Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мегаваттан арғы мәселе: жасыл энергияның игілігі кімге?

13.11.2026, 16:15 116

Шиеліде 4 млрд теңгеге күн электр станциясы іске қосылды. Жаңа нысан өңірдің жасыл энергетикаға көшуіне үлес қоспақ. Алайда аудан тұрғындары инвестицияның әлеуметтік нәтижесі, жұмыс орындары мен халықтың шешім қабылдауға қатысуы жөнінде сұрақ қойып отыр. Энергетикалық ауысудың әділетті болуы нені талап етеді? Тақырыпты сарапшылар пікірімен таразылап, тұрғындар ойымен жан-жақты қарап көрдік. 

Жаңа станция, ескі сұрақтар

Қызылорда облысының Шиелі ауданында 2026 жылғы 30 қыркүйекте қуаты 20 мегаватт болатын күн электр станциясы іске қосылды. VIGOR Holding компаниясы жүзеге асырған жобаның құны 4 млрд теңге. 30 гектар жерге 36 мың күн панелі орнатылған. Жаңа нысанның жылына шамамен 31 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді.

Әрине, аудан үшін мұндай көлемдегі инвестицияның маңызы зор. Жаңа технология енгізіліп, өндірістік әлеует артады. Қазақстанның көміртегі шығарындыларын қысқарту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін көбейту жөніндегі міндеттемелері тұрғысынан да күн станцияларының көбеюі пайдалы. Дегенмен, энергетикадағы жетістікті станцияның қуатымен немесе оған жұмсалған қаржымен ғана бағалау жеткіліксіз. Жобаның нақты қанша электр өндіргені, жергілікті экономикаға қандай үлес қосқаны, қанша тұрақты жұмыс орнын ашқаны және аудан тұрғындарының мүддесі қаншалықты ескерілгені де маңызды көрсеткіштерге айналуы тиіс.

Шиелі тұрғындарының бұл мәселеге көзқарасы әртүрлі. Бірі жаңа өндірісті қолдаса, енді бірі оның қарапайым халыққа тікелей пайдасы әзірге түсініксіз екенін айтады.

Аудан тұрғыны, зейнеткер Гүлбейне Қасымханова инвесторлардың әлеуметтік жауапкершілігі мен ашықтығы жөнінде мәселе көтерді.

– Шыны керек, бұл күн электр станциясының қарапайым аудан тұрғындарына нақты қандай пайдасы бар екенін түсіне алмай-ақ қойдым. Біздің өңірде уран өндіретін үлкен зауыттар да бар ғой. Олардың да өздері пайда тапқаны мен аудан бюджетіне төлейтін салығынан басқа, қарапайым халыққа тікелей тигізіп жатқан пайдасын көріп отырған жоқпыз. Бәрі жабық, халыққа беймәлім. Осы күн станциясы да дәл солай жеке инвесторлардың өз бизнес жобасы сияқты. Сондықтан бұдан аудан жұртшылығының әлеуметтік жағдайы бірден жақсарып, электр арзандап кетеді дегенге сене бермеймін, – дейді Гүлбейне Қасымханова.

Зейнеткердің пікірі Шиелі тұрғындарының барлығы осылай ойлайды дегенді білдірмейді. Алайда оның көтерген мәселесі орынды. Ірі энергетикалық инвестицияның қоғамдық пайдасын қарапайым тұрғын қандай көрсеткіш арқылы бағалай алады?

Мұнда электр бағасына қатысты бір жайтты ескеру қажет. Күн станциясының іске қосылуы аудан тұрғындарының электр тарифі автоматты түрде арзандайды деген сөз емес. Электр энергиясының түпкілікті бағасы оны өндірумен қатар жеткізу, тарату, нарықтық және тарифтік реттеу тетіктеріне байланысты. Сондықтан жаңа станцияның әлеуметтік нәтижесін тек электр ақысының өзгерісімен байланыстыру шынайы көріністі толық ашпайды.

 

4 миллиард теңге және бес жұмыс орны

Шиелі ауданы әкімдігінің жариялаған мәліметіне сәйкес, VIGOR Holding компаниясының қуаты 20 мегаватт болатын күн электр станциясына 4 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Жобаға 30 гектар жер бөлініп, 36 мың күн панелі орнатылған. Ал станция іске қосылғаннан кейін бес тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры әрі инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, Қазақстанның Даму Банкі мен инвестор компанияның өкілдері қатысты. Аймақ басшысы бұл жобаны өңірге жеке капитал тарту және заманауи өндірістерді дамыту бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалады.

– Жаңа жобаларды іске асыруға, өнеркәсіпті дамыту үшін жеке капитал тартуға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасап келеді. Осының айқын көрінісі ретінде, бүгін отандық инвестордың қатысуымен жүзеге асқан жоба – «Vigor Holding» компаниясының күн-электр станциясын іске қосу рәсіміне жиналдық. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс жасауға әрдайым дайынбыз! Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды бастама. Өндірістер ашуға, жаңа технологияларды дамытуға салынған инвестицияның міндетті түрде қайтарымы болады, – деді Мұрат Ергешбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жаңа нысанның ашылуы кезінде өңірде жалпы қуаты 151 мегаватт болатын 11 күн электр станциясы жұмыс істеген. Алдағы уақытта жиынтық қуаты 225 мегаваттан асатын тағы жеті станцияны іске қосу жоспарланған. Ауқымды инвестициялық жобалардың көбеюі Қызылорда облысында жаңартылатын энергетиканың біртіндеп дамып келе жатқанын көрсетеді.

Дегенмен облыс басшысы айтқан инвестиция қайтарымының қарапайым тұрғындарға қандай жолмен жететіні де назар аударуға тұрарлық. Әсіресе, миллиардтаған теңге жұмсалған өндірісте тұрақты жұмыс орындарының салыстырмалы түрде аз болуы жергілікті халықтың сұрағын туғызады.

Күн электр станцияларының технологиялық ерекшелігін ескеру қажет. Құрылыс кезінде көптеген жұмысшы тартылғанымен, нысан пайдалануға берілген соң автоматтандырылған жүйелерге қызмет көрсететін мамандар саны азаяды. Оның үстіне, электр жабдықтарын басқару мен техникалық қызмет көрсету арнайы біліктілікті талап етеді.

Шиелі ауданының тұрғыны Серік Қарашаев осы мәселенің жергілікті еңбек нарығына әсеріне алаңдайды.

– Ауданымызда жаңа өндіріс орындарының ашылып жатқаны, әрине, сырт көзге көңіл қуантады. Бірақ мәселенің екінші жағы бар: мұндай ірі жобалар іске қосылғанмен, жергілікті тұрғындар жаппай жұмыспен қамтыла қоймайды. Себебі станцияны басқаруға, техникалық қызмет көрсетуге арнайы жоғары білікті мамандар керек, ал ондай мамандарды көбіне сырттан әкеледі. Жергілікті жастарға тұрақты жұмыс орны ашылмаса, мұны аудан үшін үлкен пайдасы бар жоба деп айта алмаймын, – дейді Серік Қарашаев.

Тұрғынның алаңдаушылығын түсінуге болады. VIGOR Holding компаниясының бас директоры Айтуған Жақсымбай бұған дейін 24KZ телеарнасына берген сұхбатында жалпы қуаты 70 мегаватт болатын күн энергетикасы жобалары туралы мәлімет ұсынған. Оның айтуынша, құрылыс кезеңінде жүзге жуық адамды жұмыспен қамту, ал нысандар толық іске қосылғаннан кейін жиырмаға тарта тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сондай-ақ осы жобалардан мемлекеттік бюджетке жыл сайын шамамен 400 млн теңге түсім түседі деп болжанған.

Энергетикалық ауысудың әлеуметтік тиімділігін арттыру үшін жергілікті жастарды жаңа технологияларға бейімдеу, кәсіби оқыту және өндірістік тәжірибеден өткізу мүмкіндіктері маңызды. Мұндай қадамдар жоғары технологиялық жобаларға жергілікті мамандардың қатысуын арттыра алады. 

 

Климат өзгерген кезде күн энергиясы не береді?

Шиелідегі станцияның маңызын түсіну үшін Қазақстан энергетикасының жалпы жағдайына назар аудару қажет. 

Энергетика министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен 8,621 млрд киловатт-сағат электр өндірілді. Оның жалпы электр өндірісіндегі үлесі 7 пайызға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жаңартылатын энергия нысандарының өндірісі 7,8 млрд киловатт-сағатты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өскен.

