Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білместік кешірмейді: күнделікті әрекетіңіздің соңы қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін

06.08.2026, 7:00 73

«Заңды білмедім» деген уәж ешқашан жауапкершіліктен құтқарған емес. Дегенімен, қоғамда көпшілік әлі күнге дейін қылмыс деп қабылдамайтын, «жай ғана әзіл», «көмектесе салдым», «бәрі солай істейді» деген түсінікпен жасалатын әрекет өте көп. Әлеуметтік желіде біреудің суретін рұқсатсыз жариялау, жалған ақпаратты ойланбастан тарату, банк картасын өзге адамға пайдалануға беру немесе бөтеннің жеке деректерін қолдану – мұның бәрі кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ал одан соң «мен білмедім ғой» деген жай  сөз  сізге  араша  түспейді.

Биыл 1 шілдеден бастап еліміздің бірқатар заңнамасына енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ жауапкершілік тетіктеріне де әсер етті. Заң талаптары күшейген тұста құқықтық сауаттың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені, бүгінгі цифрлық қоғамда құқықбұзушылық тек көшеде емес, смартфонның ар жағында да жасалуы ықтимал.

Осы орайда көпшілік біле бермейтін, бірақ күнделікті өмірде жиі кездесетін әрекеттердің қайсысы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін, заңдағы соңғы өзгерістер нені көздейтінін және мұндай жағдайға тап болмас үшін әр азамат нені білуі қажет екенін саралап көрдік.

Қылмыс дегенде көпшіліктің көз алдына ұрлық, қарақшылық немесе адам денсаулығына қасақана зиян келтіру секілді ауыр құқықбұзушылықтар келеді. Алайда, құқық қорғау органдары күнде­лікті тіркейтін істердің бір бөлігі азаматтардың «ештеңе етпес» деп жасаған әрекеттерінен басталады. Әсіресе цифрлық технология дамыған заманда құқықбұзушылықтың басым бөлігі әлеуметтік желіде, мессенджерлерде немесе интернет кеңістігінде жасалып  жатыр.

Мәселен, біреудің жеке өміріне қатысты фото не бейнежазбаны оның келісімінсіз жариялау немесе өзгелерге тарату «жай ғана бөлісе салдым» деген уәжбен ақталмайды. Егер мұндай әрекет адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірсе, оның соңы қылмыстық жауапкершілікке ұласуы бек мүмкін. Соңғы жылдары жеке деректердің заңсыз таралуына қатысты талаптар да күшейтіліп, мем­лекет азаматтардың дербес мәліметтерін қорғауға басымдық  беріп  келеді.

Тағы бір жиі кездесетін жағдай – әлеуметтік желідегі жалған ақпарат. Көпшілік хабарламаның рас-өтірігін тексерместен оны ондаған адамға жолдап жатады. Алайда, белгілі бір жағдайда жалған мәліметті тарату қоғамдық тәртіпке, азаматтардың құқықтарына немесе мемлекет мүддесіне зиян келтірсе, бұл әрекет заң алдында жауапкершілікке негіз болуы ықтимал. Сондықтан да кез келген ақпаратты ресми дереккөзден нақтыламай тұрып жариялау неме­се  тарату  қауіпті.

Соңғы уақытта жасанды интеллектінің дамуына байланысты дипфейк технологиясын пайдала­нып, өзгенің атынан жалған бейнеролик немесе аудио­жазба жасау да өзекті мәселеге айналды. Мұндай матер­иал адамның ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтірсе немесе алаяқтық мақсатта қолданылса, оның құқықтық салдары өте ауыр болуы мүмкін. Қазақстан да цифрлық ортадағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған заңнаманы  кезең-кезеңімен  күшейтіп  келеді.

Көпшілік мән бере бермейтін тағы бір әрекет – «сақтап бере тұршы» немесе «жеткізіп бере салшы» деген өтінішпен бөтен адамның затын алып жүру. Егер сөз есірткі немесе психотроптық заттар туралы болса, оның иесі кім екеніне қарамастан, мұндай әрекет ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Заң алдында «өзімдікі емес еді» деген түсініктеме әр­дайым  жауапкершіліктен  босатпайды.

Осы мысалдардың өзі құқықтық сауаттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Көп жағдайда адам қылмыстық ниетпен емес, заң тала­бын біл­мегендіктен немесе әрекетінің салдарын баға­ламағандықтан қиын жағдайға тап болады. Сондық­тан күнделікті өмірде жасалатын әрбір әрекеттің құқықтық шегін білу – бүгінгі қоғамның басты қажет­тіліктерінің  бірі.

WhatsApp-та «қалада террорлық қауіп бар», «банктер жабылады», «ауызсуға у қосылыпты» деген хабарлама келеді. Оның рас-өтірігін тексерместен бірнеше топқа жібересіз. Бірнеше сағаттан кейін ақпараттың  жалған  екені  анықталады.

Егер мұндай әрекет қоғамдық тәртіптің бұзылуы­на немесе азаматтар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызса, бұл жай ғана «форвард» емес. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Ашуға булығып, бұрынғы жарыңыздың немесе танысыңыздың жеке өміріне қатысты фото не бейне­жазбасын әлеуметтік желіге жүктедіңіз. Бір­неше сағаттың ішінде жазбаны өшіріп үлгергеніңізбен, оны жүздеген адам көріп қойған. Мұндай жағдайда мәселе ар-намысқа тиюмен ғана шектелмеуі мүмкін. Егер адамның жеке немесе отбасылық құпиясына қатысты мәліметтер оның келісімінсіз таратылса, Қылмыстық кодекстің 147-бабына сәйкес үш жылдан алты жылға дейін, ал ақпарат онлайн-­платформа арқылы жарияланған жағдайда үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарас­тырылған.

Танысыңыз шағын сәлемдемені немесе пакетті уақытша сақтап тұруды өтінеді. Ішінде не барын нақты сұрамадыңыз. Кейін оның құрамынан есірткі немесе  психотроптық  зат  табылды.

Тергеу барысында «өзімдікі емес», «не екенін білмедім» деген түсініктеме әрдайым жауапкершіліктен босата бермейді. Мұндай істерде құқық қорғау орган­дары әр жағдайдың мән-жайын, адамның ниетін, заттың сипатын және басқа дәлелдерді жан-жақты зерттейді. Егер кінә дәлелденсе, есірткіге қатысты қылмыстар бойынша жаза өте қатаң, нақты құрамына қарай бірнеше жылдан бастап ұзақ мерзімге дейін бас бостандығынан  айыруға  дейін  барады.

Құқықтық даудың алдын алу көбіне күрделі заңдарды жаттап алуды емес, күнделікті өмірде қара­пайым сақтық қағидаларын ұстануды талап етеді. Мамандар құқықбұзушылықтардың едәуір бөлігі азаматтардың заңды қасақана бұзғанынан емес, салдарын ойламаған әрекеттерінен туындайтынын айтып келеді. Сондықтан бүгінгі қоғамда әр адам бірнеше  қарапайым  қағиданы  есте  ұстағаны  жөн.

Ең алдымен, әлеуметтік желіде көрген кез келген ақпаратқа сене салмаңыз. Әсіресе төтенше жағдай, қылмыс немесе белгілі бір адам туралы хабарламаларды ресми дереккөзден тексермей тұрып тарату қауіпті. Бір ғана батырманы басып, хабарламаны өзге­ге жіберу арқылы өзіңіз де құқықтық дауға араласып  кетуіңіз  мүмкін.

Екінші маңызды мәселе – өзгенің жеке өміріне құрметпен қарау. Қазір адамдардың суреті мен бейне­жазбасын рұқсатсыз жариялау, чаттағы хат алмасуды көпшілікке шығару немесе жеке мәліметтерді тарату үйреншікті жағдайға айналып барады. Алайда интернетке жарияланған ақпаратты толық­тай өшіру мүмкін емес. Сондықтан эмоцияға еріп жариялаған дүниеңіз кейін өзіңізге қарсы дәлел болып  шығуы  ықтимал.

Үшіншіден, мән-жайын толық білмейтін іске араласпаған дұрыс. «Сақтап бере тұршы», «жеткізіп жібер­ші», «атыңа рәсімдей салшы» деген өтініштердің артында қандай жауапкершілік тұрғанын ешкім алдын ала болжай алмайды. Егер ұсыныстың заңдылығына күмән туса, одан бірден бас тартқан жөн.

Сондай-ақ цифрлық технологияның дамуы әр азаматқа жаңа жауапкершілік жүктеп отыр. Жасанды интеллект көмегімен жасалған сурет немесе бейне болсын, анонимді парақшадағы жазба болсын, бәрі де құқықтық бағалануы мүмкін. «Интернетте жаздым, ешкім таппайды» деген түсінік бүгінде шындыққа  жанаспайды.

Құқықтық мәдениет сот залымен қатар, күнде­лікті өмірден басталады. Заңды құрметтеу үлкен істерден бұрын ұсақ көрінетін әрекеттерге жауапкершілікпен қараудан қалыптасады. Өйткені, кейде бірнеше секундта жасалған қателік адамның айлар бойы тергеу есігін тоздыруына себеп болуы мүмкін. Сондықтан кез келген әрекеттен бұрын «мұның заңдық салдары қандай?» деген бір ғана сұрақты өзіңізге қоюдың  өзі  талай  келеңсіздіктің  алдын  алады.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: