Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құмжиектіктердің қайырымдылығы

08.01.2021, 9:40 531

HALYQLINE.KZ

Қайырымдылық жасау – дарқан пейілді қазекеңнің қанына сіңген дағды. Мұндай ізгі амалдар әрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Кешегі коронавирус індетінің өршіп тұрған кезінде елдің елдігі, ердің ерлігі, бардың жомарттығы сарапқа салынғанын несіне жасырамыз?! Жалпақ жұрттың тағдыры сынаққа түскен ауыр сәтте ел азаматтары бас бұғып қалмады. Ірі меценаттардан бастап қарапайым тұрғындарға дейін тарыққан жандарға қолұшын созғанын көз көрді.

«Садақаңды сауда бер». Осынау тағылымды ұстанымды өмірлік қағидаға айналдырған жүрегі жомарт жандар ауыл арасында жеткілікті. Өздерінің сауапты істерімен атын шығаруды емес, тарыққан жандарға мүмкіндігінше қолдау жасауды көздеген ондай азаматтардың жанашырлығы кеудеңе қуаныш ұялатады.

Қазалыда қыстың қытымыр аязы күшіне мініп тұр. Осындай сәтте үйдің жылуы басты мәселе екені хақ. Ал үйді жылытатын ағаш отын мен көмірдің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Мұны ескерген Құмжиек ауылының бір топ азаматтары бірлесіп, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Ғани Мұратбаев ауылы мен Әйтеке би кентіндегі кейбір жекелеген тұрғындарға қаптап көмір түсіріп берді. Мұндай жанашырлыққа Нұржаубай Құдабаев ағамыз бен Манат Еңсепбаева ризашылық танытып, лебізін білдірді.

Берілген  көмектің көлемінен имандылыққа жасалған қадам маңызды. Өртке қарсы қанатымен су сепкен қарлығаштың әрекетіндей аталмыш қадам өзгелерге де ой салса, нұр үстіне нұр болар еді. Асыл дінімізде «Садақаны жария жасау да артық болмайды. Бәлкім, өзгелерге үлгі болар» деп айтылуы да бекер болмас.

Осындай ізгі істің басы-қасында жүрген Мұратбек Әлиев, Серік Еркебаев, Сәбит Ықыласовтың есімдерін атап өтсек болады. 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: