Өткенде бір жиынға қатыстым. Төрге бір ағасын оздырып, алғашқы сөзді ұсынды. Асаба жігіт мақтауын асырды. «Ауданның Құрметті азаматы» деді. Бұған іштей келістім. Артынша «мемлекет және қоғам қайраткері» деді. Осы тұсында ойландым.
Сәл басшылық қызмет атқарғанның бәрін «мемлекет қайраткері» дей берсек, бұл ұғымның салмағы жеңілдеп кетпей ме?
Sozdikqor интернет ресурсында «қайраткер» ұғымына: «Қоғамдық қызметтерге белсене атсалысып, үлкен беделге ие болған тұлға» деген анықтама берілген.
Демек, қайраткерліктің өлшемі – лауазым емес. Қоғамға ықпалы. Елге сіңірген еңбегі. Артында қалдырған ізі. Халықшыл бастамалары.
Әлихан Бөкейханұлының ұлттың саяси санасын оятып, қазақ мемлекеттілігі идеясын қалыптастырудағы орны – бір дәуірмен шектелмейді.
Қаныш Сәтбаевтың ғылымды дамытуға, ұлттық ғылыми мектеп қалыптастыруға сіңірген еңбегі де өз заманынан асып, алдағы онжылдықтарға қызмет етті.
Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық мәдени мұраны жаңғыртуға, тарихи жадымызды қалпына келтіруге өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның бастамасымен көптеген мәдени құндылық қайта түгенделіп, ұлттың рухани қазынасына айналды.
Ал бүгінгі заманнан іздесек, мемлекет қайраткері ұғымын Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметінен де көруге болады. Президент ретінде саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік институттарды қайта қалыптастыруға бағытталған реформалар жүргізіп келеді. Оның қайраткерлігінің тарихи бағасы бүгін емес, уақыт өте келе анықталады.
Міне, қайраткерлікті осындай нақты іспен, қоғамдық ықпалмен, ұзақ мерзімді нәтижемен өлшеген жөн.
Өйткені басшы болу – қызмет.
Ал қайраткер болу – қоғамға із қалдыру.
Баршаға «қайраткер» деген атауды үлестіре берсек, бір күні шын қайраткерлердің де қадірін түсіріп алуымыз мүмкін.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
Көрнекі фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!