Екінші дүниежүзілік соғыста төрт жылға созылған қанды шайқас пен шығыс Европа елдерін неміс фашизмінен, Азиядағы бірқатар елдерді Жапон миллитаристерінен азат еткен Кеңес әскерінің беделі мен қуаты барынша арта түсті. Кеңес үкіметі соғыстан қираған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтірумен қатар өзінің қарулы күштерін заманауи ғылым мен техниканың даму негізінде қайта дамытуға күш салды. КСРО-ның ықпалымен социалистік жүйеге көшкен елдердің қатары көбейіп, жер шарының түкпір-түкпірінде бұрынғы үшінші колония болған елдерде ұлт-азаттық көтерілістері үдеп, өз тәуелсіздігін алу жолында күреске түсіп жатты. Коммунистік идея дүниежүзінде басымдыққа ие бола бастады. Капиталистік дүние де қарап қалмады. Соғыста масқара болып жеңілген фашизм АҚШ-тан қолдау тауып, өздерінің кек алу реваншизм идеясын көкседі. Бұл идеяға АҚШ және Европаның қуатты мемлекеті бірігіп, КСРО-ға қарсы Солтүстік Атлантика деп аталатын (НАТО) соғыс блогын құрды. Оның бас штабы Белгияның астанасы Брюссельде орналасты. Бұл соғыс блогі қазіргі уақытқа дейін өмір сүріп келеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары өкімет басына келген Гитлер елдегі еврей ұлтына жауша тиді. Бұл ұлттың өкілдері ғылым мен техникалық дамуды игерудегі озық ойлы ғалымдар болатын. Олар амалсыздан жан сауғалап, АҚШ-қа кетуге мәжбүр болды. АҚШ үкіметі оларға жағдай жасап, өздерінің мақсатына пайдаланды.
КСРО мен Германия қан төгіп қырылып, соғысып жатқанында АҚШ-тағы бұл ғалымдар «Атом ғасыры» деп аталып кеткен атом бомбасын жасап, АҚШ-тың қуаты мен беделін арттыра түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңестер одағының жеңісімен аяқталған кезде АҚШ өздерінің күшін көрсету мақсатында соғыстан жеңіліс тапқан жапондардың екі бейбіт қаласына атом бомбасын тастады. Дүниежүзінде алғаш рет жаппай қырып жоятын атом қаруы мыңдаған бейбіт жапон халқын құрбан етті. Американың өте құпия жаппай қырып жоятын қару шығарумен айналысып жатқанын тиісті орындардан 1942 жылдың басында естіген И.В.Сталин академиктер А.Иоффе, Н.Курчатовқа сол жылдың соңына дейін атом бомбасын жасауды қолға алуды қатаң тапсырды. 1943 жылы КСРО ғылым академиясындағы №23 зертхана құрылып, оны Н.Курчатов басқарды. Бұл зертханада академиктер Ю.Харитон, Г.Флеров, Я.Зельдович, Н.Кикони басқа да ғалымдар жұмыс істеді. Кейіннен бұл зертхана КСРО Ғылым Академиясының Атом-Энергия институты болып аталды. 1945 жылдың 20 тамызында КСРО Қорғаныс комитетінің шешімімен арнайы комитет құрылып, оны Л.Берия басқарды. Алғашқы кеңестің атом бомбасы 1949 жылдың 29 тамызында таңғы сағат 6-дан 20 минут өткенде тапсырманы орындауға дайын болды. Семей қаласының жанындағы атом полигонында 7:00-де атом бомбасы сынақ алаңында жарылды. Жаппай қырып жоятын қарудың өрісі кеңейіп, оның қуаты күшейтіле түсті. КСРО 1953 жылы АҚШ-тан бұрын сутегі атом бомбасын жасап сынап үлгерді. Өзінің әскери қуатын дүниеге танытты. Енді Кеңес Одағы бұл қаруды өздігінен басқарылатын, ядролық, континентаралық аймақтың кез келген нүктесіне атып жеткізетін ракеталарды пайдалануды жүзеге асыра бастады.
Алғаш рет Кеңестер Одағында Ұлы Отан соғысы кезінде қолданыста болған алысқа атылатын артиллериямен «катюша» құралының негізінде 1958 жылы Ростовтағы Жоғарғы Артиллерия училищесінің зертханасында ракетаның жаңа жүйесі өмірге келе бастады және жетілдіре түсті. Ғалымдар мен әскерилердің ақыл-ойымен ядролық қондырғыларды ракетамен атып жеткізу жүйесі қолданысқа енді. Бұл Кеңестер Одағының қарулы күштерінде стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлері деп аталды. Бұл 1959 жыл болатын. Осы жолдардың авторы осы қаһарлы қарудың бірінші сыныптағы маманы, екінші сыныптағы жүргізуші тасымалдаушысы, техникалық күтім жасаушысы, №1 дайындық сабында болуын қамтамасыз етушісі болған жауынгер еді.
Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің негізін қалаған алғашқы Бас қолбасшы, Кеңестер Одағының маршалы Сергей Семенович Бирюзов болған еді. Бұл батыс пен шығыстың қырғиқабақ қақтығыс кезі болатын. Батыс өзінің «қырғиқабақ», «қауырт соғыс» доктринасын жүзеге асыру жағдайында еді. Осы мақсатта АҚШ Кубаға қарсы соғыс әрекеттерін жасап, «Кариб дағдарысы» туып жатқан болатын. «Бостандық аралына» қиындық туған кезде достық көмек қолын созған Кеңестер Одағы Кубаға әскери, тұрмыстық, моральдық көмек көрсеткені тарихтан белгілі. Әлем АҚШ бастаған агрессиялық үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетудің алдында тұрды. Осы сыналар сәтте Кеңес Одағының айбынды күші стратегиялық мақсаттағы ядролық ракеталары АҚШ-ты тәубесіне келтірген болатын. Осы халықаралық шиеленіс миссиясын оның Кубаға жеткізілген қаруларды және гуманитарлық жабдықтарды «қолдан май тартқандай» жеткізген және басшылық жасаған маршал С.С.Бирюзов болатын. 1962 жылы «Кариб дағдарысы» кезінде стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің Бас қолбасшысы маршал С.С.Бирюзовқа Кубаға шиеленіскен халықаралық жағдайда теңіздер мен мұхиттардан асып, барынша құпиялық пен сақтықты сақтап, Кеңес үкіметі КСРО Қорғаныс министрлігі, оның бас штабы стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің күшімен «Анадырь» операциясын жүзеге асыруды міндеттеді.
1962 жылы 28 мамырда Фидель Костромен келіссөз жүргізу мақсатында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президум мүшесі Ш.Р.Рашидов, СМР әскерінің қолбасшысы С.С.Бирюзов, бас штабтан П.В.Агеев басқа да әскери мамандар Кубаға барды. Кездесу кезінде Кеңес әскерлерінің орналасатын аудандары, жеткізілген әскери, азаматтық жүктерді түсіру, оның қауіпсіздігін сақтау, теңіз порттары мен ракеталардың ұшу алаңдарын нақтылау мәселелерін қараған. 1962 жылдың 10 маусымында Ш.Р.Рашидов, С.С.Бирюзов КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президумында Фидель Костромен жүргізілген келіссөздің қорытындысын баяндаған. 1962 жылдың 23 маусымында Кеңес үкіметі Кубаға жеткізілетін стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерін жөнелтудің, қайта жасақтаудың 40 сағаттық жоспарын бекітіп, оны жүзеге асыруды С.С.Бирюзовқа жүктеген.
Маршал үкіметтің тапсырмасын орындауға Р-12, Р-14 ракеталармен жабдықталған 29 РД-бір, 50 РД-бір, 43 РД-бір полктерді 51-ші ракета дивизиясына қосып, 3 ракеталық полкті жасақтады. Осы құрамадағы осы жолдардың авторы 50-ші дивизияның №78408 әскери бөлімінде қызмет атқарған еді. Дивизия командирі генерал Дадаян болатын. Кеңес әскерлерінің Кубаға жетудегі қиындықтары жайлы мен «Кубада болған Әділбек», «Кеңес жауынгерлерінің Кубадағы зираттары» деген мақалаларда жазған болатынмын. «Анадырь» операциясын жүзеге асыруда Кубаға 7956 әскери қызметкерлер Р-12, 42 ракета, оның 36-сы ядролық қондырғылармен жабдықталған, 6-ауы оқу-жаттығу мақсатында болған, 9,5 мың тонна құрылыс материалдары мен жабдықтар, 1000 тонна азық-түлік, қару-жарақ, киім-кешектерді жеткізген. 1962 жылдың 27 қазанында стратегиялық мақсаттағы ракеталар №1 дайындық сабына келтіріліп, Мәскеуден бұйрықты күтумен болған.
«Кариб дағдарысы» кезінде Фидель Костро бастаған Кубадағы азаттық революцияны Кеңес Одағы қолдап, Кубаға (АҚШ-тың іргесіне) Кеңестің ядролық ракеталарының жеткізілуі Америка Құрама Штатының үрейін ұшырды. Сол сәтте А.И.Микоян Кеңес үкіметі атынан Америкаға барып, АҚШ президенті Джон Кеннедимен дипломатиялық тұрғыда келіссөз жүргізіп, бәрі де бейбіт жолмен шешілген еді. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде марқұм болып кеткен Теміртау қаласындағы қазақ азаматы 1963 жылы Куба қақтығысы кезінде қайтыс болған баласының денесін елге әкелуге Мәскеуге қорғаныс министрлігіне арызданғаны, ең соңында өзінің жәбір көргені жайлы мақала жариялаған болатын. Көздегеніне жете алмай кеткен әкесінің арманын кенже ұлы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 2007 жылы Қазақстандағы Кубаның елшілігі арқылы туған жерінің топырағын Гаванадағы бауырластар бейітіндегі ағасы жатқан жерге салған. Онда кеңес жауынгерлері жерленгені айтылған. Осы мақаланы оқып Кубадан оралған қарулас достарымды еске алып, осы мақаланы жаздым.
Кезінде ортақ Отанымызды көздің қарашығындай қорғаймыз, интернационалдық борышымызға адал боламыз деп Отанымызға берген антымызбен қызмет атқардық. Бұл күндері батыр бабаларының ерліктерін жалғастырған қазақ жігіттері антына адал, елін, жерін сүйген жүректі жауынгерлік өнерді жетік меңгерген, ұлтымыздың адал перзенттері болып қызмет атқаруда. Олар ата-бабаларымыз аңсаған егеменді еліміздің туын сенімді қолдарымен берік ұстауда. Біздер аға буын, қарт жауынгерлер олардың істеріне сенеміз.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
бұрынғы стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің жауынгері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!