Электр энергетикасындағы көмір мен табиғи газға тәуелділікті біртіндеп төмендету климаттың өзгеруін тежеу тұрғысынан маңызды. Көмір жағылған кезде атмосфераға көмірқышқыл газы бөлінеді. Ол парниктік әсерді күшейтіп, Жердің орташа температурасының көтерілуіне ықпал етеді. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) алтыншы бағалау есебінде күн панельдері арқылы электр өндірудің бүкіл өмірлік циклі бойынша шығарындылары қазба отындарына негізделген электр өндірумен салыстырғанда айтарлықтай төмен екені көрсетілген.

Күн энергетикасының да экологиялық ізі бар. Панельдер мен жабдықтарды өндіру, тасымалдау, орнату және кейін қайта өңдеу кезінде ресурстар жұмсалады. Сондықтан оның әсерін бағалағанда толық өмірлік циклді ескеру қажет. Шиелідегі 20 МВт станция үшін жылына шамамен 31 млн киловатт-сағат электр өндіру болжамы жарияланған. Бұл өңірдің электр жүйесіне жаңартылатын энергия жеткізу әлеуетін көрсетеді. Бірақ станцияның іске қосылғалы нақты қанша электр өндіргені және оның есебінен атмосфераға таралмай қалған парниктік газдардың көлемі жөніндегі расталған көрсеткіштер білу қиынға соғып отыр. 

Көміртегі шығарындыларының азаюын сенімді есептеу үшін өндірілген электр көлемімен қатар оның қандай энергия көзін алмастырғанын да анықтау қажет. Жобалық қуатты бірден экологиялық нәтижеге айналдырып көрсету ғылыми тұрғыдан дәл болмайды.

 

Жасыл энергетиканың мүмкіндігі мен кедергілері

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін көбейту мәселесін зерттеген ғалымдардың бірі – Astana IT University профессоры, физика ғылымдарының PhD докторы Нұрхат Жақиев.

Ол 2025 жылы әріптестерімен бірге халықаралық Energy Research & Social Science ғылыми журналында «Green Energy in Grey Areas: The Financial and Policy Challenges of Kazakhstan’s Energy Transition» атты зерттеу жариялаған.

Ғылыми жұмыста Қазақстандағы жасыл энергетиканың дамуына кедергі келтіретін бірнеше жүйелі мәселе анықталған. Олардың қатарында электр желілерінің ескіруі, жергілікті технологиялық өндірістің жеткіліксіз дамуы, нормативтік-құқықтық белгісіздіктер, инфрақұрылымдық шектеулер және халықтың энергия тиімділігі технологияларына қызығушылығының төмендігі аталады.

Зерттеу авторлары жасыл энергетиканы кеңейту үшін тұрақты құқықтық орта, қаржылық қолдау құралдары және мүдделі тараптардың үйлесімді жұмысы қажет деген қорытындыға келген. Нұрхат Жақиев бұл турасында мынадай пікірде. 

Фото: Нұрхат Жақиев

– Қазақстанда күн мен жел электр станцияларын көптеп салудың өзі жасыл энергетикаға толыққанды көшуді қамтамасыз ете алмайды. Бұл саладағы басты кедергілердің қатарында электр желілерінің ескіруі, отандық технологиялық өндірістің жеткіліксіз дамуы, құқықтық реттеудегі белгісіздіктер және инвестициялық шығындардың жоғарылығы бар. Сондықтан жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін электр инфрақұрылымын жаңғыртып, инвесторларға тұрақты әрі түсінікті жағдай жасау, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және ұзақмерзімді энергетикалық саясат қалыптастыру қажет, – дейді ғалым. 

Әрине, бұл ғылыми тұжырымдар Шиелідегі жеке станцияға жасалған бағалау емес. Әйткенмен, олар жаңа күн энергетикасы нысандарының тиімділігі неге тек құрылыс аяқталғаннан кейін анықталатынын түсіндіруге көмектеседі. Жергілікті станция энергия өндіргенімен, оны электр желісіне тұрақты жеткізу, өндіріс көлемінің тәуліктік өзгерісіне бейімделу және экономикалық тиімділігін сақтау үшін өзге де жүйелі шешімдер қажет.

Сонымен қатар жасыл технологиялардың жергілікті өндіріс пен кадр даярлау саласына ықпал ету мүмкіндігі бар. Мұндай мүмкіндіктердің іске асуы арнайы бағдарламалар мен компаниялардың нақты міндеттемелеріне байланысты.

 

Күн батқаннан кейінгі мәселенің шешімі

Күн электр станцияларының басты техникалық ерекшеліктерінің бірі – электр өндірісінің ауа райы мен тәулік уақытына тәуелді болуы. Күндіз мол энергия өндірілуі мүмкін, ал кешке күн сәулесі азайған кезде өндіріс күрт төмендейді.

Осы мәселені шешудің маңызды тәсілдерінің бірі – аккумуляторлық энергия жинақтау жүйелері.

Қазақстанның Даму Банкінің 2026 жылғы 1 қазанда жариялаған ақпаратына сәйкес, VIGOR Holding компаниясының жалпы қуаты 70 МВт болатын күн электр станциялары жобасы бірнеше кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы – қуаты 20 МВт «Шиелі-1» станциясы. Ал келесі кезеңде 20 МВт «Шиелі-2» және 30 МВт «Жаңақорған» станцияларын іске асыру көзделген. Банк мәліметінде электр энергиясын сақтау жүйесін «Шиелі-2» жобасында қолдану жоспарланғаны айтылған.

Бұл технологияның мәнін Qazaq Green жаңартылатын энергетика қауымдастығының атқарушы директоры Тимур Шалабаев өзінің 2025 жылғы «Энергияны сақтау жүйелерін дамыту (BESS): халықаралық тәжірибе» атты авторлық материалында кеңінен түсіндірген. Сарапшының талдауынша, энергия жинақтау жүйелері күн мен жел электр станциялары өндіретін электрдің бір бөлігін сақтап, оны сұраныс жоғарылаған уақытта пайдалануға мүмкіндік береді. Аккумуляторлар электр желісінің тұрақтылығын қолдауға, жүктемені реттеуге және жаңартылатын энергияны жүйеге тиімді біріктіруге көмектеседі. Ол бұл туралы бүй деп пікір білдірді. 

Фото: Тимур Шалабаев

– Күн мен жел электр станцияларының саны артқан сайын өндірілген энергияны тиімді  сақтау және қажет уақытта пайдалану мәселесі өзекті бола түседі. Аккумуляторлық жүйелер күндіз өндірілген артық электр қуатын жинақтап, оны кешкі уақытта, тұтыну көлемі артқанда желіге беруге мүмкіндік жасайды. Мұндай технологиялар электр желісінің тұрақтылығын сақтауға, жүктемені реттеуге және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға көмектеседі. Алайда энергия сақтау жүйелерінің экономикалық тиімділігі әр елдің электр нарығына, тарифтік саясатына және заңнамалық талаптарына байланысты. Сондықтан оларды енгізгенде техникалық мүмкіндіктерімен қатар қаржылық шығындары мен пайдалану ерекшеліктерін де ескеру қажет, – дейді Тимур Шалабаев. 

Шиелі үшін мұндағы сабақ түсінікті: жаңа күн станцияларын көбейтумен қатар, олардың энергиясын сақтау, электр желісіне біріктіру және өндірілген қуатты барынша тиімді пайдалану мәселелері де қарастырылуы тиіс. Ал тұрғындардың әлеуметтік жағдайына мұндай технологиялардың ықпалы бөлек зерттелуі қажет. Электр жүйесінің тұрақтылығы артқаны белгілі бір ауылдағы тариф төмендеді немесе жергілікті халық тікелей экономикалық пайда көрді дегенді автоматты түрде білдірмейді.

 

Халықтың пікірі қаншалықты ескерілді?

Әділетті энергетикалық ауысудың тағы бір маңызды өлшемі – жергілікті қауымдастықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы.

VIGOR Holding компаниясының Шиелі маңындағы 20 МВт станциясы бойынша қоршаған ортаға қатысты жобалық құжаттар бірнеше кезеңде қоғамдық талқылауға шығарылған.

Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкінде 2025 жылғы 15—21 қазанда, 2026 жылғы 30 наурыз – 3 сәуірде және 2026 жылғы 10—16 қыркүйекте өткізілген қоғамдық талқылаулардың тіркеу деректері бар.

Бұл жобаға қатысты қоғамдық талқылау рәсімдерінің құжат жүзінде жүргізілгенін көрсетеді. Алайда жергілікті тұрғындардың қаншасы құжаттарды қарап, нақты ұсыныс енгізгенін, олардың қандай ескертулері ескерілгенін және компанияның сол ұсыныстарға қалай жауап бергенін бөлек бағалау қажет.

Қоғамдық тыңдау жөніндегі хабарландырудың жариялануы жергілікті қоғамның жоба туралы жеткілікті ақпарат алғанына немесе оның шешім қабылдауға кеңінен қатысқанына өздігінен дәлел бола алмайды.

