Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының форматы толығымен өзгереді. Олар кезексіз қызмет көрсететін ашық әрі жайлы цифрлық кеңістікке айналмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Соңғы жылдары ХҚКО-ға баратын азаматтар саны 30%-ға азайған. ЭЦҚ рәсімдеу, көлікті алғаш рет тіркеу, жер учаскесіне акт және жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт беру секілді қызметтер онлайн форматқа көшірілді.
«Офистің жалпы аумағының 70%-ын экспресс-аймақ алады. Онда қызметтерді eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы дербес алуға болады. Сонымен қатар консультант көмек көрсететін сараптамалық және оқыту аймақтары қарастырылған. Алғашқы заманауи офис Жезқазған қаласында ашылды. Кейін цифрлық офистер Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында жұмысын бастады. Небәрі бірнеше айдың ішінде олар 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті», — деді Жаслан Мәдиев.
Жаңа форматтағы орталықтарда азаматтар қызметті терминал арқылы өздігінен ала алады. Қажет болған жағдайда арнайы консультанттар бағыт-бағдар беріп, цифрлық сервистерді пайдалануды үйретеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!