Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тереңөзек тұрғындары неге наразы?

12.02.2021, 16:20 807

2019 жылы Тереңөзек кентінде жалпы кұны 2 млрд 152 млн теңгені құраған газдандыру жұмыстары басталған еді. Жылдар бойы қара отын тасып шаршаған жұрт жылы күннің ауылы алыс емес деп қуанған еді. Алайда арада қаншама уақыт өтсе де, бұл мәселе кент тұрғындары арасында әлі де өзекті. Өткен жылы Сырдария ауданы әкімінің тілшілерге берген мәліметінде тұрғындарды газбен қамтамасыз ету сол жылдың аяғында басталып кету керек еді. Десе де жұмыс өнбей, аудан орталығына газды ағымдағы жылдың ақпан айының басында ғана кіргізді. Кіргізгенімен, халық наразылығы азайған жоқ. «Газ келеді» дегенде қолындағы барын ұстатақан қара халық бірнеше ай өтсе де, әлі суық үйде қамалып отыр. Олардың айтуынша, газ шенді-шекпенділердің ғана үйіне қосылған.

«Газ келсе, жаз келеді» деп қуанған жергілікті тұрғындардың шыдамы таусылған көрінеді. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, «қалталылар» газды бірінші қосып алған көрінеді. Ал «төменгі тап өкілдерінің» жауырынынан жел өтсе де, «көгілдір отынға» әлі қолдары жетпепті. Ал кент әкімі болса, бұл ақпаратты жоққа шығарып, ағаттық тұрғындардың өздерінен кеткенін айтады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

– Кентімізде 2019-2020 жылдар арасында газдандыру жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдың желтоқсанында газдандыру жұмыстары аяқталды. 1 ақпанда газды қабылдау жұмыстары толық бітті. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге газды толықтай орнату үшін барлық жағдайлар жасалған. Атап айтсақ, кентте газ орнатушы мекемелер газды монтаждау және тұрғын үйлерге кіргізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Онымен айналысатын қауіпсіздік ережелерге сай сертификаттары бар 5-6 мекеме кентімізде жұмыс істеп тұр. Тұрғын үйлерге газ кіріп жатыр. 20-30 үйге кіргізіп үлгердік. 160 өтініш келіп түсіп тұр. Газ тарату мекемесі қазір сол өтініштерді қарауда. Тұрғындарға газ еш кедергісіз қосылады, –дейді Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Мейрамханұлы.

Әкім орынбасарының айтуынша, «көгілдір отынды» үйге кіргізу халықтың өз қолында екен. Ол үшін қажетті құжаттарды дайындап, керек-жарағын сайлап отыруы тиіс. Ал газды үйге кіргізудің жалпы құны 400 мың теңгеден асып жығылады. Дегенмен, әкімдік бұл мәселені де шешуге жұмыс істеп жатқанын айтады. Олардың айтуынша, жауапты мекемелерге газ орнатқаны үшін төленетін ақшаны тұрғындар бөліп төлеуге мүмкіндік беруді сұраған екен.

Бүгінге дейін келіп түскен 160 өтініштің ішінде 22 жеке тұрғын үй газға қосылған. Сонымен қатар, 114 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй қазандықтары іске қосылған.

Кентте жалпы саны 2500 үй бар. Алайда бүгінде бар болғаны 200-ден астам үйге ғана монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстармен кентте бірнеше компания айналысатынын ескерсек, бұл – өте аз көрсеткіш. Алайда әкімдік газды үйге кіргізуге тұрғындардың өздері кінәлі дегенді алға тартып отыр. Жоғарыда айтқандай, олар газды үйге кіргізуге дайын емес. Дегенмен, тұрғындармен жеке кездескен БАҚ өкілдерінің айтуынша, жергілікті тұрғындар құжаттарын бірнеше ай бұрын тапсырып қойған. Онымен қоса қажетті құрал-жабдықтарын да алып үлгерген екен. Десе де олардың үйлеріне газ кіргізу жұмыстары әлі де жүргізілмеген. Тіпті әкімдіктен адамдар келіп, мән-жайды түсіндірмеген де көрінеді. Ал көршілес орналасқан көшедегі жағдайы жақсы, тұрмысы жоғары жандарға «көгілдір отынды» әлдеқашан орнатып қойған екен. «Қара халықты билік көрмей отыр» деп ашынады жергілікті халық. Бұған әкімдіктің өз жауабы да дайын екен. Олардың айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында газдың жұмыстары біткенімен, оны қабылдау жұмыстары бүгінге дейін жалғасыпты. Ал газ орнатылған үйлер алғашқылардың бірі болып құжат тапсырған болуы керек дейді. Жауаптылардың сөзіне сенсек, мұндай деректің тіркелуі мүмкін емес.

Одан бөлек қос қабатты ескі үйлерге газ қосуға тыйым салынған. Алайда тұрғындар өзара келісіп, тұрғын үйдің сыртқы бетіне газ қазандықтарын қойса, «көгілдір отынды» пайдалануға болады.

Бұл Сырдария ауданы айналасында шығып жүрген алғашқы дау емес. Бір ғана «көгілдір отын» мәселесі осыған дейін де бірнеше рет көтерілген. Енді міне, газ мәселесі толықтай шешіліп, дайын болғанда ескі жараның беті жыртылып, қоғамды бейжай қалдырмады. Жауаптылар жоғарыда көрсетілген тұрғындардың  мәселесімен жұмыс істейтін боламыз деп уәде етті. Алдағы уақытта тұрғындар еш кедергісіз газ қоса алатын болады дейді олар. Әліптің артын бағайық…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: