Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жиһаз өндірісі дамып келеді

24.06.2021, 10:00 594

Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін салалардың бірі. Сыр елінде де аталған бизнес түрі кеңінен дамып келеді. Олай дейтін себебіміз, қалада тұтынушылар саны өскен һәм өңірімізде өндірілген өнімге сырт елдерден де сұраныс бар. Кәсіпкерлер бұл саланың ілгерілеуі қарапайым халық үшін тиімді екенін айтады. Облыс аумағында ғана емес бүкіл елімізде соңғы жылдары жиһаз саласындағы өндіріс көлемі артып келеді. Бүкіл елдегі өндірістің артуына біздің өңіріміз де қолғабыс болуда. Арнайы мемлекеттік бағдарламалармен несие алып, кәсібін жандандырғандар өте көп. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Айдар Қыстаубаев. Қазіргі таңда облыс орталығынан шығарып жатқан өнімдерін алыс-жақын  елдерге  экспорттап  отыр.

Өздеріңізге белгілі, 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағ­дарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаға сәйкес, Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бойынша ағымдағы жылы жоба құны 207 млн 540 мың теңгені құрайтын 23 жоба қолдау алған еді. Бұл да – сол жобалардың бірі. Кәсіпкер 15 миллион теңге қаражат алып, кәсібін дөңгелетіп  отыр.

– Қолымызға тиген қаражаттың барлығына арнайы станоктар мен техникалар алдық. «Даму» қоры кәсібіміздің алға өрлеуіне көп көмектесті. Басынан бастап, аяққа тік тұрып кеткенше қолдау білдірді. Өндіріс алаңында негізінен 6 адам жұмыс істейді. Бірақ, жеткізу қызметі секілді басқа да жұмыстармен айналысып, нәпақа тауып отырғандар бар. Өнімдеріміз негізінен қала дүкендерінде қойылады. Одан бөлек, арнайы тапсырыстармен жұмыс істейміз. Бізде жиһаздың барлық түрлері  шығады, – деді ұста Нұржан Қыстаубаев.

Қазіргі уақытта жиһаз саудасы бойынша нарықтың 70-80 пайызы отандық өнімдерге тиесілі екен. Бұл өзіміздің өндіріс шетелдік тауарлардан артық болмаса да, кем емес екенін дәлелдейді. Отандық өнімге деген сенім артқан. Артылған сенімді аяқасты етпейміз дейді кәсіпкерлер. Ал жауапты мамандардың айтуынша, бұл жетістіктер тікелей мемлекеттік бағдарламалардың арқасында болып отыр. Себебі, кәсіпкерге берілетін несиенің жартысын мемле­кет  өзі  төлеп  отыр.

– Қала кәсіпкерлерін қолдау үшін барын салып жатырмыз. «Бизнес­тің жол картасы – 2025» бизнес­ті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бүгінгі таңда жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 357 жоба қаржыландырылды. Қалаға қарасты ауылдар да шетте қалып жатқан жоқ. Мәселен, Ақсуат ауылдық округінен – құны 5 млн теңгені  құрайтын  1 жоба, Қосшыңырау ауылдық округінен – жоба құны 10 млн теңгені құрайтын жоба, Қызыл­орда қаласында жоба  құны 6,2 млрд теңгені  құрайтын  346  жоба  іске қосылды. «Қарапа­йым заттар экономи­касын дамыту» бағдарламасы бо­йын­ша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несие­леу бағдарламасы іске асырылған мерзімнен бері қала бойынша жоба құны 17 млн теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерде 640 млн теңгені құрайтын 3 жобаның құжаттары жинақталуда. Бөлім тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларды сүйе­мелдеу, қолдау көрсету, түсіндіру, насихаттау жұмыс­тары тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр, – деді Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы  Бағлан Бақытжанұлы.

Өндіріс орны кез келген уақытта жиһазға толы. Тұрмысқа  қажеттінің түр-түрін  кездестіруге  болады мұнда. Жұмыс болса қарқынды жүріп жатыр. Ызыңдаған техникалардың дауысы құлағыңды бітеп тастайды. Ал су  жаңа станоктары  ағашты  адамның көмегінсіз-ақ, өзі өлшеп, түзу кесе береді. Жоғарыда айтқандай, бұл кәсіпорынның арқасында бірнеше адам жұмыспен қамтылып отыр. Шетелден келетін сұранысқа келсек, көбінесе ТМД елдері тапсырыс беретін көрінеді. Бұл қала маңынан ашылған  шағын кәсіпорын үшін өте үлкен жетістік деп білеміз. Алдағы уақытта «Қыс­таубаев» ЖК-ның әлемдік брендке айналуына  тілектеспіз.

Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: