Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың назарына
Көрнекі сурет
«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, бұрын «көрмес түйені де көрмес» дегендей анау-мынау кемшілікке көз тоқтатып, көңіл аудара бермейтін едім. Бұл жолы қолыма қалам алуыма басты себеп, ағымдағы жылғы 1 шілде күні тал түсте Арал қаласына қатты нөсер жауып, соның салдарынан М.Өтемісұлы көшесі №19 үй, сонымен бірге сол қатардағы бірнеше үй көшеден аққан суға кетті. Көзді ашып-жұмғанша болған бұл апаттан жоғарыдағы менің үйім қатты зардап шекті. Төсек-орын, үй жабдықтары бүлінгенін айтып қайтейін. Бәрінен бұрын адам аман, қалғаны біртіндеп қалпына келер-ау.
Айтайын дегенім, бұл оқиға аталмыш көшеде елу-алпыс жылдан бері қайталанып келе жатыр. Көктемгі, күзгі жауын, қысқы жиналған қар суы жан-жағындағы биіктеу жерде орналасқан 4-5 көшеден құйылып, онсыз да аласа жердегі аталмыш көшені ойран-топан қылатын. Бұл жолы да сөйтті.
«Мүйіз сұрап жүріп сақалынан айырылатынның» кері дәл осы көшенің басына түсіп тұр. Биыл асфальт жол төсеуді ұйғарған Арал қаласы әкімдігі бюджеттен бөлінген тиесілі қаржыны тезірек игеруді мақсат тұтса керек. Бірақ олар ағаштың екі басы болатынын естерінен шығарып алған сияқты. Себебі, асфальт жол саламын деп жүргенде көшедегі тұрғын үйлердің табиғи апатқа ұшырайтынын, суға кететінін ұмытып кеткен тәрізді. Бұл ретте Арал қаласы әкімшілігі басшыларының көше тұрғындарымен ойласпағаны көзге көрініп тұр. Егер тұрғындар тілегін ескергенде аққан судың алдын алмас па едік. Сірә, олар «кеңесіп пішкен тон келте болмасын» естен шығарған-ау. Жол жиегіне су жүретін лоток салғанда, мұндай әбігер тағы қайталанбас еді.
Қоғам байлығы – адам. Асфальт жол саларда автокөлік үшін ғана емес ең әуелі адамдардың қолайлы, қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етулері керек еді Арал қаласындағы атқамінерлердің. Бірақ бұл міндет олардың бастарын ауыртпайтыны енді ғана білініп отыр.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, осы оқиғаны маған хабарлаған сәтте мен дереу «101» нөміріне телефон шалдым. Ар жақтан телефон көтерген дауыс «Сырдария аудандық төтенше жағдайлар комитеті» деп жауап берді. Атын «Дамир» деп таныстырды мен сұрағанда. Оған болған жағдайды баяндап, енді қайда хабарласу керектігін сұрадым. Ол «ешқандай алаңдамаңыз, облыстық комитет кезекшісіне хабарласамын, олар Аралдағы салалық комитетке шығады» деді. Мен осы бір адаммен адамша сөйлескен азаматқа іштей риза болып қалдым. Ал, сол сәтте күйзеліске түсіп, қайта-қайта телефон шалған маған Арал қаласы әкімінің орынбасары, не коммуналдық қызмет орындарының телефоны ләм-мим деген жоқ. Сөндірулі тұрды. Апыр-ай, көшеде осындай төтенше жағдай болып жатқанда бұлардың бейқамдығы қалай деп ойлауға мәжбүр болдым.
Біраз уақыт өткен соң суға кеткен үйдегі мүлкін сыртқа тасымалдап жүрген балам қақпаның алдына қала әкімінің келіп тұрғанын хабарлады. Кейін білдім, қала әкімінің келуінен кетуі тез болыпты. Оның ізін баса бір автокөлік су тартқан автокөлігі де іле-шала көрген түстей ғайып болыпты.
Иә, Арал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы көшенің тұрғындары осылайша табиғи су апатының тақсіретін тартудай-ақ тартып келеді. Мектеп оқушылары мен көше тұрғындарының жайылған судан әрі, не бері өте алмай тұрғанын көргендер бұл көшені «Аралдағы Венеция» деп келемеж ететін көрінеді. Солар «апыр-ай, Арал қаласының атқамінерлері осыған қайық салса қайтер екен?» десе, не дер екен?
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!