«Ол сондай Алла, желдерді жібереді де бұлттарды жүргізіп, оны қалауы бойынша аспанда жаяды. Және бұлтты бөлшектейді. Сонда оның араларынан жаңбырдың шыққанын көресің.Сонда ол, жаңбырды қалаған құлдарына жеткізеді. Сол уақытта олар қуанышқа ие болады. Негізінен олар өздеріне жаңбыр келуден бұрын әлдеқашан күдер үзген болатын. Алланың рахметінің әсерлеріне қара. Жер жүзі өлгеннен кейін оны қалай жандандырды. Рас Ол, өлілерді тірілтеді. Оның әр нәрсеге күші толық жетеді». («Рұм» сүресі .48-49-50-аят).
Қыста қардың аз жауып, тоңның болмауы, көптен бері көктен жалғыз тамшы тамбауы маң даланы сүреңсіз күйге түсірген. Қайда қарасаңыз да сап-сары болып, күнге күйген жалаңаш төбе-қырқаны көресіз. Жоғарыдағы себептерге Сырдария өзеніндегі судың тапшылығын қосыңыз. Осының бәрі мал бағып, бақша еккен қарапайым тұрғындардың алаңдатуын туындатуда.
Рас, күні кеше нөсер жауды. Алайда білетіндер бұл жауынның пайдасы шамалы деседі. Ал қыс болса иек астында. Мал азығына қажетті жем-шөп қорын жасақтау қазіргі таңдағы ең өзекті мәселеге айналды. Сонда не істемек керек?!
Дәл осы тақырып Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен «Аудан аумағында мал азығын қымбаттатпау және мал шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру» тақырыбында өткен штаб отырысында кең ауқымды талқыланды. Отырысқа қатысқан егін және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер, қала, кент және ауылдық округ әкімдері өз пікірлерін ашық тұрғыда ортаға салды.
Штаб отырысы басталмас бұрын Су шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаған Мұхтар Әуесұлы сала мамандарының қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірді.
Мұнан соң өңірдегі ахуал туралы сөз қозғаған Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев:
– Биылғы жыл шаруалар үшін қиын жыл болып тұр. Қыста қардың аз түсуі, көктемде жауын-шашын болмауынан Сырдария өзеніндегі су көлемі төмен деңгейде. Салдарынан еліміздің бірқатар аймақтарында, оның ішінде біздің өңірімізде де қуаңшылық болып отыр. Бұл негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы болып табылатын аудан шаруалары үшін үлкен қиыншылық тудыруда, – дей келе Мұхтар Әуесұлы қуаңшылық мәселесіне байланысты ауданға Мәжіліс депутаттарының арнайы келгенін жеткізді.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездескен аудан тұрғындары жеке шаруашылықтар тарапынан субсидия алудағы туындаған қиыншылықтар, Сырдария өзеніндегі судың жетіспеушілігі, мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәселе көтерген болатын.
– Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес мал қыстату науқанына аудан бойынша 140 мың тонна шөп, 30 мың тонна жем қажет. Ауданымызға қажетті шөптің 65 пайызын, ал жемнің 20 пайызын өздігімізден қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жем-шөптің жетіспейтін бөлігін өзге аудандар және солтүстік өңірлерден тасымалдау жұмыстарын ұйымдастыруымыз қажет, – деді аудан әкімі.
«Мал қыстату науқанына дайындық іс-шара жоспарының орындалу барысы» туралы баяндама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай бірқатар келелі ұсыныстарымен ой бөлісті.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бөлім басшысына жеке шаруашылықтардан қысқа қажетті жем-шөптің мөлшері жөнінде мәліметтерді күнделікті алып отыруды тапсырды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлермен меморандумға отырып, еліміздің солтүстік өңірінен делдалдарсыз операторлар арқылы тікелей жем тасымалдау мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін атап айтты.
Штаб отырысында аудандық ветеринариялық станция директорының міндетін атқарушы Темірлан Мұратов мал басының сақталуы жөнінде баяндама жасады.
Басқосуда Алимуса Қожағұл, Алғашбай Байкөбеков бастаған кәсіпкерлер жем-шөп дайындауға қатысты өздерін толғандырған мәселелерін айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков шабындықтардың болмауына байланысты мал азығын дайындауға мүмкіндігі жоқ Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және Майлыбас, Шәкен, Құмжиек, Басықара, Сарыкөл ауылдық округтеріне аудандағы өзге елді мекендерден шөп оруға мүмкіндік жасау, қажет болған жағдайда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен шаруалардың жайылымдылық жерлерін оты бар Қызылқұм жеріне ауыстыру және тағы басқа да ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының басшыларына егістік алқабындағы өздерінен ауысқан шөпті тұрғындарға тегін орып алуға мүмкіндік жасау туралы ұсыныс айтты.
«Рза – Агро» ЖШС директоры Нұрлан Имандосов, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Абзал Сәрсенов болса халыққа көмек қолын созуға дайын екендіктерін жеткізді.
– Қазіргі таңда жем-шөпті үйімізге әкеліп береді деп қарап отыруға болмайды. Қуаңшылық тек қана біздің өңірімізде орын алып отырған жоқ. Сондықтан әркім осы бастан әрекет жасауы керек. Біз шаруашылық басшыларымен егістік басындағы шөпті орып алуға, күріш орағынан кейін қалатын сабанды жинауға келісіп отырмыз. Енді әр ауылдан бригадалар дайындап, осы шөпті ору қажет. Өзіне қажеттісін алып, ауысқанын ауылдағы ағайындарға сатса да болады. Бұл бір жағынан уақытша кәсіп деп айтсақ артық емес. Бірақ бағасы халыққа қолжетімді болуы қажет.
Бұдан бөлек біз қуаңшылыққа байланысты өз тарапымыздан қолдан келген жұмыстарды атқарып жатырмыз. Кеше ауданға келген Мәжіліс депутаттары мен ауыл шаруашылығы министрлігінен келген өкілдің назарына елдегі жағдайды көрсеттік. Олар енді біздің аудандағы жағдайды Үкіметке жеткізіп, шаруаларды қолдау шараларын қарастырады, – деген Мұхтар Оразбаев күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Штаб отырысы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды. Осы меморандум арқылы аудандағы «Сыр маржаны», «Рза – Агро» ЖШС, «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «Агро – Өркен» ЖШС, «Алшын» ЖШС және «Мерей», «Ақмаржан» шаруа қожалықтары ауданда мал азығының (жем-шөп) тапшылығын болдырмау және жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермейтін болады.
Жұмабек Табынбаев.
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!