Алданып қалмаудың айласын қарастырып жүрмесе, қазіргі кезеңде аяқтан шалып, қақпанға түсіретіндер көбейіп тұр. Қазір айласы ауыспайтындар адамнан ақша жасаудың әдісін ойластырып, кәдімгі «кемпір беріп, қыз аласыңның» керін келтіреді. Солардың ішінде қаржылық пирамидалардың «пәлекеті» көп адамға кес болды. ҚР Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес, қаржылық пирамидаларға тыйым салынған. Соған қарамастан былтыр 37 қылмыстық іс қозғалып, 20-ға жуық қаржы пирамидасы жабылған. Ал биыл қаржылық мониторинг агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатып, зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңгені кері қайтарған. «Көп асқанға – бір тосқын» деп, қаржыға құныққандарға жаза айналып өтпейтіндігі ескертілді.
Жуырда ғана мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, онда еліміздегі көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жұмыстары туралы сөз болды.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде 490 іс қозғалды, оның 28-і жалған шот-фактура жазып берумен және қылмыстық жол арқылы қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру деректері бойынша жүргізіліп жатыр, – деді Жанат Элиманов.
Президент Қ.Тоқаев халықты бекер алданып қалмас үшін қаржы пирамидаларына қарсы кешенді жұмыс жоспарын жасауды тапсырды.
Қазір еліміздегі ең ірі қаржы пирамидасы Questra World-қа қатысты іс сотқа жіберіліп жатыр. 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың маусымына дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында Questra World қаржы пирамидасын құрып, оны қазақстандықтар да тартылған трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында басқарғаны анықталған. Пирамида басшылары салынған соманың 336 пайызға дейін табыс табуға кепілдік беріп, салымшыларға виртуалды валютаны пайдалану арқылы 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдер сатып алуды ұсынған. Қылмыстық іс бойынша төрт адам, оның ішінде 2020 жылдың тамызында Белоруссиядан экстрадицияланған Ресей азаматы Ольга Клейнард жауапқа тартылды. Тергеу мәліметтері бойынша, Ольга Клейнард Қазақстан аумағында алаяқтардың әрекеттеріне жетекшілік еткен.
Ал Батыс Қазақстан облысында 400-ден астам адам «Лидер», «Алтын Тұмар», «Ұлы болашақ» қаржы пирамидаларына алданған. Алаяқтар WhatsApp желісінде чат құрып, 7 күн ішінде салынған қаражаттан 100%-дан асатын сыйақы алуды ұсынған. Аталған қаржы пирамидаларына 435 салымшының 63 миллион теңгеден астам қаражаты тартылған. Оны ұйымдастырушыларға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Сондай-ақ Түркістан облысында «Индиго 24»-«Evolution Corpоration» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталған. Қылмыстық топ 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында салымшыларға кепілді жүз пайыз пайда әкелуге уәде етіп, сенгіш азаматтардан 3 млрд теңгеден астам қаражатты иемденген. Күдіктілер алаяқтық жолмен түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйлерін кепілге қойып, несие алған.
Бұдан бөлек, елімізде толып жатқан атышулы қаржы пирамидалары бар. Солардың бірі – QuestNet. Кіру құны 1 млн теңгеге жақын. Оның да адамның миын айналдырып алатын ерекше қайтарым, ұсыныстары бар. Шетелге саяхаттайсың, қымбат көлік, үй алуға мүмкіндіктерді үйіп-төгеді. Бейресми ақпараттар бойынша, Қызылордада да осы қаржы пирамидасының өкілдері бар.
Айналып келгенде мардымсыз жалақы, күнкөріс пен әлеуметтік жағдайдың төмендігі адамдардың өзге де қаржы көздерін еселеудің жолын іздестіруіне алып келеді. Осындай ойдың шырмауына түскен адамдардың алдынан қаржы пирамидаларының алаяқтары кездесіп, қақпандарына түсіріп отырады. «Аз ақша салып, көп ақша аласың», «Байлыққа жетесің» деген ұранды сөздер халықтың алдануына әкеліп соғады. Өз қолыңмен істемеген жұмысқа бас сұғып, қаржы салу өте қауіпті. Қарға екеш қарға да екі қарап, бір шұқып барып жейді асын. Сақтық керек.
К.БОТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!