Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киікбай баба кесенесінде

25.10.2021, 10:15 530


Мөлтек сыр

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізін бойлап барып, құм шіндегі сүрлеу ізге бұрылдық. Жаз мезгілінде жол таңдамайтын көліктердің өзі жүруге қиналатын табан жол сәл-пәл тапала бастапты. Көп ұзамай «Киікбай көлінің» аумағына нақтысы суы құрғаған орнына табан іліктірдік. Сәл уақыт бұрын шағаласы шаңқылдап, шабағы көкке шоршып, жағасында үйір-үйір жылқы сабаттап тұратын көлдің арнасы көзден бұл-бұл ұшыпты. Құдды, бұл жерде толқыны жағаны тербеген телегей айдын мүлде болмағандай әсер қалдырады. Ысылдаған құм ішінде не тауып жеп жүргенін қайдам, қабырғасын санап алардай үш-төрт жылқыны аңдадық. Төбе баурайына әлдекім келісті қылып тұрғын үй, қора-қопсы салып қойыпты. Тіршілік нәрі шешілсе шаруасын дөңгелетіп әкетері анық.
Ал суы қашқан көл көз алдыма шалажансар жатқан жаралы батырдың бейнесін елестеткендей денем түршікті. Ойыма қасиетті Құран Кәрімдегі (Мұхаммед Ғ.С) расында жердің құрғап қалғанын көресің. Сонда біз оған жаңбыр жаудырған мезгілде құлпырып көпсуі Алланың дәлелдерінен. Күдіксіз оны тірілткен Алла, өліктерді де тірілтеді. Өйткені Оның әр нәрсеге толық күші жетуші .Фуссилат сүресі. 39-аят) дегшен сүре оралды.

Шағыл құм төбенің ұшар басындағы атақты Жанқожа Нұрымбетұлы батырдың бабасы, Әбілқайыр ханның бас батыры, сенімді серігі болған, өз заманынының айтулы батыры Киікбай Құлжаманұлы атамызға арнап мұнан біршама жыл бұрын ұрпақтарының демеушілігімен салынған ескерткіш-кесенесінің басына барып аялдадық. Тама руынан шыққан даңқты Есет Көкіұлы бабамыздың күйеубаласы болып келетін жаужүрек Киікбай бабамыздың қазақ халқының азаттығы жолында жасаған ерлігі, ғибратты ғұмыры көпке аян. Алла қаласа, алдағы уақытта Киікбай бабамыздың батырлық жолы туралы көпшілік жадындағы естеліктерді жинақтап, жазуға тырысамын. Біз Киелі бабаға, күллі аруақтарға арнап құран бағыштап, бет сипадық.

Менің Өмірбек есімді туған ағам дәл осы жерде, Киікбай бабаның басында ұзақ уақыт шырақшы болды. Мұнан төрт жыл бұрын 63 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ағатайымның отырған үйін, өз қолымен салған сарай, моншасын, жүрген жерін, аяғының ізі қалған киелі топырақты көргенде бойымды бауырға деген сағыныш сезімі кернеді. Кімнің бауыры бүтін дейсіз?! Жалған өмір…

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: