұрады. Ағымдағы жылы Сәкен інім асқарлы алпыс жасқа толады, осы мерейтой қарсаңында Әйтеке би кентіндегі аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сәкен Әлмәмбетұлының аудан тарихына қатысты зерттеу мен заттай деректерді табудағы тынымсыз еңбегі туралы сөз қозғауды ойлап, қолыма қалам алдым.

Сәкен Әлішев 1962 жылдың 19 наурызында дүниеге келді, мектепті бітірісімен кеңес заманындағы болашағы зор мамандықтардың бірі инженер-гидротехник мамандығын Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында оқып алды. 1984-1994 жылдары аудандағы ірі мекеме ПМК-64-те мамандығы бойынша қызмет істеп, прораб, техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер болып, талай нысанды тапсыруға өз үлесін қосты. Сәкен өз сөзінде сол кездегі мекеме басшысы болған, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосовтың қарамағында қызмет істеп, өмірдің үлкен мектебінен өткендігін айтты.

Сәкен 1994-1995 жылдары аудандағы қоғамдық-саяси қызметпен де айналысқан кезі болды, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасарының бұйрығымен ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ұзақбай Қарамановтың Қазалы ауданындағы көмекшісі болып істеді. Арнаулы кабинетте аудан халқын қабылдап, олардың мұң-мұқтажын, өтініш-шағымын тіркеп, уақытылы орындалуын іске асырып отырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан сайланған Жоғарғы Кеңестің 1994 жылғы 14 шілдедегі №125 Қаулысымен Жоғарғы Кеңес депутатының тұңыш көмекшісі статусына ие болған аудандағы алғашқы азаматы Сәкен болғанын айта кеткен де дұрыс шығар.

1996-1997 жылдары мемлекеттік балық қорғау инспекциясының аға инспекторы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау облыстық инспекциясының бас маманы болып тағайындалды, 1998-2000 жылдары орман, балық, аң шаруашылығы облыстық басқарманың жедел қорғау бөлімінің Қазалы ауданы бойынша жетекші маманы болды, осы жауапты қызметті атқара жүріп Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде сырттай оқып, екінші жоғары білім алды. 2001 жылдан бастап аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте мұғалім, 2005 жылдан мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары, 2008 жылы педагог-ұйымдастырушы болды. Осы жылы облыстық балалар құқығын қорғау департаменті бастығының бұйрығымен Қазалы ауданы бойынша қоғамдық негіздегі көмекшісі болып тағайындалды. Сәкен осы қызметте жүргенде Конституция бойынша бекітілген елімізді демократияландыру, құқықтық мемлекет орнату жолында құқықтық білім мен тәрбиені жетілдіріп, оқушыларды, яғни еліміздің болашақ азаматтарын құқықтық қоғамның мүшесі және заңға жауапкершілікпен қарайтын азамат етіп тәрбиелеуді іске асырудағы ерен еңбегі кезінде баспасөзде жарияланғандықтан оған тоқталмай-ақ қоямын.

Осындай еңбектерімен көзге түскен Сәкен Әлішевті 2014 жылы қыркүйек айында Әйтеке би кентінен жаңадан ашылатын аудандық өлкетану музейінің директоры болып тағайындады. Жаңадан ашылатын мекеменің жұмысы қыруар, яғни «нөлден» бастау керек. Сол кезде әкесі жазушы Әлмамбет ағамыз: «Қазыналы Қазалы топырағы көпті көрген адамдардан кенде емес, сондықтан соларға құлақ ас, халыққа не керек екенін солар біледі» деді. Әке сөзі балаға атқан оқпен тең, дереу аудандағы ардагерлер, ұлағатты ұстаздар, еңбегімен елге сыйлы Оразғали Бекпанов, Сержанқожа Берденов, Мұхараб Табынбаев, Байғабыл Әбсұлтанов, Гүлжаһан Шалболова, Ұлдай Рашева, Сағындық Жақып, Жұмабек Табынбаев, Болат Жолтаев, Ділдәбек Айтмамбетовпен сөйлесіп, қоғамдық негізде комиссия құрып, ай сайын алқа жиынын өткізіп тұрды. Музейге аудандағы іс-шараларда көзге түсіп жүрген Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің тарих пәні мұғалімі Жанат Тілеуқабылованы ғылыми қызметкерлік қызметке шақырды. Жанат ойланып қалған болатын, оның себебі мұғалім жалақысы жоғары, аз жалақыға келуге құлқы болмады. Жанат қарындасымен сөйлесіп, мұражайдың келешек ұрпаққа тәрбие берудегі орнын айтып көзін жеткізе білгесін Жанат музейдің ғылыми қызметкері болып келгелі Сәкен ағасы екеуі қыруар жұмыс атқарып, музейдің ашылуына қол жеткізді. Қор сақтаушы жас маман Қуандық Ерболатовтың да қомақты үлесі бар.

Музей 2018 жылы 22 наурызда салтанатты жағдайда ашылды, оған аудан әкімі М.Ергешбаев бастаған аудан активі, депутаттар корпусы, еңбек ардагерлері қатысты. Музейдің ашылу лентасын Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосов қиды. Содан бастап музей игілігін халық көріп келеді, мектеп оқушылары күзгі, қысқы және көктемгі каникулдарында сынып жетекшілерімен келсе, ауданға келген қонақтар да келіп тарихымен және жетістігімен танысып риза болып, музейдің лебіздер журналына алған әсерлері туралы жазып кетеді.

Қазір музей қорында 4811 экспонат және 3 зал бар. Бірінші зал «Этнография және Өлкетану», оған келушілер ауданның жер бедерімен, өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен танысады, түлкі, қасқыр сияқты аңдардың және құстардың қатырған муляжы қызықтырады. Қазалы мен Жанкент шаһары – егіз ұғым, қазір көшпелі құм астында қалған бұл қала 9-11-ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған, осы қала орнына талай рет мүмкіндігіне қарай музей қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, табылған жәдігерлермен мұражай қорын толықтырды, бұл жұмыс былтырғы бір жарым жылдан астам уақытқа созылған карантинге байланысты тоқтап қалды. Ауданымыздағы «Тапа» елді мекенінде тұрып өткен ғасырлардың басты белгілері жәдігерлер жинаушы әуесқой этнограф-зерттеуші, еңбек ардагері Аманжол Жұмабековпен тығыз байланыс орнатып, осы абзал азаматтың құнды экспонаттары осы залдың шырайын ашып тұр.

Екінші зал «Тұлғалар» деп аталады, тарихты жасаушы тұлғалар екені әлімсақтан белгілі киелі Қазалы тұлғаларға кенде емес, Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Сейітқұл би, Әйтеке би үш жүзге ортақ тұлғалар және кешегі кеңес заманындағы Ғани Мұратбаев, т.б. мемлекет қайраткерлері, Ұлы Отан соғысы мен тыл еңбеккерлері, репрессияға ұшырағандар туралы жас ұрпақ жақсы мағұлмат ала алады. Соңғы «Тәуелсіздік» деп аталған залдан келушілер тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі ауданның жетістіктерімен танысады.

Музейде жыл сайын аудандық сайыстар, іс-шаралар, кездесу кештері, көрермендерге лекциялар және қазіргі заманға сай онлайн түрінде түрлі бағытта байқаулар мен шаралар ұйымдастырылып тұрады. Осындай ауқымды жұмыстарға мақалаға арқауы болып отырған, 2019 жылы орталықтандыруға байланысты «Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның «Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалының меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Сәкен Әлмамбетұлы Әлішев басшылық етуде.

Еліне белгілі ердің еңбегі үнемі аудан, облыс, республикалық деңгейде білім және мәдениет саласы бойынша бағаланып келеді, бәрін тізіп жазбай-ақ алған медальдарын атап көрсетсем де жеткілікті деп ойлаймын, «Құмкөл» кен орнының ашылғанына 25 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальмен, республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Мәдениет» медалі және республикалық «EL QVBMETY» қорының «Тәуелсіздік» медалімен марапатталды.

Қызметімен елге сыйлы Сәкен – үлгілі отбасының басшысы, зайыбы Айнаш екеуі алтындай үш қыз тәрбиелеп өсірді, үлкені Нәйла аудандық аурухана дәрігері, Ақтоты №70 мектепте тарих пәні мұғалімі, кенжесі Ақұштап №249 мектеп мұғалімі.

Асқарлы алпыстың асуына жеткен Сәкен Әлмәмбетұлы алдағы уақытта да өлке тарихын әріптестерімен зерттей отырып, Қазыналы Қазалы тарихын толықтыра отырып жерлестерін жаңа жетістіктерімен сусындатады деп сенемін.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: