Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізді жақсы көрмей қалған жаста қап кетеміз

07.03.2021, 10:00 972

HALYQLINE.KZ

Психологтің комплекстен арылу туралы кеңесі.

Жасы 20, 30, 40-қа келген жастармен көп кездесемін. Бірақ бұл тек сыртқы әлпеті ғана. Ал іштей олар бала шақта қап кеткен. Әлі күнге дейін сол кезде алмаған сүйіспеншілікті күтеді. Өзінің менін өсіріп, махаббатты өзіне-өзі беріп үйренбейінше, сол тығырықтан шыға алмай, бір шеңбердің бойында тұрып қалады.

Бізді жақсы көрмей қалған жаста қап кетеміз. Әр жастың өз сұранысы бар. Яғни, ата-ананың махаббаты әр жаста әртүрлі сұранысқа жауап беруі қажет.

Сәби кезде ата-анаға деген сенім қалыптасады. Сондықтан баланың махаббаты анасының аялы алақанына тәуелді. Егер жастайынан анасы сенімсіз, үнемі жұмыста, баланы жалғыз қалдыра берсе, баланың бойында өз өміріне деген қауіп, үрей басымдық етеді. Өмірге күмәнмен, сенімсіздікпен қарау қалыптасады.

Есейген соң мұндай адаммен қарым-қатынас құру өте қиын. Қарым-қатынаста сыңарын үнемі сынап, мінеп, түрлі тексеріс жасап, мазасын алып тастайды. Жүрегін ешкімге аша алмайды. Сезімін білдірсе, өзін әлсіз, осал сезінеді.

Бала 2-3 жаста автономды болуды үйренеді. Өзін бақылауды дамытады. Егер ата-анасы осы бағыттағы дамуын тежесе, мысалы, үнемі сын айтып, тектей берсе, не бала өзі де істей алатынды тездетіп істеп бере сап жаман үйретсе, не бала жасай алмайтын істі жасасын деп күттіріп қойса – баланың бойында өзінен ұялу қалыптасады. Баланы тым қатты мәпелеп жіберсе, соның кесірінен ата-анасы баланың шын қалауына тас керең қалады. Бала айналасын бақылауда ұстай алатындығына күмәнмен өседі. Өзін ортада ұстай алатындығына күдігі көп болады.

Есейгенде мұндай адамдар сенімді өмір сүрудің орнына өзгелер мені бақылап отыр, күдікпен қарайды деген ойдан арыла алмай жүреді. Мұндай адамдарда мені біреу аңдып жүр деген паранойя дамуы ықтимал.

3-6 жастағы бала үшін әр ісін мақұлдау маңызды. Өз бастамасына мақұлдау күтеді. Әлемді тануға, шығармашылықпен айналысуға ризашылықты күтеді. Бұл жаста өз еркімен ештеңе істеткізбесе, қалағанын істегені үшін жазаласа, баланың бойында өзін кінәлау өсіп жетіледі.

Ересек өмірде мұндай балаларға мақсатшылдық, шешімталдық жетіспей жатады. Оларда нақты мақсат қойып, соған жету деген болмайды. Өзін үнемі кінәлі сезіне берген соң пассив болады, импотенция, фригидтілік дамиды. Психопатиялық мінез-құлық жетіледі.

Мектеп жасындағы баланың бойында еңбекқорлық қалыптасады. Бұл жаста баланың қабілетіне күмәнмен қараса, ортасындағы абыройына күдік келтірілсе, бұл баланың білімге деген ынтасын жояды. Баланың бойында өзін толыққанды сезінуі өше бастайды. Ары қарай бұл дүниеде еркін өмір сүруіне, толыққанды өмірге қадам басуына деген сенімін өлтіреді.

Егер мектеп жасындағы бала мектептегі жетістігі, жұмыс істеуі арқылы ғана бағаланса, ересек өмірінде жалпы қоғамдық иерархиялық тізбекте «қара жұмысшыға» айналады. Бастамашылдық мүлде жойылады.

Іштегі есеймей қалған балаға қол ұшын созып, есеюіне көмектес. Ішіңде өмір сүретін бала кезгі суретті тауып алып немесе жай ғана өзіңді бала сезініп, елестет. Оның жасы қаншада? Түрі қандай? Не ойлап отыр? Қасында кім бар? Не мазалайды? Онымен сөйлес.

Бір парақ қағаз, екі түсті қарындаш ал: бірін оң қолға, бірін сол қолға. Оңқай болсаң, оң қолмен ересек өзіңнің қалауыңды, сол қолмен кішкентай кездегі қалауыңды жаз. Солақай болсаң, керісінше жаз.

Диалогта тек сен және іштегі кішкентай өзің. Кім бірінші болып хат жазады? Әңгімені неден бастайсың? Бұл сұрақтардың жауабы әртүрлі болуы мүмкін.

Сол ренжулі күйде қалған баланы тауып алып, онымен сөйлескенде, қарым-қатынас орнатуға болады. Іштегі баламен қалағанша сөйлес. Оған не жетіспейтінін сұра. Қалағанын бер. Оны атымен атап, жақсы тілектер, жылы сөздер айт. Оған өз сүйіспеншілігіңді білдір. Оған кеңес бер.

Сен оған сол шақта өзің мұқтаж болған ата-ана бол.

Автор — психолог Ирина Парфенова

Аударған  Шынар  Әбілда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: