Бұрынырақта тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір видеосы ел ішінде қатты тарап кеткен еді. Қайта ол кезде әлеуметтік желінің желдей еспей тұрған шағы болатын. Солай бола тұра, бейненің қаралымы мен таралымы өте көп болғандай. Видеода Елбасының жайдары жүзбен «Нұрсұлтан Әбішұлы осында келеді екен. Біздің әкімді өзімен бірге алып кетеді екен» деп ойлайтындар көп көрінеді. Жақсы жұмыс істеп жатқан адамды неге алып кетеді екенмін, ешқайда алып кетпеймін» деген мағынада сөйлегенін байқау қиын емес. Иә, астарында «жұмысын жүргізе алмағандарды қызметінен босатамын» деген зіл бар-ды. Немесе «көзге жақсы көрінгендерді жоғарыға «жорғалатамын» деген секілді жанашырлық та байқалатындай. Десе де, қазір ауыс-түйіс көп, тағайындаудың да түр-түрі бар.
Өткен аптада біз бір емес, бақандай үш аудан басшысының ауыс-түйісіне куә болдық. Жалпы, кадрлық тағайындауларға журналистер ғана емес, жергілікті жұртшылық та жақсы жорамал айтады. Тіпті, шенділерді жік-жікке немесе жілік-жілікке бөліп тастауға әзір. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейміз. Ол рас та шығар. Бірақ, ел арасында ауыз берді екен деп орынсыз сөйлейтіндер, қолын миына бағындыра алмай, не болса соны жазатындар бар. Осындайлардың кесірінен билік бұқараның базынасына бас ауыртпай барады. Жә, бұл – басқа тақырып. Десе де, біреуді басшылыққа тағайындағанда 100 пайыз ел-жұртпен санаспайтыны айдан анық. Кейбір тағайындаулар тосыннан болады, ал енді бірі бесенеден белгілі жайтқа айналған шешім еді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өткен аптада солтүстіктегі аудандарға іссапармен барды. Аудандардағы атқарылған жұмыстарды өз көзімен көрді де, әкім ауыстыруды Аралдан бастады. Облыс әкімінің 2021 жылғы 27 мамырдағы өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Арал аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Арал ауданының әкімі лауазымына Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы тағайындалды.
Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы жаңа әкімді Арал ауданында өткен жиында таныстырды. Серік Сермағамбетов 1965 жылы туған. Алматы халық шаруашылық институтын экономист, Гумилев атындағы Еуразия университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Балық шаруашылығы министрлігінің материалдық-техникалық жабдықтау орталық базасының аға экономисті болып бастаған ол осы аралықта көптеген лауазымды қызметтер атқарды. Ауданға басшылық ету де Сермағамбетов үшін таңсық емес. Оның бұған дейін Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Жалағаш ауданының әкімі болғанын жақсы білеміз.
2018 жылдан бастап «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметін атқарып келген еді.
Аймақ басшысы Арал ауданының сужаңа әкіміне Аманөткел ауылындағы мәселеге байланысты алғашқы тапсырмасын да беріп үлгерді.
Арал ауданын 5 жылдай басқарған Мұхтар Оразбаев қала орталығына біртабан жақындады десек болады. Ол облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қазалы аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Қазалы ауданының әкімі лауазымына (ротациялық тәртіппен) тағайындалды.
Мұхтар Оразбаев 1971 жылы Арал қаласында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы «Аралбалық» акционерлік қоғамы автопаркінің механигі ретінде бастаған. 2000-2016 жылдары Арал ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016 жылғы қараша айынан бастап Арал ауданының әкімі қызметін атқарып келді. Оразбаевтың автобиографиясына қарасақ, Арал ауданына қалтқысыз қызмет еткенін байқауға болады. Енді оған көрші ауданның тірлігін түзеу бақыты бұйырып отыр.
Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі лауазымына (ротациялық тәртіппен) Ергешбаев Мұрат Нәлхожаұлы тағайындалды.
Жалпы, Мұрат Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданында Жамбыл кеңшарының экономисі ретінде бастап, Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Яғни, бұл Ергешбаев үшін жатырқайтындай жер емес, оның үстіне түрлі-түрлі салада ысылған кадр кез келген жұмысты ұршықша иіріп әкетуге қауқарлы.
Мұрат Нәлқожаұлының облыста банк саласында басшылық лауазымдар атқарып, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті болғанын көпшілік жақсы біледі деген ойдамыз. Оның үстіне 2008-2017 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бастығы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі, Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2017 жылғы қазан айынан бастап Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Айтпақшы, өткен жылдың қыркүйегінде бұл ауданға Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы әкім болып келген еді. Бір жыл болмай-ақ оның орнынан кеткенін әркім әртүрлі топшылайды. Әрине, әр басшының кем дегенде 2-3 жылға арналған жоба-жоспары болады. Ал, «оны орындауға 8 ай жеткілікті ме?» деген сауал туындары анық. Сондықтан ана әкімді алып мында тағайындаудың қаншалықты жеміс беретінін уақыт көрсетеді. Осы күні Талғат Тұрсынұлының қызметін қай жерде жалғастыратыны белгісіз болып тұр.
Әлеуметтік желіде «осылар әке-шешесінен әкім болып туа ма екен?» деген сарказмды жиі-жиі байқадық. Жауап бар. Басшылыққа тағайындалғандардың өмірбаянына зер салсақ, олардың түрлі-түрлі қызметтерден өткенін байқау аса қиын емес. Сондықтан, бұл жерде ең бастысы – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Әкім – халықтың басшысы емес, қызметшісі. Кім болса да, қай басшы болса да осыны ұмытпауы керек. Билік адамды өзгертеді. Билік біраз басшыға бақ болған шығар, сор болғаны да сол шығар.
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!