Қызылорда қаласына қарасты Махамбетов ауылында «Petro Retail» ЖШС-нің жаңа қонақүй кешені пайдалануға берілді. Жоба өңірдің жол бойындағы сервистік инфрақұрылымын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Жобаның жалпы құны – 3,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары шілде айында басталып, қазан айында аяқталды. Нәтижесінде 58 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жаңа кешеннің құрамына жолаушылар мен жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақүй қызметімен қатар, «QazaqOil» жанармай құю бекеті, электроқуаттағыш, шағын маркет және кафетерий қызметтері ұсынылады.
Нысан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан. Кешен жолаушылар мен жол үстіндегі жүргізушілерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жобаны қаржыландыру жеке қаражат есебінен жүзеге асырылды.
Айта кетейік, «Petro Retail» компаниясы Үкімет тапсырмасына сәйкес, республика көлемінде 60 қонақүй кешенін салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта өңір бойынша екі жоба толық іске асырылған. Оның бірі Қызылорда қаласында, екіншісі Арал ауданында орналасқан.
Аталған жоба жол бойындағы сервистік қызмет сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне оң ықпал етеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!