Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарманған қарап қалмайды

04.11.2021, 10:30 407

Ауыл шаруашылығы – аймағымыздағы  көшбасшы салалардың бірі. Биыл Қызылорда қаласы да бұл сала  бойынша  біраз  нәтижеге  қол  жеткізді.  Қалада ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің  көлемі  9,8 млрд теңгені құрап, өнімнің нақты көлемінің индексі өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға артқан. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 112,1 пайыз, мал шаруашылығының өнімдері 101,3 пайызды  құрады.  Бас-аяғы 8905 гектарға ауылшаруашылық  дақылдары  егілген.  Атап айтқанда,  негізгі  дақыл  күріш – 4113,  дәндік  дақыл – 657, майлы дақыл – 40, бау-бақша,  көкөніс – 2818 және  малазықтық  дақылдары 1278  гектарға  себілген.

ЕСЕЛІ  ЕҢБЕК  –  МОЛ  ӨНІМ

Егілген дән қараусыз, елеп-ескерусіз қалған жоқ. Дала диқандары барынша баптап, қажетті күтімді қолдарынан келгенше жасап тұрды. Күріштің вегетация кезеңінде агротехникалық шаралар сақталып, 3850 гектар күріш дақылы тыңайт­қыштармен үстеп қоректендірілсе, арамшөптерге қарсы 3469 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Егістікті сумен қамтамасыз етуде барлығы 86,3 мың  текше метр топырақ, шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдарынан шығарылып  тазартылған.

Суды үнемдеу мақсатында күріш­ті көшеттеп егу технологиясы тәжірбие ретінде алғаш рет енгізіліп, «Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу инс­титуты» ЖШС мен «Golden Bridge Turan» ЖШС бірлесіп, жапон технологиясымен 155 гектар жерге (Өзбекстанның «Лазурный» және «Искандер» сорттары) көшеттеп егілді. Қала тұрғындарын көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 гектар егістік жер бөлініп, ынта білдірген 87 тұрғын бақша дақылдарын егіп, өнімдерін жинап алды. Тамшылатып суару технологиясымен  Қарауылтөбе ауылдық округінде 4 гектар қызанақ (ҒЗИ) және Қызылөзек ауылдық округінде 8 гектар картоп («Үміт» ШҚ) егіліп жиналды.

КӘСІПТЕН  НӘСІП  ТЕРГЕНДЕР

«КазАгроМир» ЖШС құны 1,1 млрд теңгені құрайтын Ақсуат ауылдық округінде көлемі 2,2 гектар автоматтандырылған кешенді жылыжай жұмысын қолға алды. Авто­маттандырылған жылыжай кешені былтырғы жылы іске қосылып, 165 тонна қияр өнімін өндірсе, биыл     120 тонна қияр өндіріп, қала аумағындағы сауда үйлеріне төмен бағада өткізді. Қазіргі таңда 2-ші ауысымдық кезеңге қияр егілді. Соны­мен қатар картоп, көкөніс және бақшалық өндірісін дамыту мақсатында Белкөл кентінен 254,5 гектар 3 жер учаскесінен тұратын «Агро аймақ» құруға жер бөлініп, қазіргі таңда құжат­тары рәсімделуде.  «Танкаман» ЖШС өз қаражатынан құны 100 млн теңгені құрайтын «Ауылым» фермерлік өнімдер фабрикасын іске қосты. Олар  барлығы  10  адамды  жұмыспен қамтып  отыр. Жобаның қуаттылы­ғы – айына 15 мың дана. Мұнымен қоса,  «Аруана Агролидер» ЖШС өз қаржысы есебінен «Сыбаға» шағын консерві өңдеу цехын іске қосып жұмыс істеуде, 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жоба қуаттылығы – бір ауысымда 800 дана консерві  шығару.

Ал машина-трактор паркін жаңартуда барлығы 343 млн теңгеге  13 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 737 тонна дизель отынын жеткізіп беруші операторлар «РК Мұнай» және «Нефть-Транс-Қызылорда» ЖШС белгіленді. Аталған мекемелер арзандатылған бағамен шаруашылық құрылымдарының қажетті дизель отынының сұранысы бойынша келісімшартқа отырып, толық  жеткізіп  беруде.

«СЫБАҒА»  СҰРАНЫСҚА  ИЕ

Қазекемнің әлімсақтан бергі кә­сібінің бір мал бағу болса, оның басын арттыру есеп емес. Мал басы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда мүйізді ірі қара – 16,3, жылқы – 21,3, түйе – 0,5, қой-ешкі – 7,9, құс 14,2 пайызға өскен. Бүгін­гі күнге 1524,6 тонна ет тірідей салмақпен, 3740,8 тонна сүт, 509,7 мың дана жұмыртқа өнді­ріліп, өткен жылдың салыстыр­малы кезеңімен ет өндіру 1,7 пайызға, сүт өндіру 1,5 пайызға, жұмыртқа 0,3 пайызға артты. Сонымен қатар, сұранысқа ие «Сыба­ға» бағдарламасымен төрт шаруа­шылық құрылымы «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 46 бас асыл тұқымды сиыр және 1500 бас қой сатып алса («Аруана» ШҚ, «Сыр-Сұнқары» ШҚ, «Адиля» ШҚ, «Ғабит» ШҚ), «Қарапайым заттар экономикасы», «Іскер», «Еңбек» бағдарламалары бойынша 297,9 млн теңгеге 427 бас мүйізді ірі қара, 132 бас  жылқы, 1753 бас қой, 10 бас түйе алынды.

ТҮЙІН. Саладағы серпінді осындай статистикалардан-ақ айқын аңғаруға болады. Егін, мал шаруашылықтарына көрсетіліп жатқан мемлекеттік көмектер де аз емес. Бастысы, қолға алған іске қолдау бар. Қарманған қарап қалмайды деген – осы.

Әйгерім  БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: