Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария ауданында жаңа мешіт ашылды

18.11.2020, 16:00 1484

HALYQLINE.KZ

Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылында жаңа мешіт ашылды. Карантиндік талаптар сақталған мешіттің ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Сырдария ауданы әкімі Талғат Дүйсебаев қатысты. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы хабарлады.

Ауданға арнайы сапармен келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңадан бой көтерген Алланың жердегі үйі адамдардың рухани кемелденуіне жол ашатын ғибадат ордасы екенін айтты.

– Мұсылман адамға көптеген міндеттер жүктелген. Оның ішінде, Аллаға құлшылық ету, ата-анаға жақсылық жасау, мұқтаж жандарға көмектесу, балаларға дұрыс тәрбие беру және тағы басқалары бар. Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсетіп, оларға сөз қайтармау керектігі айтылады. Яғни, ата-ананы ардақтау – бәрімізге парыз. Осындай имандылықты, діни құндылықтарды дәріптейтін мешіт салу арқылы адамдар үлкен сауапқа кенеледі. Бүгін, міне, Шаған ауылында жаңа мешіттің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл жер жастарды тәрбиелейтін, ата-дәстүрімізді насихаттайтын орын болатыны анық. Сондықтан осы игілікті іске атсалысқан барша демеушілерге, ауыл халқына алғысымды жеткіземін, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Мешіттің салтанатты ашылуында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев құттықтау сөз сөйлеп, имандылық ордасы ел бірлігін сақтаудың ұйытқысы екенін жеткізді.

– Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі дініміз өркендеу жолына түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Түбіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» деген сөзі нақылға айналды. «Дін – қоғамның тәрбиесі және айнасы» деген қанатты сөз бар. Осы даналықты ұстана отырып, біз ұрпағымыздың діни санасын қалыптастыруға қоғам болып жұмыс жасауымыз қажет. Дініне берік, білімді қауымға сыртқы күштердің ықпалы жүрмейтіні анық. Бұл ретте, имандылық ордасы саналатын мешіттердің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізеді. Осы орайда, «Шаған» мешіті ғимаратының іргетасы мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің демеушілігімен және ұйымдастыруымен 2017 жылы қаланды.

Мұндай сауапты іске ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер мен жастар жұмылып, елді мекенде сәулетті жаңа мешіт бой көтерді. Игі жұмыстар елдегі бірліктің арқасында жүзеге асып отыр. Демек, бұл аудандағы үлкен ауылда өскелең ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуде жанашыр жандардың көптігін білдіреді. Қай кезде де мешіт салу – ең үлкен сауап саналады. Осындай жақсы іске атсалысқан ауыл халқына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Сөз кезегінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұхқарнай Тасбергенов пен ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі, демеуші Бердіқұл Қадыров жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты.

Құрметті меймандар лента қиғаннан кейін жаңа мешіттің ішін аралап көрді. Имандылық ордасында Құран оқылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: