Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тіл мәселесін қамшы үйіріп шешу дұрыс па?

19.08.2021, 12:00 451

Ресейлік және өзге де орыстілді ақпарат құралдары «Қазақстанда ұлтшылдық белең алып барады. Орыстар мен орыстілділерге қысым күшейді»  деген  ақпаратты  жиі-жиі  жазып  жатыр. Шынын  айтсақ, Қазақстандағы орыс тілінің жағдайына Ресей  алаңдайтындай  уақыт та өтті.  Өйткені, осыған  дейін  елімізде қазақ мектептерінің  саны 10%-ды ғана құраған кез болды.  Бүгінде  оның үлесі 70-ке жетті. Еліміздегі  өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің қазақшаға судай болатын шоғыры қалыптасты.  Қазақ мектептерінің, қазақ балабақшаларының саны едәуір артты.  Десе де,  мемлекеттік тіл төңірегінде  мәселе  жоқ  емес.

Айтқандай, Қазақстан президенті әкім­шілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен  Абаевтың «үңгірдегі ұлтшылдық» туралы сөздері қазақ қоғамында көп талқыланды. Қосылып мақтағандар да, даттағандар да көп. Түсінікті болу үшін айталық, ПӘ өкілі орыс тіліндегі «Открытый диалог – 2.0» бағдарламасында  былай  деген  еді.

«Азаматтарымыздың басым бөлігі «жабайы ұлтшылдықтың» мұндай көріністерін сынайды. Өкініштісі, мұндай оқиғалар бүкіл әлемде болып тұрады, бірақ мұндай дүниелерді мемлекет қолдайды немесе үрдіске айналды деуге болмайды»  деді  ол.

Бұған дейін «Til Maidani онлайн партиясы» YouTube арнасы бірқатар видеосын жариялаған. Олар дүкендер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қазақ тілін қаншалықты білетінін тексеріп көрген еді. Мұндай рейдтер Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Орал және басқа да  қалаларда  жүргізілген.

«Мен неге кейбір белсенділерді «пещерный националист» деп айттым?». Дәл осы сұраққа Абаевтың өзі фейсбук парақшасында жауап берді.

– …Мен қазақ тілінің болашағына алаңдайтын адамның бәрін сыйлаймын. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын әр мұғалімді, репетиторды, балаларға арнап мемлекеттік тілде кітап шығарып, мультфильм, кино, сериал түсіріп жүрген әрбір авторды ерекше құрметтеймін.

Алайда тіл сияқты нәзік әрі сезімтал мәселені байыппен емес, хайппен және лайкпен шешкісі келетіндерге қарсымын. Қоғамға жік салып, қақтығыс туғызуды көздейтіндердің әрекетін құптамаймын. Бұл – менің азаматтық ұстанымым! – деді  ол.

Әрине, Абаевтың бұл әрекетіне орай қоғамның пікірі ортасынан қақ жарылғанын жоғарыда  айттық. Тіл мәселесін қамшы үйіріп емес, ақылмен, барлығы құптайтын іс арқылы шешу керек. Бұл пікірді құптауға болады. Десе де, бұл мүмкін бе? Міне, сұрақ та – осы.

Бүгінде мемлекеттік тілдің, қазақтілді тұтынушыл­ардың құқын заң шеңберінде қорғап жүрген қоғам белсендісі Қуат Ахметовке қарсы ақпараттық шабуылдар басталды. Ресей Сырт­қы істер министрлігі Қ.Ахметовке РФ аумағы­на кіруге 50 жылға тыйым салды. Белгілі заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желіде «Тіл майданы» қозғалысының жетекшісі, қоғам белсендісі Қуат Ахметовтың үстінен әлдекімдер ҚР ҚК-ның  174-бабы бойынша шағым түсіргенін және арыз түсіруге үндегенін айтып дабыл қақты. Және де бұған дейін әлдебір қысымдарға байланысты адвокаттық қызмет­ін тоқтатқан заңгер қазақ тілі үшін жұмы­сын  қайта  жалғастыратынын мәлімдеді.

– Бұл – іс жүзінде Қуат Ахметовке ғана емес, қазақ тіліне, қазақтілділерге қарсы мақсатты түрде ұйымдастырылған шара! Сондықтан Қуат­ты және ол негізін қалаған тіл майданын қорғау,  қолдау  арқылы, біз іс жүзінде ана  тіліміз – қазақ тілін қорғайтын боламыз!

Сонымен қатар, кешелі-бері бізге Украина, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзінен қолдаймыз деп  хабарласушы  азаматтар саны  арта  түсуде! – деді Абзал Құспан.

Осы күні Қуат Ахметовты қорғау комитеті құрылып, тіл жанашырын бірауыздан қолдау керектігі  айтылып  жатыр.

Ал, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен күрескер­лердің бәрін Ресейге 50 жыл кіргізбейтін болса, біз Тәуелсіздігіміз бен тілімізге қарсы Жириновскийлерді 100 жыл кіргізбеуі­міз  керек!» деген уәжін айтады.

«Өз елінде өзінің Конституциялық, заңды мемлекеттік тілін талап еткені үшін айдаладағы Ресей қазақтың тіл күрескеріне неге үкім шығарады? Олардың Тәуелсіз Қазақ елінің ішкі ісінде не шаруасы бар?

Мысалы, мен орыс тілінде тек, Ресей Думасы­ның депутаты Жириновский Ресейде қазақша сөйлегенде ғана сөйлеймін. Тәуелсіз Қазақ елінің депутаттарының бәрі де солай ету керек, ел намысын, ер намысын ойласа!

Елбасы бекіткен «Қазақстан-2050» мемлекеттік стратегиялық бағдарламасында және президент қол қойған Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша Қазақстан халқы 2020 жылы 90% қазақ тілінде сөйлеуі керек еді! Сонда қазір Тәуелсіздіктің 30 жылында өзінің мемлекеттік тілінде сөйлемейтін билігі бар ел 90% шет тілінде – орысша сөйлесе, онда Тәуел­сіздік алғанымыз рас па, жоқ, 30 жылымыз босқа кеткен бе?» деп ашынады Қазыбек Иса.

Тілімнің тілім-тілім болғанын мен  де қаламаймын. Дағыстан ақыны Расул Ғамзатов «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деп жырлады. Әрине, өлеңде өрлік, ақынның ішкі толғанысы, батырлық байқалады. Десе де, мен тілім ертең өлмес үшін бүгін барынша еңбек етер едім. Тіл үшін күрес қалай жүргізілуі тиіс?! 30 жылғы көріністен соң, қазақ тілінің бүгінгі халінен соң «ашынғаннан шығады ащы даусым» деп, қаттырақ сілтеуге болатындай. Бір жағынан, «қазақ тілін үйренемін дегендер үшін қаншалықты жағдай жасап отырмыз?» деген сауал да өз-өзінен туындайды. Сіз қалай ойлайсыз, қазақ тілінің мәселесін қамшы үйіріп шешкен дұрыс па?

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: