Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақша еккен жайқалтып…

17.08.2020, 8:50 1118

HALYQLINE.KZ

Теңіз төскейінде Ақбай аталатын ауыл бар. Сырт көзге ауыл келбеті ерекше көрінеді. Дәл іргедегі шаншыла төніп тұрған биік төбе елді мекенге өзгеше сұс, адуынды айбат беріп тұрғандай. Бұлай деуімізге себеп те жеткілікті. Ауыл арасында «тау» аталып кеткен осынау төбенің ұшар басында атақты Арыстан бабаның мәңгілік мекені болғандықтан (аңызға жүгінсек, әулие бабаның мазары жеті жерде орналасқан деседі), жұртшылық осынау топырақты киелі санайды. Оған қоса әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз хиуалық атақты палуан Аймұхамед батырды осы маңайда жекпе-жекке шығып, мерт қылған деген ескіден жеткен есті әңгіме ел ішіне жақсы мәлім.

Осындай тарихы тереңнен сыр шертетін қоныстың тұрғындары бауырмалдығына қоса өте еңбекқор келеді. Ауылда төрт түлік асырап, бау-бақша егіп, кәсіп жасап, адал еңбегімен нәпақасын ажыратып отырған жандар аз емес. Ауылдың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасуы да тұрғындарға өте қолайлы болып тұр. Әсіресе, бақша өнімдері піскеннен бері пайдасы бөтен емес. «Қарбыз-қауын – жаздай сауын» дегенді есітуіңіз бар шығар?! Ақбайға жолыңыз түссе, осы қанатты сөздің мағынасына терең қанығасыз. Дәмі тіліңді үйірген бақша дақылдарына сұраныс баршылық тәрізді.

Ағымдағы жылы аудан көлемінде 208,5 гектар жерге егіс егілді. Оның ішінде Ақирек ауылдық округі (Ақбай ауылы) бойынша 74,5 гектар жерге бақша (қауын, қарбыз) дақылдары егілді. Нақтылап айтсақ, 55,3 гектарға қауын, 19,2 гектар жерге қарбыз өсіріліпті. Осы ретте жыл жаңалығына тоқтала кетсек. Биыл жаңа технологияда Ақирек ауылдық округінде «Арал Отын» ЖШС базасында (подпленка) әдісімен 8 гектар жерге қауын-қарбыз дақылдары егілген болатын. Нәтижесінде бақша дақылдары жылдағыдан ертерек пісіп, өнімдер алынуда. Қазіргі кезде Арал қаласы мен ауылдық округтерге сатылымға шығарылуда.

Сонымен қатар, Ақирек ауылдық округіндегі «Ақпан», «Жанарыс», «Құрдастар» және «Нұр-Дана» шаруа қожалықтары жыл сайын аудан тұрғындарын өздерінің бақша өнімдерімен қамтамасыз етуде. Ал «Асхат», «Мұра» шаруа қожалықтары өз өнімдерін көршілес Ақтөбе облысына апарып жүр. Бүгінгі күнге дейін аталмыш шаруа қожалықтары 10 тоннаға жуық қауын-қарбыз өнімдерін өткізіпті. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген осы болар.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: