HALYQLINE.KZ Тәуелсіздікке ие болған алғашқы күннен бастап қазақстандық қоғамды ұйыстыру, барлық этностық топтардың тең құқылы өмір сүруін қамтамасыз ету мемлекеттің ұлттық саясатының іргелі бағыттарына айналды.
Тәуелсіздік жылдары еліміздің рухани өмірінде үлкен өзгерістердің орын алуына әкелді. Материалдық-техникалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан еліміз үшін бірнеше мәселелер туындады. Соның бірі – санамыздағы елдік, теңдікке ұмтылуға деген үмітсіздіктен арылу, ал екіншісі тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениеттігі алатын орны үшін ұмтылып, аяғынан тік тұруы болатын. Сондықтан алға қадам басуға ұмтылған көпұлтты мемлекет үшін өз болмысымызды, құндылығымызды жоғалтып алмай, әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын елімізді, менталитетімізді сақтай отырып даму қажеттілігі туындады.
Талай жылдар бодандықтың құрсауында тұншыққан қазақ халқының дербес мемлекеттік орнатып, аз ғана уақыттың ішінде әлемге танылуына жеткізген ол – тарихи жадының ұлтты біріктіруші негізгі қызметтері-өмір сабақтарын есте сақтау, ата-бабаларды пір тұту, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну, т.б. арқылы ұлттық рухты өшірмеген, бірнеше ғасырлар бойы халқымыздың көкірегінен өшпеген ұлы күш азаттық рухтың жеңісі болатын.
Тарихқа тереңінен қарасақ, ХХ ғасырдың басынан бері Қазақстанға 5 миллиондай адам қоныс аударған. Бұл халықтарды қазақ халқы өзінің саяси-қуғын сүргінге, аштық пен жоқшылыққа ұшырағанына қарамастан көмек қолын созып, қамқорлықтарына алып татулықта өмір сүрген.
Осындай қиындықтыбірге көріп, бір нанды бөліп жеген қаншама ұлттар бүгінгі күні Қазақстан Республикасының халқы болып бір жерде татулықта өмір сүруде. Олар өздерін бүгінгі кезеңде еліміздің барлық жағынан өркендеуі үшін маңдай терлерін бірге төгіп, белдері бірге бүгіліп тынбастан еңбек етуде. Өйткені олар – Қазақстан Республикасының біртекті азаматтары.
Бүгінгі Қазақстандық қоғамда барлық уақытта да адамгершілік құндылықтар, аға ұрпақты сыйлау, отбасы мүшелерін құрметтеу, барлық адамға деген қонақжайлылық көрсету, намысқойлық таныту, арын қорғау қасиеттері берік орныққан. Осы құндылықтардың барлығы еліміздегі қазақстан халқы деп аталатын, әртүрлі этностық және діни ерекшелікке қарамастан азаматтардың өзара түсінушілігі мен достығын нығайтуға өз үлесін қосып келеді
Қазақ халқы қашанда бейбіт өмір сүруді, өзара татулықты сақтаудың қиыншылықтарын басынан өткерген әрбір жылдарда, соғыс уақыттарындада, тың игеру кезеңдерінде де, жер аударылғандармен бірге өмір сүру кезінде, т.б. өзара қарым-қатынаста нақты істермен айқындай білген.Соның бірі халқын, елін, туған жерін құрметтей отырып, қажырлы еңбектенуден де көрініс табуда. Әрбір елдің экономикалық дамуы, ғылыми деңгейі, мәдени дамуы, қоғам мүшелерінің, адал да саналы, өнімді еңбегінің арқасында дамып, көзге түсетіні айқын.
Этностық ерекшелігіне қарамастан, елдегі барлық азаматтардың мүдделерін тоғыстыру ең дұрыс жол екендігін уақыт көрсетіп берді. Қазіргі кезеңде елімізде әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары баланаған этносаралық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қиыншылықпен, маңдай термен, татулық, достықпен келген тәуелсіздіктің айқын жолы деп білеміз.
Элмира ИЛЬЯСОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,
әлеуметтік ғылымдарының магистрі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!