Ауданның жас маманы Жаншуақ Талғатқызы болса, күн энергетикасы жобаларының болашағына үмітпен қарайды.

– Ауданымызда дәстүрлі тары мен күріш өсіруден өзге, осындай заманауи әрі экологиялық таза өндіріс көздерінің ашылып жатқанына өте қуаныштымын! Бұл – Шиелінің тек аграрлық емес, сонымен бірге жасыл технологияларды игерген заманауи ауданға айналып келе жатқанының белгісі. Мұндай инновациялық жобалар аймақтың беделін арттырып, инфрақұрылымның дамуына серпін береді деп сенемін, – дейді Жаншуақ Талғатқызы.

Жас маманның үміті мен өзге тұрғындардың күмәні бір мәселенің екі қырын көрсетеді. Шиелі үшін жаңа технологиялардың келуі маңызды. Бірақ оның аудан экономикасына ұзақ мерзімде қандай нәтиже әкелетінін анықтау үшін инвестицияның көлемінен бөлек, тұрақты жұмыспен қамту, маман даярлау және әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы жөніндегі ашық көрсеткіштер қажет.

 

Орталық Азия Шиеліден қандай сабақ ала алады?

Шиелі тәжірибесі жаңартылатын энергияға көшу үдерісіндегі бірнеше маңызды мәселені көрсетіп отыр.

Алғашқысы – энергетикалық нәтижені нақты өлшеу. Жобалық қуат пен жылдық өндіріс болжамынан бөлек, станцияның іс жүзінде өндірген электр көлемін, желіге берген энергиясын және парниктік газдарды қысқартуға ықпалын жүйелі түрде жариялау қажет. Бұл жасыл энергетиканың нақты нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді.

Екіншісі – жергілікті халыққа арналған мүмкіндіктерді анық көрсету. Күн электр станцияларының автоматтандырылуы тұрақты жұмыс орындарының саны көп болмайтынын білдіруі мүмкін. Дегенмен мамандарды даярлау, жергілікті компаниялардан қызмет сатып алу, жастарға өндірістік тәжірибе ұсыну және әлеуметтік жобаларды қолдау сияқты бағыттарда қосымша мүмкіндіктер бар. Олардың орындалуы арнайы міндеттемелер мен ашық есептілікті талап етеді.

Үшіншісі – қоғаммен тұрақты байланыс. Қоғамдық талқылау белгілі бір рәсіммен шектеліп қалмай, тұрғындардың сұрақтарына жауап беретін, ұсыныстарын қарайтын және жобаның нәтижелерін түсіндіретін тұрақты диалогқа ұласса, энергетикалық өзгерістерге деген сенім нығаюы мүмкін.

Төртіншісі – техникалық шешімдердің кешенділігі. Күн электр станцияларын көбейтумен қатар электр желілерін жаңғырту, энергия жинақтау жүйелерін енгізу және өндірістің өзгермелі сипатына бейімделу маңызды. Бірақ мұндай шешімдердің құны мен шектеулері де ашық бағалануы тиіс.

Жасыл энергетикадағы міндеттер мен жергілікті қоғамға ықтимал пайда.

Шиелідегі 20 МВт станцияның болашағы осы өлшемдер арқылы айқындала түспек. Қазіргі қолда бар мәліметтер нысанның салынғанын, инвестиция тартылғанын және күннен электр өндіруге мүмкіндік жасалғанын дәлелдейді. Ал тұрақты жұмыс орындарының нақты саны, жергілікті қоғамға көрсетілген қолдау мен нақты экологиялық нәтиже жөнінде қосымша ашық есептілік қажет.

«Бес тиын». Жасыл энергетиканың жетістігін тек мегаватпен өлшеу қоғам күтетін сұрақтарға толық жауап бермейді. Шешуші мәселе – өндірілген энергияның климатқа пайдасы дәлелденіп, инвестицияның жергілікті тұрғындарға әсері түсінікті әрі тексеруге болатын көрсеткіштермен бағалануы. Осы талаптар орындалған жағдайда Шиелі тәжірибесі Орталық Азияның өзге өңірлері үшін де пайдалы сабақ бола алады.

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,

Суретті түсірген Бағдат Есжанов.

Central Asia Climate Campaign 2026 Германияның Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігінің (BMZ) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы және n-ost жүзеге асыратын «Communicating Climate in Central Asia» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: