Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек адамды бақытқа жетелейді

31.12.2020, 11:00 668

Отан  отбасынан  басталады. Отансүйгіштік отбасынан қалыптасады. Отбасы – шағын мемлеке­т. Әр адам отбасы мүшелері болса, мемлеке­т отбасылардан тұрады. Әрбір отбасының әлеуметтік, материалдық, рухани жағ­дайына, жалпы тұрмыс тіршілігінің деңгейіне орай өлшемді баға беріледі. Математикалық тұжырым бойынша мемлекет те соған лайықты бағасын алады. Қазіргі айтылып жүрген дамыған отыз елдің, елу елдің қатарына қосыламыз деп жүрген ұран мақсаты сол негізде айтылған болар. Бірақ, әрбір ұлттың өз менталитеті, өз ерекшелігі, мүмкіндігі әрқалай болғандықтан, еліктеуден, жалпыламалықтан дербестікке, нақтыл­ыққа көшкен маңызды тәрізді. Қолданысқа еніп жатқан цифрландыру жүйесі де оңды шешім қабылдауға ықпал етер. Дерек­көздерден адамның үш тұғыры болатынын байқай­мыз. Олар: 1. Отбасылық тұғыр. 2. Мате­ри­алдық тұғыр. 3. Рухани тұғыр. Жаратылыс­тануда адамда үш қажеттілік бар делінетін. Биологи­ялық, материалдық, рухани қажет­тіліктер. Биологиялық қажеттілік отбасылық тұғырмен алмасқан. Өйткені бала 18 жасқа дейін отбасында, ата-ана қамқорлығында болады.­

Адамның адам болып қалыптасуында, бүкіл өмірінде, тұрмыс тіршілігінде осы үш тұғырдың әрқайсысының маңызы, алар орны орасан. Ата Заңымызда еліміздің басты капиталы – адам. Бүкіл тіршілік негізі адам үшін жасалады. Олардың­ оқып, білім алуына, еңбек етуіне, бақытт­ы ғұмыр кешуіне, қауіпсіздігіне кең мүмкіндіктер қарастырылған. Теледидар жаңалықта­рынан өндірістік өнеркәсіп орын­дарының  ашылуы, жұмыс орындары мен жалпы­ ішкі өнімнің өсуі мен қол жеткен табыс­тар­ көлемінің арту қарқыны ұдайы айтылады. Жұмыс орны, еңбек өтілі бар, нәтижелі жұмыс атқарған әртүрлі кәсіп иелері марапатталады. Дұрыс та шығар. Бірақ осы аталған оңды іс-шарала­р еліміздегі 18 млн халықтың талап-тілегі­мен үйлесім таба ма? Барша мақсат-мүдде осынша халықтың әл-ауқат қоры мен әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайын көтерумен үндесе ме? Мемлекет стратегиясы да осылай болу керек шығар деп ойлаймын.

Егер біздің басты байлығымыз Адам болатын­ болса, адамға, отбасына, үш тұғырына байланысты аса қажетті мәліметтерді ауыл, аудан, облыс, аймақ, республика бойынша даму қарқынын анықтап, жыл сайын жаңартып отырса, үлкен жұмыс болар еді. Адам өмірінде мал, егін шаруашылығы маңызды орынға ие. Кешегі Кеңес дәуірінде әрбір шаруашылықта 60-70 мың (100 мыңға  дейін)  қой болды.  Ата-бабамыз  төрт  түлік малдың қасиетіне сай ойларын­  білдірген. Түлік төресі түйе – салтанат, жылқы – мақтан, қой – қазына, сиыр – қанағат дей отырып, әрқайсысының еті, сүті, жүні, терісінің пайдасын зерделеп, лайықты тұжырымдарын жасап кеткен. Қойдың жүні­нен, терісінен, етінен киімің де, төсенішің де, баспанаң да, тамағың да жасалатынын бастан өткердік. Әр түліктің өзіне тән ерекше пайдалы қасиеті бар. Біз осы атакәсібімізге толыққанды бетбұрыс жасай алмай отырмыз. Адам бақытты өмірге тек ғана үздіксіз еңбек арқылы жетеді. Мал өрісі шүйгін, от болса, қоңды, күйлі әрі төлді болады деген қағиданы негізге алады. Күй қоңы төмендерін бөлектеп бағады. Малдың ішінде де жемқор, тойымсызы болады. Әрине, мал үшін бұл тиімді. Бірақ осы «жемқо­р» сөзін адам арасында пайдалану мені ойландырады. Біздің ақыл-ойымыз бен санамыз  бар  емес пе? Не  болмаса, одан  айырмамыз­ жоқ па? Айтылған сөз – атылған оқ. Ол дұрыс па, бұрыс па, шын ба, өтірік пе, әзіл ме, басқа ма, қайтып алынбайды. Сондықтан  әрбір  айтылар­  сөз  безбенге салынып, ойланып, тол­ғанып айту қажеттігін  бабалар  өсиеттеп  кеткен.

Адам үшін талаптар өте көп. Адам болу – қиынның  қиыны. Кемшіліксіз, мінсіз, қате­лік­сіз адам болған емес, болмайды да. Қай заманда да өз ерекшелігімен айқындалатын да, ай­шық­талатын да – сол адам. Алла әркімді әрқалай жаратады. Ұлы адамдар да Адам туралы өз ой-пікірлерін, тұжырымдарын жасаған. Сол адамның бітім болмысы отбасынан қаланып, бастау алып, ортасына орай, өмір  ағымына бейім­деледі. Адамгершілік пен имандылық қағидаларын бойына сіңіріп өсуін тілейміз. Алла «Пенделеріме несібені бірдей етіп шашамын. Бірақ әркім өз несібесін әрқалай теріп жейді», – дейді. Байлықтың үлкені қанағат деп, жүзі  нұрланып, ар-ұятты жоғары ұстайтын адам, әрине, өлшемді дүниеден артық кетпейді. Барға­ разы болады. Мұндай қасиеттердің барлығы атаның қанынан бастау алып, ананың сүтімен, қадір-қасиетімен сіңірілетін дүниелер. Отбасылық тұғыр осынысымен құнды.

Ал  материалдық және рухани тұғыр адамның жан-жақты жетілуіне, өсіп-өнуіне, адами құндылықтарды қалыптастыру үшін ауадай қажетті дүниелер. Адам әрқалай жаратылғандықтан отбасылар да әртүрлі қалыптасады. Олардың қалыптасуына, әлеуметтік тұрмыстық тіршілігіне, материалдық жағдайына, рухани деңгейіне орай бай-қуатты, жоғары, орташа, төмен, жетім-жесір, жалғызбасты, т.б. тұжырымдар айтылар. Қоғам адамнан тұратын­дықтан, қоғам дамуы адамның әлеуметтік жағдай­ының жақсаруына тәуелді. Мемлекеттің дамуы да осы заңдылықта өрбиді. Мемлекет – халық. Мемлекеттің мақсат-мүддесі, бүкіл іс-әрекет жүйесі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдайын, рухани деңгейін артты­ру бағытынан бастау алады. Бай – байға, сай – сайға, шұғанаққа дым да жоқ сөзі есте шығар.­ Ешкім назардан тыс қалмағаны мақұл. Мәселен, бір елді мекенде 3-5 мың халық бар делік. Еңбекке жарамды адамдар жұмыс орнымен толық қамтылған ба? Елдің қанша гектар егістік, қанша гектар жайылымдық жері бар? Тұрғылықты халықтың жер үлесін «Абзал и К» компаниясы сияқты жалға алған ба? Халықтың мұң-мұқтажы, жоқ-жітігі өтеле ме? Жергілікті әкім халық пен кәсіпкерлік және түрлі шаруашылық иелерімен үйлесімді іс-әрекет жасауға қауқарлы ма? Мұның бәрін тізбектей айтудағы мақсат халықтың әл-ауқатын көтерудегі амалдардың нақтылығы мен жүйелілігі ғой. Елімізде­ ауыл жағдайын жақсартуға бөлінген миллиард­тар толассыз, жылма-жыл қайталанады.

Өкінішке қарай, «Сен де кеттің ауылдан, Мен де кеттім ауылдан, Ұят болды-ау қауымнан» дегендей, қалаға шоғырлану, көшіп келу белең алды. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізден жылына 40-45 мың еңбекке жарам­ды жастар шетелге қоныс аударады. Соншам­а адам шетелге жұмыс істеуге барып, отбасын асырап, өз нәпақасын табады. Жылына­ бір қала халқы шетел асса, мұндай үрдіс жалғаса берсе, келешегіміз не болады? Оның үстіне энергетика министрінің бұрын­ғысы да, қазіргісі де «бізде жанар-жағармай арзан­, Ресеймен теңестіру керек» дейді. Осылар математиканы қалай оқыды екен деп, кейде таңғал­асың. Ресейден, Европадан, т.б. жер­лер­ден елімізге күніне жүздеген, мыңдаған ауыр жүк көліктері келеді. Олардың жанармай құятын бактері жарты не бір тоннаға дейін. Есептей  беріңіз. Бір рублі алты теңге шамасында болатын Ресеймен емес, бір евросы бес жүз теңгеден астам Европамен жанармай бағасын теңестіру ойға келер. Мұның зардабы шексіз екенін түсінуге қаншалықты ақыл-ой керек. Баста жол салынғанда кіріс-шығыс есепке алынбай ма? Біздің алыпсатар саудагерлер Европағ­а барып, теңгемен сауда жасамайды. Алған тауарын 10-20 есе үстемелеп сатып, бір жағынан өз жағдайын жақсартса, екінші жағынан­  халықтан  түскен қаржыны  тауар алуға жұмсап, негізінен сол елдің экономикасын көтеруге  үлес қосады. Бұл, әрине, мүмкін­дігі бар халықтың  аздаған бөлігі. Бірде блокнот қажеттілігімен ескі базардағы кеңсе тауарлары дүкенін­е  бардым. Карантин кезеңі. Шекараның жабық  болуына байланысты зат келмей жатыр дейді дүкенші. Оның әңгімесінен байқағаным, кеңсе тауарларының тіпті жүз пайызға жуығы Қытайдан келетін көрінеді. Ресейден ше? Бірлі-жарым әлемнің елу елін қозғамайық, Азияның барысы  атансақ та үлкен жетістік болар еді деген­  ой келді.

Жоғарыда «Абзал и К» компаниясының атын  атадық. Кәсібіне  маманданған. Тәжірибе­сі  мол. Жетістіктеріне сай марапатталудан кенде­  емес. Қалдықсыз өнім шығаратын бір­ден-бір мекеме. Ауылды абаттандыруы, алаңдар мен саябақтарды  ажарландырудағы тәжі­рибесі  ұдайы насихатталады. Сол компания сол ауылдағы халықтың пайға берілген жер үлесін  толық иемденген. Мұның сұрауы жоқ па? Компания  халықпен қалай есеп айыры­сады? Оларға­ өтемақы не көмек түрлері қалай жүзеге асырылады? Өйткені Қызылорда облы­сы­ бойынш­а ең қымбат бағалы күріш – осы «Абзал­ и К» компаниясы өнімі. Ең қымбат жем де, шөп те осыған тиесілі. Тек ғана жем-шөптен жүздеген миллион теңге қоржынға түседі. Жем де, күріштің қалдығы да, бұрынғы өртелетін кебек­ те, қоқысына дейін шарықтап тұр. Жем тасушы жүргізушілердің пікірінше, жем көбіне сыртқа кететін тәрізді. Одан кондитер өнімдері, спирт дайындалады деген болжам бар. Күзгі мезгіл кезінд­е жеммен кәсіп жасайтындардың көп­шілігі солармен байланыстағы алыпсатарлар  екен. Әрбір қай жем үшін 300-500 теңге аралығында үстеме қосады екен. Салық жүйесі мұндай көлеңкелі  әрекеттерден  қаншалықты хабардар? Жоңышқа пресінің бір данасының стандартты өлшемнен қанша кило төмен болса,­ жыл көлемін­дегі дайындалатын пресс санына­  есептеп, екі-үш есе айыппұл салу керек.­ Жемнің бір қабы өлшемді салмақтан неше кило төмен болса,­ жыл көлемінде дайындалатын жемге шағып­, екі-үш есе айыппұл белгілесе, халық  та, салық  та  ұтылмайды. Жемқорлық осы жем-шөп төңірегінде ме деп қаласың. Мұндай мәлі­меттерді келтірудегі мақсат – біреуді қаралау­, мінеу емес. Мәдениетті, өзі аш болса да, біреуден бірдеңе сұрауды ар санайтын қарапай­ым жаратылысы бөлек жандар сырт қалмасын, қиналмасын  дегендік  ғой.

Пайғамбарымыздан бір кісі жұмаққа барудың­ жолын  сұраған  екен. Пайғамбар: «Малға­ қайырымдылық жаса, өйткені тілі жоқ. Азапталған жанды құтқар, өйткені оның құны жоқ. Жетім-жесір, ғаріп-міскінге қол ұшын соз, өйткені оның дымы жоқ» деген екен. Тек ғана егіспен айналысатын шаруашылықтар мал шаруаш­ылығымен қоса айналысып не сол елді мекенде тұратын, сонда тіркелген шаруа қожа­лық­тарының есебін алып, қол ұшын созса, ұтылмас еді. Өйткені мал өрісі, жайылымдық жер кемшін. Айнала күріштік, қоршалған. Азын-аулақ малмен күн көріп отырған отбасыларына тілектес болып, бір адамның организмі іспетті қан ағзасындай болғанын қалар едім. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз бар. Оның мәнісі: өз өмірінде ер адам еркекке тиісті, әйел адам әйелге тиісті іс-әрекеттердің барлық амалын біліп, солардың ең оңтайлысын таңдай алатын дәрежеге тоқтаусыз еңбек арқы­лы­ жетеді. Екіншіден, қайырымдылық – барша­ адамның бойынан табылуға тиісті ерекше қасиет­. Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Жылы жүзбен амандасып, дұрыс жол көрсету де – үлкен қайырымдылық. Бұл – акция­мен, маусымдық іс-шарамен, айтумен емес, үздіксіз қажеттілікке сай болатын құбылыс. Пенде болғасын адам басында қуаныш та, қайғы да, материалдық қажеттілік те болады. Елде сондай жандарға дер кезінде қол ұшын созаты­ндай ортақ қайырымдылық қорлары ұйымдастырылса, кәнеки. Үшінші – өлікке құрмет. Өмір бар жерде өлім бар. Өлім айтып келмейді. Әркімнің жағдайы әрқалай. Аяқ астына­н келген өлім – ортасы үшін сын. Қолыңнан келсе, көмектес. Өлік ортақ. Қай­ғысын бөліс. Азаматтық таныт. Елдің елдігін, бірлігін көрсет. Өмір ағымына сай әрекет жаса. Төртінші – намазға жығылу. Аллаға құлшылық жасау. Адам өз әрекетінің дұрыс-бұрысын сұрыптап, күнәсі үшін Алладан кешірім сұрайды. Тілек тілейді. Әрине, бұл жүрек тазалығына байланысты. Жүрек таза болса, пейіл де, ниет те, көңіл де бәрі таза болады. Жүрек тазалығын берсін, ағайын! Жүрегі елім деп елжірейтін, туған­ жерім деп шырылдайтын халық үшін туған­ жомарт жандарды, қандас бауырларды көкірегінен  кері  итермей, елге тартайық. Әлемге­  ұяттан, намыстан  масқара  болмайық. Қазақ деген­  отбасының шырқы  бұзылмасын.

Ағылшын ғалымы ұлттың тілін құрту үшін екінші тілді қосарласаң жеткілікті деген екен. Ал біздің кей ғалымдар адамның үш тұғырын үштұғырлы тілге балап, балабақшадан үш тілге үйретуді насихаттауда. Әлемдегі дамыған ел Жапонияның бала 12-13 жасқа келмей басқа тілді оқытпауынан не зиян тауып отыр. Тілімізді құрту арқылы  ұлтымыздан, елімізден  мәңгілік­ке айырылып қалмайық.

Несіпбай   КЕНТБАЕВ,

зейнеткер,

Қызылорда  қаласы 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: